ЖАҢА ВАЛЮТА – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Жаһандану жағдайындағы дүниежүзілік валюта-қаржы жүйесінің дамуының жаңа парадигмасы «жаңа әлемдік валюта жүйесін» енгізу болмақ. Президент күні кеше Америка Құрама Штаттарында Біріккен ұлттар ұйымының 70 жылдық мерейтойына байланысты өткен алқалы жиында резервтік валюта енгізу туралы бастама көтерді. Сондықтан, Қазақстан әлемдік тарихта біртұтас ғаламдық ақша идеясын ұсынған ел ретінде сақталмақ.
Әлемдік қаржылық тәртіптер бүкіләлемдік қаржы орталықтарының диктатына негізделген. Дүние жүзіндегі кез-келген елдің экономикасының долларға тәуелділігі АҚШ-тың қаржылық орталықтарының бағыныштылығына әкеледі. Сондықтан, әр мемлекет бірінші кезекте өз ұлттық экономикасын тығырықтан шығаруды ойлауы керек.
Жалпы, халықаралық ортақ валюта жасау идеясы бұрын да болған. Мәселен, 1940 жылы ағылшын экономисі Джон Майнард Кейнерс Әлемдік орталық банктің «Банкор» атты ақша бірлігін пайдалануды ұсынған. Сол секілді, АҚШ-тың бұрынғы президенті Франклин Рузвельдің әкімшілігі де «Унитас» атты өзінің осындай идеясын көпшілікке жария еткен. Дегенмен, жаһандану заманында валюта-қаржы жүйесіне өзгеріс енгізу парадигмасын Елбасы Н.Назарбаев алғашқылардың бірі болып ұсынды. Жаңа әлемдік валюта жүйесін енгізу дүниежүзілік валюта-қаржы жүйесі дамуының жаңа парадигмасы болмақ.
Бүгінде әлемнің көптеген мемлекеттері долларға сенімсіздікпен қарап отыр. Кейбір мемлекеттер сауда-саттықты доллармен жасаудан бас тартып та үлгерді. Әрине, бұған дейін әр мемлекет жеке-дара өз ұстанымын білдірген болса, енді бұл БҰҰ-ның аясында көтерілді.
Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,
Атырау мұнай және газ институтының факультет деканы, профессор.