Жаңа жыл жаңалықтарға толы болмақ
Елімізде ұялы байланыс, салық, баға, зейнетақы, жалақы және басқа да салаларда келер жылы көптеген заңнамалық өзгерістер орын алмақ.
Ұялы телефоныңызды тіркеуді ұмытпаңыз
Туған-туыс, жақын-жуығыңызды келген жаңа жылмен құттықтай алмай қалмас үшін, ұялы телефоныңызды тіркеді ұмытпаңыз. Ол үшін мобильді құрылғының IMEI нөмірін өзіңіздің ЖСН нөміріңізге бекітуге тиіссіз. Әзірге мұны тегін жүзеге асыруға болады: байланыс операторына ЖСН нөміріңізді SMS арқылы жіберсеңіз жеткілікті.
Бірыңғай жиынтық төлем
Қазақстандықтарға қызмет көрсететін азаматтар жаңа жылдан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасауға міндетті. БЖТ төлеушілерге кіріс салығы мен әлеуметтік төлемдер бойынша ең төменгі мөлшерлеме бекітілген: елорда, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК және басқа елді мекен тұрғындары үшін 0,5 АЕК.
Аталған төлемнің 10%-ы жеке кіріс салығына, 20%-ы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, 30%-ы зейнетақы төлеміне, 40%-ы міндетті медициналық сақтандыру қорына жұмсалады.
БЖТ төлеушілер жұмысшы жалдамайды, жұмысты өздері орындап, жеке тұлғаларға қызмет көрсетеді. Басқа фрилансерлер жеке кәсіпкерлік ашып немесе заңды тұлғамен азаматтық-құқықтық шарт жасасуы тиіс. 2018 жылы олар үшін міндетті зейнетақы аударымы енгізілді.
Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасымен 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы 25 АЕК-тен (63 125 теңге) төмен азаматтар үшін жеке кіріс салығы 10 есе төмендетіледі.
Бизнесмендерге салық амнистиясы
Жаңа жылдан бастап президенттің тапсырмасымен Қазақстанда салық амнистиясы жүргізіледі. Бұл 340 миллиард теңге қарызы бар 90 мың кәсіпкерді қамтиды. 2018 жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеген жағдайда мемлекет бизнесменнің бүкіл өсімақы мен айыппұлын жоюға міндеттелді. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, ведомство 130 миллиард теңгені шығыстауды жоспарлап отыр: 123 миллиард теңге – өсімақы, 7,3 миллиард теңге – айыппұл.
Әйелдердің зейнет жасы ұлғаяды
2019 жылдан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 59 жасқа дейін ұлғаяды. Ер азаматтар зейнетке 63 жасында шығады. Бірнеше жыл бұрын қабылданған заңға сәйкес әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңімен ұлғаятын болады. Өзгерістер 1960-1964 жылдары туған әйелдерге қатысты. Зейнетақы көлемі де өзгереді. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі көлемі — 16 037 теңге;
Ал, ең төменгі жалақы жаңа жылдан бастап күнкөріс минимумына қатысты 1,5 есе көтеріліп, 42 500 теңге болады. Президенттің қазандағы жолдауына сәйкес, жаңа жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақының жаңа көлемі белгіленіп, бұдан былай күнкөріс минимумынан 1,5 есе көп болады.
Базалық әлеуметтік төлем көлемдерін есептеуге үшін күнкөріс минимумының шамасы — 29 698 теңге. Жәрдемақы мен әлеуметтік төлемақылар, айыппұлдар, салықтар мен басқа да төлемдерді есептеуге арналған айлық есептік көрсеткіш көлемі жаңа жылдан бастап 2 525 теңге.
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда энергетика саласы үшін жаңа тарифтік әдіснама енгізіледі. Сөйтіп, электр жарығы мен тауарлық газ тарифтері төмендейді.
Техникалық төлқұжат
Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 16 жасқа дейінгі балалардың шетелге шыққанда жеке төлқұжаты болуы міндетті. Әлемдік төлқұжат-визалық бақылау қауымдастығы талаптарының күшейтілуіне байланысты заңға өзгерістер енгізілді. Себебі – терроризм мен экстремизм қаупінің артуы.
Қазақстанда жаңа жылдан бастап техникалық төлқұжаттың жаңа үлгісі енгізіледі – кредиттік карта көлемімен бірдей, чипі бар, жүргізуші куәлігі мен жеке куәлікке ұқсайды. Бірақ ескі техникалық паспортты тез арада ауыстырудың қажеті жоқ, себебі жаңа жылға дейін берілген құжаттар көлікті қайта тіркегенше күшін жоймайды.
Онлайн-сақтандыру
Қазақстанда жаңа жылдан бастап автокөлік иелері үшін онлайн сақтандыру енгізіледі. Сақтандыру құжатын өзіңмен алып жүру міндетті емес. Жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу туралы куәлік (техникалық паспорт) болса жеткілікті. Дәстүрлі сақтандыруды электронды форматқа көшіру де техникалық паспорт сияқты біртіндеп жүргізіледі.
2019 жылдан бастап қазақстандықтар біртіндеп электронды еңбек кітапшасын қолдана бастайды.
Ішкі істер министрлігі реформасы
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы жылдан бастап Ішкі істер министрлігі реформасы басталады. Ол үшін «Ішкі істер органдарын модернизациялау жол картасы» әзірленген.
Бірінші кезекте ІІМ-нің штат саны оңтайландырылады. Министр Қалмұханбет Қасымов атап өткендей, 450 полиция қызметкері жұмыстан шығарылады. Қызметкерлен санының азаюы есебінен полицейлердің жалақысын арттырылып, олардың баспана және басқа әлеуметтік проблемалары шешілетін болады.
Полиция қызметкерінің жаңа стандарты бекітіліп, мансаптық жоғарылау жүйесі өзгереді, сонымен қатар полиция академиясы арқылы кадрлар дайындау және іріктеу тәртібіне өзгертулер енгізілмек. ІІМ барлық қызметкері қайта аттестациядан өтеді. Үздіктері ғана қызметін жалғастыратын болады. Халықпен жұмыс істеудің заманауи форматтары енгізіліп, полицияны бағалау критерийлері өзгереді.
Адамдардың құқық қорғау органдарына жүгінуі оңай болуы үшін полиция жұмысы сервистік үлгіге ауысады. Қазақстанның барлық қаласы қоғамдық қауіпсіздікті бақылау жүйелерімен қамтамасыз етіледі.
Темекі қымбаттайды
Жаңа жылдан бастап темекі қымбаттайды. Ең арзан темекінің 20 данадан тұратын бір қаптамасы 380 теңге болады. Бұл өзгеріс фильтрі бар, фильтрі жоқ темекілер, сондай-ақ папиростарға қатысты.
Атап өтсек, Қазақстанда темекі бағасы алты ай сайын 20 теңгеге көтеріліп келеді: 2017 жылы ең арзан темекі 320 теңге тұратын, кейін 340 теңге болды, ал 2018 жылдың 1 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығында қазақстандықтар бір қорап темекі үшін кемінде 360 теңге төлейді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ