ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ ЗОР ЫҚЫЛАСЫ
Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Қазақстан Мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова, Мәжіліс депутаттары Бақытжан Ертаев, Төлеген Ибраев, Нұртай Сабильянов, Қазақстан күрес федерациясының Құрметті президенті Дәулет Тұрлыханов және басқалар болды.
Абай атындағы кітапханада болған кездесуде Семей тұрғындарының Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипатпен қарайтыны атап айтылды. Себебі, ол Семей ядролық сынақ алаңындағы жарылыстарға тоқтау салды.
«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ядролық сынақ алаңын жаба отырып, туған халқының болашағы, денсаулығы мен өмірі ол үшін ең басты мәселе екенін бүкіл әлемге паш етті. Осы ұлы қадамы үшін семейліктер ядролық сынаққа қарсы қозғалыстың әлемдік көшбасшысы, дүние жүзі таныған біздің Елбасына Президент сайлауында шын жүректен қолдау білдіреді деп сенемін», — деп атап көрсетті Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты бизнес өкілдеріне әлемдік экономикалық тұрақсыздыққа қарсы тұруға мүмкіндік жасайтынын, ал, бес институционалды реформаның орта топтың қалыптасуына жақсы жағдай туғызатынын атап айтты.
Семей активінің алдында сөз сөйлеген Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздің басты патриоты деп атады. «Сондықтан да, республика патриоттары Ұлт Көшбасшысы үшін дауыс береді» деді ол.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасында орта және шағын бизнес жақсы дамып, кәсіпкерлер үшін барлық жағдай жасалғандығын айтты.
«Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали «Нұрсұлтан Назарбаевты «Қазақстанды әлемдегі дамыған елдердің қатарына шығарған ұлы мемлекеттік қайраткер» деп атады.
Семей тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаевқа өздерінің туған өлкесін жедел дамыған аймаққа айналдырғаны, жаңа жұмыс орындарын ашқаны, озық кәсіпорындарды тұрғызғаны, қазіргі заманға лайық тұрғын үйлер мен сапалы жолдар салғаны үшін зор алғыс сезімін білдірді.
Мұнда 2014 жылы ғана өндіріс өнімін өндіру көлемі 8 пайызға өсті, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 10 жоба жүзеге асып, 600 жұмыс орны ашылды. Өткен жылы ғана Семейде 6500 адам жұмыспен қамтылды.
Кездесу кезінде кәсіпкерлер Мемлекет басшысының үнемі қолдауы арқасында аймақта машина жасау өндірісі дамып келе жатқанын атап айтты. Мысалы, бір жылда трактор, автобус және автомобиль шығару екі есе өсті. Олардан ауыл шаруашылығы саласы да қалысар емес. Бұл бағыттағы өсім 12 пайызды құрады.
Жергілікті бизнесмендер Республикалық қоғамдық штаб мүшелеріне президенттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы еліміздің жол және әлеуметтік инфрақұрылымын қайта жаңартудағы атқарылатын істің көлеміне таңғалғанын да жасырмады.
Семей жұртшылығы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды мықты, тәуелсіз және гүлденген мемлекетке айналдырғанын атап көрсетті.