Жаңа оқу жылы: мектептер дайын ба?
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ал, облыс орталығындағы мектептер қаншалықты дайын? Білім беру реформасында қандай жаңашылдық бар? Осы және өзге де сауалдар Атырау қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Алмабек Абдоловпен сұхбатта өрбіді.
– Алмабек Дүйсенбайұлы, білімнің сапалы болуы мұғалімдердің біліктілігімен қатар, алдымен оқу орындарының материалдық жағдайына да байланысты. Осы орайда нысандарды оқу жылына дайындауда қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Биыл жөндеу жұмыстарына 44 миллион теңгеден аса қаржы мектептер үшін, ал, балабақшаларға 28 миллион теңгеден жоғары қаражат бөлінді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде №16 мектеп-лицейге бейнебақылау камералары орнатылады. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында екі мектеп дабылқаққышпен қамтылады. Мектептердің материалдық техникалық-базасын нығайтуда жергілікті бюджет есебінен 908 млн. 896 мың теңге бөлініп, 54 мектепке физика, 57 нысанға робототехника кабинеттерін және 52 білім беру ұйымына интерактивтік жабдықтар алу жоспарлануда. Мектеп ауласын жарықтандыру жұмыстары да жүргізілуде.
– Өңірде білім саласында мұғалімдер жетіспеушілігі біраздан бері айтылып келеді. Бұл мәселе қалай шешімін табады?
– Қазіргі таңда орыс сыныптарына сабақ беретін 305 мұғалім жетіспейді. Оның ішінде қазақ мектептеріндегі орыс тілі пәнінің мұғаліміне қажеттілік басым. Дәлірек айтқанда, күні бүгін осындай 79 педагогқа сұраныс бар. Бұған қоса, математика, физика, тарих, химия, биология, дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық, бастауыш сынып, психология, технология пәндерінен маман тапшылығы бар. Мәселені шешу мақсатында Ақтөбе, Орал қалаларындағы оқу орындарының жәрмеңкелеріне қатысып, маман таңдау қолға алынды. Атырауда еңбек еткісі келетіндер бар. Десек те, жас мамандарды баспанамен қамту ең бірінші кезекте шешімін табуы тиіс.
– Оқушыларды ыстық тамақпен қамту қалай ұйымдастырылуда?
– Ыстық тамақпен 1-4 сынып оқушылары қамтылады. Биыл 27506 баланың әрқайсысына бір күнде 224 теңгенің тамағы беріледі. Атырау қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша 2015 жылдан бастап асхана құрылыстары №14, 15, 23, 28, Ғ.Мұратбаев, Т.Амандосов, Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектептерде жүргізілуде. Қазіргі уақытта жұмыстың 90 пайызы аяқталғанымен, қажетті құрал-жабдықтары толық алынбаған. Ал, №1 орта мектептің асханасы қайтадан салынуда. Сондықтан, бұл нысандарда буфет жұмыс істейді.
– Мектептен шалғайда орналасқан елді мекен балаларын тасымалдауда қиындықтар бар ма? Оқушылар тасымалында көліктердің қауіпсіздігі талапқа сай ма?
– Биылғы оқу жылында білім беру мекемесінен үш шақырымнан алыс орналасқан елді мекендерден 14 мектепке 2965 оқушы және Бесікті орта мектебі жанындағы интернатқа 120 оқушы тасымалданады. Өткен жылы жергілікті бюджет есебінен тоғыз жаңа автобус сатып алынды. Осы жылы көлікке сұраныс болған жоқ.
– Өзге өңірлерде баланы балабақшаға кезекке қою толық автоматтандырылды. Бұл Атырау қаласында қаншалықты жүзеге асуда? Жаңа жүйенің тиімділігі неде?
– Балабақшаға кезекке қоюда еліміз бойынша бір ғана стандарт енгізіліп, ортақ база жасақталды. Бұған дейін ата-аналар мекен-жай ауыстырғанда, сол жерге барып қайтадан тіркелетін. Бұдан былай бұл міндетті емес. Сондай-ақ, кезек балалардың жас ерекшелігіне қарай ортақ болады. Бұл стандартқа мемлекеттік және мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін бөбекжайлар да кіреді. Жаңа жүйеге көшу Атырау қаласында қыркүйек айының соңында аяқталады. Қазір онымен жұмыс жасаудың тәртібі ата-аналарға түсіндірілуде.
Бұрын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезек саны электронды жүйеде көрсетілгенімен, балабақшаға жолдаманы біз беретінбіз. Ал, бүгінде республика бойынша бір стандарт. Бұл жерде ата-ана өтініш бергеннен кейін, рет санын өзі қарап отырады. Бос орны бар өзі таңдаған балабақшаға жүйе арқылы жолдама алады. Ата-ананың білім бөлімдері мамандарымен еш қатынасы жоқ. Аталған жүйе бәрін өзі автоматты түрде реттейді. Ол үшін әр ата-ананың электронды поштасы және ұялы телефон нөмірі тіркелуі тиіс. Бұл мемлекетке деген сенімді арттырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді. Қазір балабақша кезегінде 10 010 бала бар. Биыл 3552 балғынға жолдама берілді. 406 бүлдіршінге белгіленген жеңілдіктер негізінде жолдама ұсынылды. Автоматтандырылған жүйеде арыз неғұрлым ерте берілсе, соғұрлым кезек жақын тұрады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Атырау қаласындағы білім беру ұйымдары:
Мектеп – 57
балабақша – 43
саз мектебі – 6
мектептен тыс орталық – 2
жасөспірімдер денешынықтыру клубы мен педагогикалық-психологиялық медициналық кеңес орталығы – 2
Білім сапасы:
2016-2017 оқу жылында – 47,1 пайыз
2017-2018 оқу жылында бұдан 8 пайызға жоғары.
- Жаңа балабақшалар ашылғанымен, бала санының өсуіне және жаңа ықшамаудандардың қосылуына байланысты орын тапшылығы азаймай тұр. Мәселені шешуде Еркінқала, Балауса, Өркен, Самал, Талғайраң, Бесікті, Көктем, Жаңаталап, Геолог елді мекендерінде жаңа нысан құрылыстарын салу жоспарлануда.
Құрылысы жүріп жатқан нысандар:
Жұлдыз мөлтекауданындағы 624 орындық мектеп
Ракуша ауылындағы 300 орындық М.Өтемісұлы атындағы орта мектеп
Күрделі жөндеудегі балабақша саны – 7
Үш ауысымдық мектептер саны – 9