Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Жаңа кәріз-тазарту кешені салынып жатыр

Елбасы мұнайлы өңірге сапары барысында жергілікті әкімдікке бірқатар міндеттер жүктеп еді. Оның ішінде облыс орталығының тазалығы мен экологиялық ахуалы күн тәртібінен түспеу қажеттігі айтылған-ды. Қазір Атырау қаласының сол жақ жағалауында жаңа кәріз-тазалау кешенін салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аталған кешен құрамына бас кәріз стансасы мен кәріз-тазалау нысандарының алаңы, биологиялық тоғандар мен булану алқаптары кіреді.

Президент тапсырмасы қалай орындалуда

Кешеннің құрылыс жұмыстарына 70 маман тартылған. Биотоғандарды салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Тазартылмаған және таза суды шығарып тұратын кең тұрбалар (коллектор)  орнатылуда. Лай су алаңдары мен бас кәріз суын соратын станса салынуда. Жалпы алғанда, технологиялық үрдістердің бәрі де кезең-кезеңімен орындалуда.

Жаңа кешен қаланың оңтүстік және оңтүстік-шығыс аумақтарын қамтымақ. Кешен тәулігіне 70 мың текше метр пайдаланылған суды қабылдай алады. Ол іске қосылған соң, тұрғындар арасында «Тухлая балка» деп аталып кеткен кәріз суын тұндырғыш нысан жабылады. Биыл 14 ақпанда Атырау қаласының бұрынғы әкімі Серік Шапкенов халық алдындағы есеп беруінде қолданыстағы кәріз-тазарту жүйесі 1978 жылы пайдалануға берілгенін айтқан еді. Сол уақыттан бері оған бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Лас сулар булану алаңына дейін жеткенше толық тазарту үрдісінен өтпеді. Расымен де, апатты жағдай орын ала қалса, қаланың барлық бөлігі кәріз суының астында қалар еді.

Жаңа кешен іске қосылғанда, облыс орталығының сол жақ бөлігін пайдаланылған сулардан толықтай тазартып отыруға болады. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Ал, қаланың оң жақ жағалауынан бірегей кәріздік тазалау жүйесі жүргізілмек. Әріптестік негізде көгалдандыру жұмыстары да қолға алынады. Алдағы уақытта тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені салынады деп күтілуде. Осылайша, енді, «мұнайлы астанадан» кәріздің иісі емес, жайқалған жасыл желектің салқын самалы еседі деген үміт бар.

Амандық АБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button