ЖАҢА ЕРЕЖЕНІҢ ЖАҢАЛЫҒЫ НЕДЕ?

Атырау облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракция мүшелері жаңа ережемен танысты. «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалында өткен фракция отырысында осы жылға арналған жұмыс жоспарымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары да нақтыланды. 

 

Қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселемен таныстырған депутаттық фракция жетекшісі Өнербек Жанбала Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың партияның XV съезінде берген тапсырмасына сәйкес, партия барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың қызметін күшейту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқандығын айтты. Сондай-ақ, ол мәслихатттардағы депутаттық  фракция туралы ереже бекітілгендігін мәлім етті.

Жаңа ережеге сәйкес, бірқатар мәселелер мәслихат бекіткенге дейін партия фракцияларының отырыстарында қаралуы міндетті болып табылады. Енді фракция отырыстарында тиісті аумақтың экономикалық және әлеуметтік дамыту жоспарлары мен бағдарламалары, жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептер қаралып, талқыланбақ. Атқарушы органдар басшыларының есептерін және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды тұлғаларын мәслихат шешімдерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстарды енгізу жөніндегі мәселелер де қаралады. Және тексеру комиссияларының бюджеттік атқарылуы туралы жылдық есебі де депутаттық фракция жиындарында қадағаланатын болады.

Биылғы жылдан бастап бюджет қаражатын және Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылау жөнінде комиссиялар құрылып отыр. Мәслихат депутаттарынан тұратын төрт бағыт бойынша құрылған комиссия мүшелері ендігі жерде бөлінген қаржының орынды жұмсалуын бақылап отырмақ. 

Жаңа ережеге сай фракция мүшелері көптеген міндеттер жүктелуіне байланысты белсенді қызмет атқармақшы. Өткен басқосуда әлеуметтік сала мәселелері, әсіресе денсаулық сақтау саласы көптеген өзгертулерді  қажет ететіндігі  жайында да сөз болды.

Ұсыныс-пікірлерін ортаға салған облыстық мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша атқарылар істі нақтылады.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз