«Жаңа жылды жұмыста қарсыладық…»

SamatGazizov RauanSHaripov 31 Жаңалықтар

Жаңа жылды әр адам отбасымен, ағайын-туыстың ортасында қарсы алғанын қалайды. Ақжарма арман-тілектерімен бөлісуге асығады. Дегенмен, дәл осы сағаттарда өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарғандар да жетерлік. Ендеше, уақытпен санаспай халық игілігіне қызмет етіп жүрген мамандық иелерін сөзге тартқанбыз.

Тарас-Ибрашев-31Тарас ИБРАШЕВ,

“КаспийҚұбырКонсорциумы” компаниясының жүргізушісі:

  • Айтулы күнді жұмыс бабында қарсы алудың жөні бөлек. Дегенмен, біз үшін өзімізге жүктелген жұмыс әрдайым бірінші кезекте. Сондықтан, мерекеде де, демалыс күндері де жұмыста болып жүрміз. Осы салада қызмет еткеміне 18 жыл болды. Осымен жаңа жылды төртінші жыл қатарынан жұмыс орнымда қарсы алдым. Менімен бірге Жаңа жылды III дәрежелі “Еңбек даңқы» орденінің иегері оператор Есет Жұмағалиев, техник Бақтыбай Айтжанов болды. Әріптестеріме денсаулық, бақыт тілеймін.  Еліміз тыныш болсын!

Алтынай-Кенжегалиева-31

Алтынай КЕНЖЕҒАЛИЕВА,,

“Жолаушылар тасымалы” АҚ-ның жолсерігі:

– 2002 жылдан бері жолсерік болып еңбек етемін. Бүгінде “Атырау-Маңғыстау” бағытында жүретін жолаушыларға қызмет көрсетемін. Жаңа жылды биыл – 10-шы рет жолда қарсы алдым. Отбасымдағы бір ұл мен бір қызымыз аяқтанды. Кезінде олар кішкентай болғанда үйде ата-анамыз бақты. Солардың еңбегінің арқасында жолдасым мен балаларым менің жоқтығымды сезінбеді. Жолсеріктер Қазақстанның әр өңірінде болып, жолаушыларға жайлы жағдай жасалуы үшін қызмет етеді. Сағат тілі он екіні соққанда, вагондағы барлық адам мәре-сәре болып, бір-бірімізге игі тілектер айтып, қуанышпен қарсы алдық. Келіп жеткен Доңыз жылы еліміз үшін табысты болады деген үміттемін. Жолаушыларға жолдары сәтті болғай, ал болат жол бойында жүретін әріптестеріме үнемі жасыл түсті жарық жанып тұрғай!  НұрболЖақанов-31

Нұрбол ЖАҚАНОВ,

“Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі” мекемесінің өрт сөндіру техникасы және жабдықтар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры:

– Жаңа жылды қарсы алу біреулер үшін демалыс, отбасылық мейрам болса, енді біреулер үшін зор жауапкершілік жүктейді. Біздің мамандық үшін мерекені жұмыста қарсы алу үйреншікті тірлікке айналды. 31 желтоқсанда абайсызда шыққан өрт, басқа да оқыс оқиғалар – біздің назарымызда болады. Бұл салада қызмет атқарғаныма – 11 жыл. Осы аралықта Жаңа жылды жанұяммен тек екі рет қарсы алыппын. Тіпті, түнгі сағат 12-де  өрт сөндіру көлігінің ішінде және “тілсіз жаумен” арпалысқан сәттеріміз де кездесті.  Уақытпен санаспай кез-келген уақытта шақыртылған орынға дер кезінде жетуге, ең алдымен адам өмірін сақтап қалуға тырысамыз. Бұл жолғы кезекшілігім мейрамның шырқын бұзатын оқиғаларсыз өтті. 

СаматГазизов-РауанШарипов-31

Самат ҒАЗИЗОВ,

облыстық жедел жәрдем стансасының дәрігер-кардиологы,

Рауан ШАРИПОВ,

облыстық жедел жәрдем стансасының фельдшері:

– 31 желтоқсан күні  жедел жәрдемге келіп түсетін қоңыраулар саны екі есеге артты. Ауру айтып келмейді… Адам өмірінің арашашысы болғандықтан, Жаңа жылды жедел жәрдем көлігінің ішінде  қарсы алу – үйреншікті жайттардың бірі. Осы түні біреудің қан қысымы көтерілсе, кейбірі жол-көлік оқиғасынан зардап шекті. Әйтеуір, қат-қабат келген қарбалас таңға дейін тынбады. Оларға алғашқы көмек көрсету – басты міндетіміз. Халық саулығы үшін қызмет атқару біз үшін  мереке тойлаудан жауаптырақ. Мамандыққа адалдық таныта отырып, Доңыз жылын қызметте қарсы алған кәсіп иелеріне толағай табыс, отбасыларына амандық тілейміз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз