Жаңаруға жалғасқан жаңғыртулар
Еліміздегі «қара алтын» өңдейтін байырғы кәсіпорынның бірегейі – Атырау мұнай өңдеу зауыты. Мұнда жетпіс үш жылдан бері үздіксіз мұнай өңделіп келеді. Жаңа ескіреді, темір тозады десек те, Атырау мұнай өңдеу зауытының мұнай өңдеуді тоқтатпауының сыры неде?
Шындығын айту керек, еліміз тәуелсіздігін алғанға дейін бұл зауытта кешенді жаңғырту жұмыстары қолға алынған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға барған сапарында Атыраудағы мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға инвестиция тартуға келісім жасады. Осының нәтижесінде Жапонияның «Маrubeni Corporation» компаниясының қатысуымен зауытта алғашқы қайта жаңғырту жобасы іске асырылды. Бұдан кейін жаңғырту жобасының екінші кезеңін іске асыру үшін 2009 жылы «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық «SІNOPEC Engіneerіng» компаниясы хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын жүргізуге уағдаласты. Жоба бойынша 2010 жылы құрылысы басталған кешенге құйылған инвестициялық қаржының көлемі 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл Елбасының 2015 жылға дейінгі мерзімде мұнай өңдеу зауыттарын қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған алғашқы жоба болуымен ерекшеленді.
Аталған жобаны іске асыруға алғашында Еуропа елдері мен Жапонияның, Оңтүстік Кореяның және Қытайдың бірнеше компаниясы ниет білдірген еді. Алайда, соңғы сатыда Жапонияның «Маrubeni Corporation» және «JGC» компаниялар тобы мен Қытайдың «SІNOPEC Engіneerіng» компаниясының ұсынысы көңілге қонымдырақ болды. Жапониялық компаниялардың АтМӨЗ-дегі қайта жаңғырту жобасын іске асырумен толымды тәжірибелері бар болғанмен, аталған жобаны 3 миллиард 400 миллион АҚШ долларына бағалаған. Ал, Қытай компаниясының балама бағамы бұдан әлдеқайда төмендеу, яғни, 1 миллиард 99 миллион АҚШ долларын құрады. Төмен баға ұсынған Қытай компаниясымен арада келісімдер жүргізіліп, нәтижесінде тараптар жобаны 1 миллиард 40 миллион АҚШ доллары көлемінде іске асыруға мәміле жасады.
Жобаны іске асыру еліміздегі мұнай-химия өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді. Мұны мамандар жоба туралы әңгіме басталғаннан бері айтып келеді. Нақтылай айтқанда, алдымен, жылына 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаруға қол жеткізеді. Сонымен бірге, осы жоба арқылы АтМӨЗ-де шығарылатын тауарлы бензиндердің сапасын Еуро-4 стандарты деңгейіне жеткізуге жол ашылады. Ал, экологиялық тұрғыдан айтқанда, жанармай түрлеріндегі бензолдың мөлшері 1 пайыздан, хош иісті көмірсутегілер 35 пайыздан аспайды деп түсіндіреді мамандар. Бензин түрлері мен дизель құрамындағы күкірттің мөлшері, қоршаған ортаға зиянды әсер азаяды. Өйткені, Еуро-4 стандартының талабы осындай. Дизель мен авиаотын өндіру көлемі де ұлғайтылмақ. Оның ішінде дизель отынын қосымша сутегі алу есебінен молайтуға мүмкіндік бар екен.
Мотор майларының сапасы мұнай өнімдерінің түр-түрін көбейту есебінен жақсартылмақ. Соның ішінде, Еуро-2 стандартына сәйкестендірілген Регуляр-92, Премиум-95, Супер-98 маркілі бензиндерінде бензол мен күкірттің мөлшерлі көрсеткіштері бойынша сапа қоры сақталады. Еуро-2, 3, 4 стандарттарымен шығарылатын қысқы және жазғы дизель отындарында қоспа қолданылмаса да 35 градустық салқында қатпайтындығымен ерекшеленеді. Сол себептен, экологиялық жағынан таза бұл өнімді жеңіл және жүк көліктеріне қолдануға әбден болады. Қазіргі кезде жылына 200 мың тоннаға дейін шығарылатын ТС-1 реактив отыны сутегінен тазартылып, керосинмен араластырылу арқылы тұтынушыға ұсынылмақ. Міне, мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту мен қоршаған ортаға зиянын шектеуді аталған жобаның артықшылығы деуге болады.
Бұл жоба аясындағы кешен құрылысы Францияның «Axens» лицензиясын иеленген «Paramax BTX» технологиясы бойынша іске асырылды. Жобаға кіретін каталикалық риформинг қондырғысы бензол бөліп шығаруға негізделген. Ал, хош иісті көмірсутегін шығаратын кешен құрылысы аясында тұрғызылған «Eluxyl» қондырғысымен параксилол өнімі алынады. Бұған қоса ксилолдарды изомерлейтін «XyMax» және толуолды трансалкилдеуге қажетті «Trans Plus» қондырғылары жобаның басты артықшылығын айқындайды.
Зауытты жаңғырту жоба-сының үшінші кезеңі – мұнайды тереңдетіп өңдеу кешені. Дәл осы жобаның жалпы құны 2012 жылы 1 миллиард 679 миллион 892 мың 520 АҚШ долларын құрап, оны «Маrubeni Corporation» (Жапония), «SІNOPEC Engіneerіng» (Қытай) және «ҚазҚұрылысСервис» қатысуымен құрылған консорциум іске асыруды бастады. Оның жобалау-іздестіру жұмыстарын ресейлік «ОмскНефтеХимПроект» ААҚ жүргізіпті. Сонымен бірге, жобаны іске асыруға «Axens» (Франция), «UOP» (АҚШ) және «Foster Wheeler» (Италия) компаниялары да атсалысты.
– Басты стратегиялық мақсат – зауытта әлемдік талаптарға сәйкес келетін жоғары сапалы мұнай өнімдерін және отандық өндірісті өркендету үшін мұнай химиясына қажетті шикізат шығаруға мүмкіндік беретін осы заманғы техникалық база қалыптастыру, — дейді «ҚазМұнайГаз» АҚ атқарушы вице-президенті Данияр Тиесов. – Мұнайды терең өңдеуге қатысты міндеттерді шешу қосымша өңдеу тереңдігін беретін процестердің, сондай-ақ, каталикалық крекинг секілді терең өңдеудің базалық процестері енгізілуімен байланысты болып отыр. Мұнайды терең өңдеу кешені толық қуатында жұмыс істегенде, зауытта өңделетін 5,5 миллион тонна мұнайдан Еуро-5 стандартына сай өнімдер шығарылады. Соның ішінде жоғарыоктанды бензиннің көлемі 1 миллион 745 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек 1 миллион 640 мың тонна дизель отыны шығарылмақ.
АтМӨЗ-дегі қос жоба құрылысын жүргізу барысында өнім өңдеу үдерісіне еш кедергі жасалмапты. Мұнда өнім түрлері үздіксіз өндіріліп келеді. Зауыттағы әрбір цех та, қондырғылар да дамылсыз жұмыс жасап тұр. Мұндағы қондырғының бірі сарқынды суларды биологиялық тазалаудан өткізеді. Қондырғылардан шыққан сарқынды сулар алдымен флокулация және қысымды флотация секциясында тазалауға жіберілгенде, судың бойында қалып қойған мұнай қалдықтары мен қалқындылар алынады. Тазарту реагент енгізу және қысыммен суда ауаны еріту арқылы және судың бетіне шыққан қалдықтарды жою жолымен жүзеге асады. Ал, құрамында сарқынды сулардың шіруіне әкеп соғатын ластағыш заттар биологиялық тазарту секциясында тазаланады. Осындай сүзу және хлорлау, шөгіндіні құрғату секілді бірнеше сатылы процестерден өткен сарқынды су құм сүзгісі блогында тұндырылады.
Міне, осылайша Атырау мұнай өңдеу зауытының технологиялары жаңарып, екінші тынысы ашыла түсті. Бұған қайта жаңғырту жобаларының кезең-кезеңмен іске асырылуы оң ықпалын тигізіп отыр.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ.