Жаңарған Конституция – өркендеу кепілі
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалында конституциялық реформаны қолдауға арналған Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Атырау облыстық коалициясының отырысы өтті. Жиынға жетекші саяси партия мен қоғамдық ұйым өкілдері және облыстық Ассамблея мүшелері қатысты.
Коалиция отырысына төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев бүкілхалықтық талқылау негізінде жаңартылған Ата Заңымыз бірлік пен келісім Конституциясы екендігін айтты. «Еліміздің барлық өңірлерінде тұрғындармен кездесулер өтіп, Үкімет тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді талқылауда республика бойынша алты мыңнан астам ұсыныстар жинақталды. Олар мұқият сараланып, Парламентке жіберілді. Конституциялық түзетулер бойынша ұсыныстар жан-жақты талданып, нәтижесінде жаңа өзгерістер Ата Заңымыздан көрініс тапты. Осы тарихи құжатқа қол қою арқылы Елбасы бізге үлкен сенім артып отыр. Себебі, қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Елбасы 25 жылдың ішінде елімізді әлемге таныта отырып, тұрақтылық пен бірліктің экономикалық қарқынды даму орталығына айналдырды» деді ол.
Атырау облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Диас Сұлтанов Конституцияға енгізілген өзгерістерге орай өз ойын білдірді. «Ата Заңымыздың 91-бабына енгізілген өзгерістер, атап айтқанда, мемлекет аумағының тұтастығы, тәуелсіздігі қайта қаралуға жатпайды. Бұл дегеніміз, ел ішінде қандай жағдай болмасын, қандай азаматтар билікке келмесін, ол принциптерді құқықтық тұрғыдан өзгертуге ешкімге құқық берілмейді. Конституцияның 49-бабының 1-тармағына енгізілген өзгертуге келетін болсақ, Парламенттің заң қабылдаушы билік тармағы ретіндегі мәртебесі айқындалды. Бұл Парламент беделі жоғарылауына септігін тигізетіні сөзсіз.
Ендігі жерде Конституцияның 57-бабының 6-тармағына сай, әрбір министр депутаттардың алдында өзіне жүктелген қызметі бойынша есеп беретін болады. Парламенттің алдында жауапты болады және есебі мақұлданбаған министрді жұмыстан босатуға заң шығарушы орган құқылы. Ал, Президент мұндай жағдайда Парламенттің ұсынысына сай министрді орнынан алып тастайды» деді ол.
Жиын қорытындысында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» Атырау облыстық коалиция мүшелері Үндеу қабылдады. Үндеуді «Жас Отан» жастар қанаты Атырау қалалық филиалының төрағасы Дәурен Сейітқалиев таныстырды. Онда жаңа конституциялық реформа ең алдымен, біздің қоғамды шоғырландыруға бағытталғандығы, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді және үйлесімді жұмыс істеуіне мықты мүмкіндік туғызатындығы туралы айтылған.
«Біз, Демократиялық күштердің «Қазақстан» жалпыұлттық коалициясының мүшелері, барлық әлеуметтік топтардың мүддесін білдіретін жетекші саяси күштер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілетті және беделді ұйымы ретінде, барлық мемлекет азаматтарын қоғамдық келісім мен бейбітшілік, тұрақтылық және еліміздің дамуы үшін конституциялық реформаларды қолдауға және оны жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырамыз» делінген Үндеуде.
Мәлике Мәлік