Жаңа стансалар іске қосылады
Алдағы уақытта Каспий тұрба құбыры консорциумы (КТК) Құрманғазы және Исатай аудандарындағы аралық мұнай айдау стансалары желісін іске қосады. Оның алғашқысы осы айдың соңы мен қазанның басында ашылады деп күтіліп отыр. Бұл туралы аталмыш мекемеде «Еңбек күніне» орай өткен баспасөз турында белгілі болды.
Осы екі нысанды тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға беру – КТК мұнай құбыры жүйесінің өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жиын барысында консорциумның аймақтық менеджері Сәрсембай Мұрынов КТК жүйесінің өткізу қабілетінің артуы арқасында Қазақстан мұнайының едәуір көлемі әлемдік нарыққа бағытталатынын атап өтті. Айта кетелік, консорциум жалпы ұзындығы 1511 шақырым болатын Теңіз-Новороссийск мұнай құбырына ие. Ол Қазақстанның батысындағы кеніштерді Қара теңіздің ресейлік жағалауымен жалғайды.
Жұмыс жасап отырған «Атырау» мен «Теңіз» мұнай айдау стансалары да стратегиялық маңызға ие. Өйткені, бұл стансалардан құбыр бойынша тасымалданатын негізгі мұнай көлемі өтеді. Бүгінде консорциум Қашаған мұнайын қабылдауға дайындалып жатыр.
— Өткен жылы консорциумның экспортқа жөнелткен мұнай көлемі 38 миллион тоннаны құраған еді. Қашаған іске қосылған жағдайда, ол 40 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде. Бүгінгі күні кеңейту жобалары жүріп жатыр.
Жоба бойынша Құрманғазы ауданында ашылатын мұнай айдау стансасы 15 млн. тонна «қара алтын» айдауға мүмкіндік береді. Исатай ауданындағы станса іске қосылса, консорциумның қуаты 52,5 миллион тоннаға дейін мұнай айдауға жетеді, — дейді аймақтық менеджер. Басты жаңалық, жоғарыдағы екі жоба пайдалануға берілген жағдайда 350 жұмыс орны ашылады.
Баспасөз туры аясында «Атырау» мұнай айдау стансасына да барып, сорғыны (насос) іске қосу процесіне куә болдық. Ауысым басшысы Бағытжан Жолдыбаевтың айтуынша, бүгінде олар «SCADA» жүйесімен жұмыс жасайды. Бұл жүйеге стансаның әрбір нүктесінен бүкіл хабар келіп тұрады. Құрылғылардың қандай температура, қандай қысыммен жұмыс жасап тұрғаны, ішкі құрылысындағы дірілі көрініп тұрады.
«Қазіргі жағдайда Теңіз стансасынан 4500 текше шығынмен май келіп жатыр. Соны қабылдап, Астрахандағы стансаға сағатына 6700 текшемен тасымалдап отырмыз. Одан басқа да май тапсыратын мекемелеріміз бар. Қазір «Ембімұнайгаз» мекемесінің «Мартыши» кенішінен келіп жатқан мұнай жетінші түйінмен (узел) қабылдануда. Ал, үшінші және оныншы түйіндермен «Қарашығанақ петролеумнан» май қабылдаудамыз. Бұл – үлкен процесс» — дейді ол.
Айта кетелік, станса қызыл және көк айлаққа бөлінген. Кіре беріс пен оператор бөлмесі, асхана ғана көк айлаққа жатады. Қалғаны қызыл айлақ. Ол жерде мамандандырылған киім мен қорғаныс каскасы, арнайы көзілдірікпен жүру міндетті. Сондай-ақ, телефонмен сөйлесу, суретке түсуге тыйым салынған.
«Атырау» мұнай айдау стансасының басшысы Алтай Батырғалиев мекеме ішімен таныстырды. Мұнда магистральды насостар, компрессорлы құрылғылармен қатар химиялық зертхана, насосты өрт сөндіргіш, төтенше жағдайдағы өрт сөндіретін су қоры да бар. Сонымен қатар, әрқайсысы сыйымдылығы 20 000 текше метрлік төрт резервуар да орналасқан. «Бұл стансада еңбек өнімі бір сәтке толас таппайды. Оның барлығы осында қызмет ететін 45-ке жуық қызметкердің еңбегі» — дейді станса басшысы.
Баспасөз турына журналистермен бірге, еңбек инспекциясының бөлім басшысы Марат Оспанов, кәсіпкерлік палатасынан Мақсот Қалдығұлов та қатысты.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суретті түсірген: Г.Төремұратова.