ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ
Шарада сөз алған Атырау қалалық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Қанат Әзмұқанов «Ембімұнайгаз» АҚ-ның еліміздің экономикалық тұрғыда өсуіне және өңірдің инфрақұрылымының дамуына зор үлес қосып келе жатқандығын атап өтті. «Отандық өнім өндіретін іргелі кәсіпорын облыс инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстарға әркез демеуші болып келеді. 2015 жыл маңызды оқиғаларға толы. Ел азаматтарының алдында аса маңызды істерді орындау міндеті тұр. Оның ішінде мекемелердегі бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру ісі де бар. Сондықтан, біз үздік бастауыш партия ұйымдарын анықтау мақсатымен конкурс жариялап отырмыз. «Ембімұнайгаз» компаниясында да партияның жұмысын дамыту бағытында «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымы жұмыс жасауда», — деген ол «Ембімұнайгаз» АҚ бастауыш партия ұйымының төрағалығына бас директордың бірінші орынбасары Айболат Ғабдуллиннің кандидатурасын ұсынып, оны партия мүшелері бір ауыздан мақұлдады. Әріптестерінің сеніміне рахмет айтқан А.Ғабдуллин оларды бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Қанат Қадыржанұлының айтуынша, өткен жылы партия талаптарына лайықты болмаған 3850 адам қалалық партия қатарынан шығарылса, есесіне интернетте, әлеуметтік желілерде партияны қолдаушылардың қатары 7,5 пайызға артып, олардың саны 50 мың адамға жеткен.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары бастауыш партия ұйымының міндеті бюро қызметін және жиналыстарды ұйымдастыру ғана емес, партия органдары шешімдерінің орындалуын, олардың іске асырылуын бақылау екендігін айтты. Партияға жаңа мүшелерді қабылдау, мүшелік жарналарды жинауды қамтамасыз ету қызметі де бастауыш партия ұйымдарының құзыретіне кіретінін сөз етті.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА.