ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР АТЫРАУДА ОҚЫТЫЛАДЫ
«Мұнай-газ саласында сұранысқа ие мамандарды даярлау: APEC Petrotechnic үшін жаңа мамандықтарды анықтау» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде мұнай-газ өнеркәсібі өкілдері жас мамандардың жұмысқа орналасу жайын да талқыға салды. Ең алдымен, «APEC Petrotechnic жоғары техникалық мектебі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ермек Күзенбаев негізгі оқыту жобасымен таныстырды.
Орталық қызметкерлері оқыту үрдісіне жаңа бағдарламалар енгізуде. Соның бәрі республикамыздың Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Кәсіпқор» холдингінің стратегиялық серіктесі, мұнай-газ саласын оқытудың әлемдік көшбасшысы – Оңтүстік Альбертаның «SAIT Polytechnic» технология институтымен бірігіп дайындалуда. Бұл институт – Канаданың ең ескі оқу орны және ExxonMobil, Chevron, Sheel және басқа да ірі мұнай-газ кәсіпорындарымен тұрақты қарым-қатынаста. Колледж түлектері қазақстандық, сондай-ақ, халықаралық үлгідегі дипломдар мен сертификаттар алады.
Басқосуға қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. Соңында оқу орталығын аралап, қажетті мағлұматтарға қанықты. Айта кету керек, аталған оқу орталығын алғашқы түлектер 2016 жылы бітіріп шықпақ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.