Жарнама
Жаңалықтар

ЖАҢА АНТОЛОГИЯ ЖАРЫҚ КӨРДІ

 

Атырау облысы әкімдігінің тапсырысымен және қолдауымен жарық көрген көлемді еңбекті қалың оқырман қауымға «Мереке» баспасы сыйға тартып отыр. Қазақтың кітап басу тарихында тұңғыш рет 1977 жылы екі томдық қазақ кеңестік поэзиясының антологиясы және белгілі әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахманов құрастырып 2007 жылы «Раритет» баспасынан шығарған екі томдық авторлық антологиядан басқа бұрын-соңды қазақ халқының арғы тарихындағы белгілі жырау бабаларымыздан бастап бүгінгі жас таланттарға дейінгі аралықты мейлінше толық қамтыған көлемді еңбек оқырман қолына тимеген еді.

Он томдықтың алғашқы томы ұлы бабамыз тасқа қашап жазып кеткен данышпандық жырлар мен Түрік қағанатын құрған Құтлығ қағанның ұлы Күлтегін қағанның ел шежіресінен басталады. Шығарманың еркін әдеби нұсқасын белгілі ақын Темірхан Медетбек жасаған.

Қазақ поэзиясында өзіндік із, қайталанбас қолтаңба қалдырған 678 ақынның шығармаларын топтастырып, 3000 дана таралыммен жарық көрген осынау жыр жәдігерінің әр томы көркем безендіріліп, әрбір ақынның бейнесі суретші Алтай Айтжановтың қылқаламымен шебер салынған. Антологияны қазақтың белгілі қаламгерлері Мереке Құлкенов пен Гүлсім Мұқышева құрастырып, алғысөзін ақын Темірхан Медетбек жазған.

– Бұл он томдықты ұлт руханиятындағы зор жаңалық деп білеміз. Қазақтың мәдени өміріндегі айтулы құбылыс. Антологияның көркемделуі де көз жауын алған әсем, алтынмен аптап, күміспен күптелген. Қағазы да ерекше, көз қарықтырмайды. Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бауырымыздың антологияның ойдағыдай шығуына қосқан үлесін тек азаматтық деп қана емес, үлкен ерлік деп бағалап отырмыз. Парақтап көз жүгірткен адамға бұл – үлкен жұмыс, зор шаруа, бір институт жасайтын ауқымды еңбек. Айтары жоқ, құрастырушылар мен баспа қызметкерлері ауыз толтырып айтуға да, мақтануға да тұрарлық іс тындырған, – деп аталмыш еңбекке баға берді Ұлттық кітапхана басшысы, белгілі жазушы Әлібек Асқаров.

– Қазақ ақындарының басын құрап, он томдық жинақ шығару жөнінде Бақтықожа Ізмұхамбетов бастама жасаған болатын. Содан кейін ақындардың шығармаларын жинау, іріктеу, баспаға дайындау жөнінде көптеген жұмыстар жасалды. Соның нәтижесінде тұңғыш рет осындай он томдық жарыққа шығып отыр. Онда қазақ тарихындағы жыраулардан бастап қазіргі ақындардың басым бөлігі қамтылды. Бұл көлемді жинақ өмірден өтіп кеткен жыр жампоздарына көрсетілген ерекше құрмет деп есептейміз. Сондай-ақ, бүгінгі таңда әр өңірде жүрген ақындарға да жасалған үлкен қолдау болады деп ойлаймын, – деді белгілі қаламгер Мереке Құлкенов.

Қазақ әдебиетінің деңгейін жаңа сапалық белеске көтерген туындының бір бөлігі авторларға тегін таратылды, қалған бөлігі еліміздің кітап дүкендеріне саудаға түспек.

Антологиялық бұл еңбек қазақ поэзиясын зерттеуші ғалымдар мен сыншылар үшін де, ұлттық мәдениетіміздің кесек шығармаларын тұшынып оқитын бұқара қауым үшін де үлкен рухани байлық болмақ.

Қанат ЕСКЕНДІР,

Алматы.

«Егемен Қазақстан».

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button