Жәрмеңкеде — жергілікті өнім
Тұңғыш Президент күні Атырау қаласында ұйымдастырылған шаралардың бірі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болды. Онда азық-түлік базар бәсінен төмен бағаға сатылды.
Мәселен, картоп 80-100 теңгеден, жұмыртқа 21 теңгеден, сиыр еті 1300 теңгеден, сәбіз, қырыққабаттың бір келісі 80 теңгеден ұсынылды. Сондай-ақ, жәрмеңкеде балық сату да ұйымдастырылды. Айталық, сазанның бір келісі — 450 теңгеден болды.
Асылбек Құлбасов Атырауда шығарылатын шұжық түрлерін саудалап тұр екен. Бұған дейін өнімдерінің бір келісін дүкендерде 1300-1600 теңгеге сатса, бұл жолы бірнеше шұжық түрін 1100 теңгеден ұсынды. Либер шұжығының келісі — 800 теңге.
Әдеттегідей, жәрмеңке тұтынушыларға лезде лық толды. Олардың басым бөлігі алдымен жергілікті өнімдерді алуға асықты. Әсіресе, картоп пен жұмыртқаға кезек көп болды.
Алайда, кейбір тауарларға бағаның төмендемегеніне тұрғындар ренішін де білдірді.
Жалпы, жұртшылық жәрмеңкеге мерекелік көңіл-күймен келді. «Ел тыныштығы мен бірлігін сақтаған Елбасымыз аман болсын»,-деді тілегін білдірген тұрғындар. Мамандар енді осындай жәрмеңке жаңа жылға дейін демалыс күндері апта сайын өткізіліп тұратынын жеткізді.
Айбөпе Сабырова.