Жәрмеңкеден жұмыс тап!
Тәжірибе мен еңбек өтілінің жоқтығы жастардың жұмысқа орналасуына көп кедергі келтіруде. Бұл бағытта мемлекет тарапынан тиісті шаралар да алынып отыр. Соның бірі – Атырау қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі.
Жалпы, мұндай жәрмеңкеге жергілікті жастар көп келеді. Бұл жолы жәрмеңкеге 2000-ға жуық жас қатысты. Жұмыс берушілер 300-ге жуық жұмыс орнын ұсынды.
Олардың қатарында – «Каспиймұнайгаз», «Қазмұнайгаз», «Аспар Қашаған», «Назарбаев зияткерлік мектебі», «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі», «Intex steel», «Western recruitment agency» , «Тұрғын үй және құрылыс жинақ банкі», «Fircroft Kazakhstan», «Norsec Delta Projects», «People of service», «BAIZAAR», «ГЛОБУС НОРД-ВЕСТ», «Toyota center», «Ritm Oil», «Ideal Market», «Logic Services Kazakhstan», «Альфа Банк», «Марко», «Болашақ Атырау», «Рубеж Секьюрити», «Сункар Секьюрити», «TESLA ТАН», «Бірыңғай жинақтаушы қоры», «Fluor Kazakhstan Inc» және басқа да мекемелер бар.
Жәрмеңкенің нәтижесінен байқағанымыздай, дәнекерлеуші, сантехник, техника қауіпсіздігі инженері, құрылыс сатысын құрастырушы, экономист, құрылысшы-монтаждаушы секілді мамандықтарға сұраныс жоғары болды. «Жәрмеңке болатынын естіп, Орал қаласынан арнайы келіп тұрмын. Осыған дейін аспазшы қызметін атқардым. Алдағы уақытта да сол салада еңбек еткім келеді» дейді келушілердің бірі Айгүл Қажығалиева.
Ал, жұмыс беруші «Болашақ Атырау» компаниясының маманы Асылай Жолдыбаева аталған мекемеге эколог, дәнекерлеуші, қауіпсіздік қызметінің координаторы және техникалық маман иелері қажет екенін айтады. «Жұмыс іздеушілерге қоятын талабымыз жоғары емес. Бізге арнайы сертификатталған мамандар қажет. Сондай-ақ, еңбек өтілі талапқа сай болғаны жөн. Қолдан келгенше жергілікті мамандарды жұмыспен қамтуға тырысамыз» дейді ол.
Сол сияқты, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Расул Каримоллаевтың айтуынша, қазір өрт сөндірушілер, арнайы автокөлік жүргізушілері, бас есепшілер жетіспейді. Егер жасы 35-тен аспаған және әскери билеті бар тұрғындар болса, қызметке қабылдана алады.