Жаңадан ашылған құқық қорғау қызметтері орталығы тегін қызмет көрсетеді (ФОТО)
Атырауда облыстық прокуратураның бастамасымен және жергілікті атқарушы органның қолдауымен құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды. Жаңадан ашылған мекеме қала тұрғындарына тегін заңдық қызмет көрсетеді.
«Орталықтың ашылуымен облыстағы қызмет көрсету сапасы артады. Бұл Елбасымыздың қазақстандықтарға қызмет көрсетудің сапасын арттыру және құқық қорғау орғандарының қызмет көрсетуіндегі ашықтықты қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатырған істер. Мекеме қызметкерлері өздеріне жүктеген тапсырмаларды жоғары деңгейде орындайды деген сенімдемін. Орталық халықтың игілігіне жарасын»,-деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Құқық қорғау қызметтері орталығында кезекші прокурор, адвокат, нотариус, медиатор, сот орындаушы, ювеналды қызмет және бейнеөтініш қабылдау қызметтері бойынша тұрғындарға таңғы сағат 9:00-ден кешкі сағат 18:30-ға дейін қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, балаларымен келгендерге ойын бөлмесі де қарастырылған.
Нәтижесінде, енді атыраулықтарға барлық заң қызметтерін бір мекемеден алуға мүмкіндік беріліп отыр.
Айта кетейік, құқық қорғау қызметтері орталығы Сәтпаев көшесіндегі (Академия аялдамасының маңы), №25 үйдің төменгі қабатында орналасқан.
Азамат Базарбаев
Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев