Жарнама
БілімЖаңалықтар

Жүзінен шуақ төгілген…

Талай ақынның өлеңіне арқау болған ару Жайықтың бойында орналасқан бұрынғы 11- ауыл, қазіргі Есбол ауылындағы орта мектептен ұшқан түлектер саны аз емес. Солардың арасынан ұлағатты ұстаз, Атырау қаласының  Құрметті азаматы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрзила Сәрсенқызы Сәрсенованың шоқтығы ерекше биік тұрады.

сарсенкызы

Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған, талмай еңбектеніп, бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Нұрзила Сәрсен-қызы, «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей, соңынан жүздеген шәкіртті өргізе білді.

Нұрзила Сәрсенқызы 1947 жылы Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Жаңакүш ауылдық кеңесінде (қазіргі Махамбет ауданы, Есбол селосы) дүниеге келді. Әкесі Сәрсен Митанов – қарапайым шаруа иесі, колхозда жұмысшы болып еңбек етті. Сонау ел басына қатер төнгенде өз еркімен майданға сұранып кетіп, Ұлы Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысып, бірнеше медальдармен, ордендермен марапатталды. Сол ауылда туып-өскендіктен, атамыздың кескін келбеті менің есімде қалыпты. Жүзі қара торы, бойшаңдау келген, ағаш-темірдің түйінін түйген шебер жан еді. Бала кезімізде оның үй жанында тұрған темір балқытатын көрігін тартуға күйе-күйе болып таласатынбыз. Сәрсен атамыз Фурманов атындағы орта мектеп пионерлерінің құрметті қонағы болып, соғыстағы майдангерлер өмірінен қызықты әңгімелерді ертегідей етіп айтып беруші еді. Ал, 1961 жылы дүниеден озған атамыздың анасы Халел Досмұхамедовтың туған апасы Торғай бол-ғанын біреу білер, біреу білмес.

Нұрзиланың анасы Злиха Митанова қарапайым үй шаруасындағы әйел болды. Олар үш қыз, бір ұл баланы дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Қолдарынан келгенше жоғары оқу орындарында оқыта білді. Үлкені Алмаш – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мәрияш болса – дәрігер, ағасы Бақтығали орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұзақ жылдар білім бөлімінің меңгерушісі, мектеп директоры болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткер.

Ата-анасының сүт кенжесі Нұрзила 1953 жылы Фурманов атындағы орта мектебіне қабылданып, 1963 жылы бітіріп шығады. Мектепте оқу озаты атанды, пионер, комсомол өміріне белсене араласып, қоғамдық жұмыстардан қол үзбеді. Осында оқып жүргенде өзіне сабақ берген ұстаздары Сембі Берғалиев, Ермұрат Ержанов, Жетпісбай Слемұханов, Орынғали Жанасов, Хамила Айжарықова, Бәтима Рахметова, Насиха Ермұханова, Сәуле Масаева, Сәлима Қабдірова, Мауия Муньянова сынды ағай-апайларына қатты еліктеді. «Арманың не? Өскенде кім боласың?» деген сұрақтарға «мұғалім боламын» деген жауабын бір өзгертпеді. Сөйтіп, арман жетегімен Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, химия-биология факультетін бітірді. Алғашқы еңбек жолы 1970-1998 жылдар аралығында Атырау қалалық М.Әуезов атындағы №7 мектепте химия, биология пәнінен дәріс беруден басталып, 1976-1978 жылдар аралығында тәрбие жұмысын ұйымдастырушы, 1978-1998 жылдары үзіліссіз оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарумен ұштасады.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі жаңа технологиямен жабдықталған мектеп пен сол замандағы мектептің арасы жер мен көктей еді ғой. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп тегін айтылмаса керек. Ертеңнен қара кешке дейін сыныптарда сабақ үрдісін тұрақты өткізу, күн сайын өтетін тәрбиелік шараларға қоса, кеште өтетін түрлі жиналыстарды қосыңыз. Өз ісіне адал, биязы да қарапайым мінезімен көпке үлгі болған ұстазды жергілікті атқарушы билік жоғарғы дәрежелі қызметке шақырады. 1998 жылы Нұрзила Сәрсенова Атырау облыстық кадрлар біліктілігін арттыратын және қайта даярлайтын институтының директорлық қызметіне, кейін  «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директорлығына тағйындалады. Ұжымның алдына қойған мақсаты – облыс мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін көтеру, педагог кадрларды оқытудың заманауи озық технологиялық әдістерімен қайта даярлау.

Міне, осы жауапты салада Нұрзила Сәрсенқызы өмірлік жинаған тәжірибесін жан-жақты көрсете білді. Еліміздің болашағы болып табылатын білімді жастарды тәрбиелеуде аймақ мектеп мұғалімдерінің білім беру тәжірибелерінде әлемдік озық әдістерді пайдалана білуіне күш салды.  Бұл бағытта республика жоғарғы оқу орындарының ғалымдары ғана емес, шетелдік мемлекеттерден шебер ұстаздар шақырылып, іс-тәжірибелерімен ой бөлісті, үйретті. Уақыт өте келе аталмыш орталық бәсекеге қабілетті елдің қатарына енуде еркін ойлайтын, өзіндік көзқарастары қалыптасқан шәкірттерді тәрбиелеудегі облыс ұстаздар қауымының шеберліктерін арттыратын республикадағы ең іргелі мектебіне айналды.

Жас ұрпаққа өнегелі тәрбие мен сапалы білім беру жолындағы ерен еңбегі ескеріліп, «ҚР оқу ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институттың, облыс әкімі, облыстық мәслихат, облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамоталарымен, Атырау облыстық білім беру басқармасының «Үздік басшы» номинациясымен марапатталды. 2015 жылы қалалық мәслихаттың шешімімен «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болды. 2006 жылы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институтының доценті атағы берілді. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент атақтарына қоса, Халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының академиялық профессоры атанды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үздік ұстаздарды қабылдауы мәртебесіне ие болып, республика мұғалімдерінің І съезіне, ТМД елдерімен біріккен математика пәні мұғалімдерінің І съезіне, республикалық химия пәні мұғалімдері съезіне делегат ретінде қатысқан.

Білім мен ғылымды қатар ұстан-ған ұстаз қаламынан бірнеше еңбектер туындағанын да айта кеткен жөн. Ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесіне арқау болған бірнеше оқу және оқу-әдістемелік құралдары баспадан жарық көрді.

Нұрзила Сәрсенқызы – отбасында да бақытты жан. Жұбайы Жолдасқали Туғанов ұзақ жылдар комсомол, кәсіподақ қызметтерін атқарды, қазір зейнеткер. Ұлы Жанболат – мұнайшы, Астанада «Қазмұнайгаз» мекемесінде департамент директорының орынбасары, келіні Дания қаржы және несие саласының маманы болып еңбек етуде. Олардан бес немересі бар.

«Ұстазы жақсының ұстанымы мықты» дегендей, Нұрзила  Сәрсенқызын  ізбасар шәкірті «Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының директоры Маржан Әнесқызы Ғалымжанова: «Қашан да жүзінен жылылық шуағы ескен, әрбір сөзінен салиқалы сабырлылық лебі сезілетін, қай іске болсын үлкен ыждағаттылықпен қарайтын, үлкенді құрметтей, кішіні қадірлей білетін үлкен жүректі, жан-жағына нұрын шашып тұратын ұстаз» деп бағалайды.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының

кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button