Сөз өнерінің сүлейі

кадир Жаңалықтар
Қадыр Жүсіптің сан тарау қырлары хақында өрелі өрімдер

кадир

Диктор

Табиғат шіркін жомарт қой. Ізденімпаздығының, еңбекқорлығының, Құдай берген талантының арқасында болар, Қадыр Жүсіп – елге бірнеше қырынан қатар танылған тұлға. Атырау жұрты оның аты-жөнін ең әуелі облыстық радионың дикторы ретінде таныды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына аяқ тастағанда оның құлаққа керемет жағымды, ашық та әуезді, күмбірлеген қоңыр үні радиоқабылдағыштар арқылы бүкіл облыс көлеміне тарады. Бақсақ, ол небәрі Гурьев мемлекеттік педагогика институтының IV курс студенті екен, дикторлық қосымша қызметі болып шықты. Әдеби хабарға қатысып, өлеңдерін оқыған шақта облыстық радионың редакторы, белгілі ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтің назарына ілігеді. Аңғарымды, әзілқой Меңдекеш:

– Ей, Қадыр, сенің үнің ғажап, қазақтың Әнуарбек Байжанбаевынан тіпті де осал емес. Дауысың «әуе толқынына жібер» деп сұранып тұр. Сөзді қойып, бізде дикторлыққа конкурс жарияланып жатыр, соған қатыс, – деп арқасынан қағады.

Ұяң мінезді, сезімтал Қадыр өзі қатты құрметтейтін, талантты ақын тұрғыласының ұсынысын далаға тастамай, жұлқынған елу шақты жас қатысқан іріктеу сайысына түсіп, бағын сынап қарағанда, қазылар алқасының құрамына бірден ұнайды. Әсіресе, облыстық телерадио комитетінің төрағасы Тасқали Құрманғазиев, бас редакторы Көптілеу Мақашев оның кең тынысты, бітімі бөлек үніне, әр сөйлемді орнына қойып, өз мәнерінде кідіріссіз оқуына дән риза болысады. Содан бастап Қадыр Өтегенұлы студенттік шақтарында да, қаладағы Абай, Алтынсарин атындағы орта мектептерде, №2 мектеп-интернатта ұстаздық еткен, облыстық халық шығармашылығы үйінің директоры болған жылдарында да он бес жыл бойы облыстық радионың дикторлығы қызметін қоса атқарды.

Ұстаз

Қадыр Өтегенұлының өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында жоғары оқу орнына ұстаздыққа келуі де, ғылыми жұмысқа бетбұрыс жасауы да кездейсоқ емес еді. Баспасөз беттерінде ойлы мақалаларымен, орамды өлеңдерімен көрініп, көзге түскен ұстаз, ақынды өзі бітірген институты абитуриенттерден емтихан қабылдауға шақырып тұратын.

Шәкірттерінің талантын танып, бағалап жүрген институттағы бұрынғы ұстазы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім, педагогика ғылымдарының кандидаты, Ленин орденді Сабыр Қазыбаев орайлы бір сәтте:

– Қадыр, сен бізге келсең қайтеді?! Білімің де, тәжірибең де баршылық. Ғылыммен айналысасың, – деп ой тастады.

Тосыннан берілген ұсыныс толғантып, қабырғасымен кеңесіп жүргенінде, сірә, Сабыр Қазыбайұлы құлаққағыс жасап, ықпал етсе керек, көп ұзамай оны институт ректоры Ерен Сақыпов шақырды. Бастауыш білім және бала тәрбиесі кафедрасында қазақ әдебиеті, әдебиет теориясы пәндерінен дәріс берген ол ғылыми ортаға келген екен, ғылыммен айналысу керектігін ұғынды.

Ғалым

Атақты ақын Әбу Сәрсенбаевтан құптау бата алған, ғұлама ғалым Зейнолла Қабдоловтың қолдауына ие болған Қадыр ақын Жұмекен Нәжімеденовтің лирикасын зерттеуді бастады. 1984 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультетіне ғылыми ізденуші болып тіркелгеннен кейін араға төрт жыл салып, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

Енді Жұмекен ақынның шығармашылық әлемінің бір қырын ғана емес, тұтастай құпияларын ақтаруды ғұмырлық мақсат, мұратына айналдырды. Жатса да, тұрса да ойлайтыны – Жұмекен өлеңдері мен дастандарындағы тұңғиық тереңдіктің сырларын ашу. Дүмбілез ой айту, қияс пікір білдіру – Қадырдың бойына сыймайтын қасиет. Ол академик-жазушы, профессор Зейнолла Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен ақын поэзиясын жіліктеп талдады. Әр өлеңіндегі, әр дастанындағы шумақтарға, жолдарға үңіліп, саралай отырып, ғылыми тоқтамдар жасады.

Сайып келгенде, осылардың бәрін «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы»  атты монографиясында топтастырып, баспадан жарыққа шығарды. 1996 жылы сол тақырыптағы қорғаған диссертациясы өте жақсы бағаланып, жоғарғы ғылыми аттестациялық комиссияның ұйғарымымен оған филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді. Екі жылдан кейін профессор атанды.

Тіл жанашыры

Ұлт мүддесі үшін, ана тілінің абыройы үшін күресу – Қадырдың тағы бір қыры. Сексенінші жылдардың аяғында Қадыр Жүсіп республикалық «Қазақ тілі» қоғамының Атырау облысы бойынша төрағасы болып сайланып, жыл сайын кері кетіп, халі мүшкілденіп бара жатқан қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында аз тер төкпеді. Төңірегіне Исатай Балмағамбетов, Халел Сағын, Мәлік Оңғалиев, Сабыр Ұзақбаев, Жәмиға Хасенова, Құсекен Шәукенов, Гүлнәр Шәмшиева, Теңдік Жауыр сынды азаматтарды топтастырып, кәсіпорындар мен мекемелерді, қоғамдық орындар мен мектептерді қара балшықты тізеден кешіп жүріп, аяқтай аралап, қазақ тіліне деген оң көзқарас қалыптастыруға жұмыстанды, оның аясын кеңейтісті. Орыс тілінде тәрбие беретін балабақшалардан таза қазақ топтарын, орыс мектептерінен қазақ сыныптарын ашуға қол жеткізді. «Қазақ тілі» қоғамының аудандық буындары құрылды. Кеңселердің маңдайша жазулары қазақыланып, жиналыстарда ана тілінде сөйлейтін жергілікті ұлт өкілдері көбейді.

Жігері күшті жан тоқсаныншы жылдардың басында Гурьев атын өзгертіп, облыс пен қаланы Атырау атандыру үдерісінің де алғы шебінде жүрді. Мұның бәрі қазір айтуға жеңіл болғанмен, ол кезде аса ауыр, қиямет-қайым шаруалар еді. Екі тілді еркін меңгерген Қадыр орыстардың намысына тимей сөйлеп, бұл мәселенің неліктен көтеріліп жатқанын түсіндіре білді, иландыра білді.

Журналист

Қазір Қадыр Өтегенұлы – үлкен бедел иесі, ел қадірлісі, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, Білім беру ісінің озық қызметкері. Өткен жылы Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдар академиясының Құрметті академигі атанды. Кеудесіне бұрынғы мемлекеттік марапаттарына қоса «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдары тағылды. Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Облыстық, республикалық баспасөз беттерінде материалдары үздіксіз жарияланып жүрген, редакциямен байланыстарын үзіп көрмеген оған «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы тағы берілді.

Аудармашы

Қаршадайынан өлең-жырға әуес болып өскен баланы сегізінші сыныпта оқып жүргенінде орыс әдебиетінен сабақ беретін Евгений Алексеевич Кудрявцев деген мұғалімнің Пушкиннің шығармаларын жатқа соғуы қызықтырады. Әсіресе, «Евгений Онегин» поэмасын оқығанда, дауысы күмбірлеп, арқаланып кететін еді.

Әсершіл Қадыр орыс ақынының қазақша аудармасын тауып алып оқиды. Қазақ ақындары Қасым Аманжолов, Ілияс Жансүгіров кітаптарына шұқшияды. Өзі де өлең жазып, оны қабырға газетіне ұсынады. Баланың таудай талабын байқаған мұғалімдері Қайыржан Рысмағамбетов, Құрымбай Нұрмағамбетов бағыт-бағдар сілтеп, қаламының ұшталуына қамқорлық жасай бастайды. Гурьев мемлекеттік педагогика институтына түскен соң филология ғылымдарының кандидаты Ермек Өтебаев жетекшілік ететін  «Жас қалам» әдеби үйірмесінің белді мүшелерінің біріне айналды.

Ақын

Ол қайда қызмет істесе де, қандай жағдайда да бала кезінен бергі серігі өлеңнен ажырамады. «Дана елінде», «Ер Салық», «Қыран самғау», «Асқар ақын» және өзге де дастандарды бірінен соң бірін туындатты. Бұл шығармалары «Естелік», «Асау Атырау», «Айша бибі» атты жыр жинақтарына енді.

Өткен жылы негізінен таңдамалы шығармаларынан құралған «Жылдар жаңғырығы» атты кітабы тағы жарық көрді. Астана, Алматы төрлерінен шығармашылық іссапармен келген ақын-жазушылар Атырау топырағына аяқтары тиісімен, енді Қадырды іздейтін, үйінде болып, ақынның жары Жұмағыздың қою шайының дәмін татпай, алты баласы мен олардан өрбіген немерелердің зыр жүгіріп жүріп көрсеткен құрметтері мен ілтипаттарын көрмей кетпейтін әдет тапты.

Ұйымдастырушы

Соңғы жылдары Қадыр Жұмекентануды жалғастырумен қатар, танымдық бірнеше кітаптар мен оқулықтар жазды. «Таңғажайып Бейбарыс», «ІІІың мен шыңырау», «Махамбеттану мәселелері», «Жыр жиһазы», «Алмас жыр», «Орта мектепте оқушылардың шығармашылық дағдысын қалыптастыру» және басқа да республикалық баспалардан жарық көрген кітаптары соның айғағы. Жазушы, композитор, музыка зерттеушісі, суретші Илья Жақановтың шығармашылығын кеңінен қамтыған, сан қырынан көрсеткен «Даланың дарқан дауысы» атты кітабы тағы жаңадан оқырман қолдарына тиді.

Тағы бір бітірген үлкен шаруасы – «Әдебиетке кіріспе»  атты электрондық оқулық. Оған республика жоғары оқу орындары ғылыми жұмыстарының көрмесінде тәуір баға берілді. Қадырдың қолға алған тағы бір бастамасы университет жанынан Зейнолла Қабдолов атындағы ғылыми-зерттеу орталығын ашу еді. Ол оған тас-түйін әзір болатын. Бұрын академик-жазушы туралы «Жазушы. Ғалым. Ұстаз» атты зерттеу еңбек жазса, оған жалғас «Зейнолланама» деген дастанды дүниеге әкелді. Екеуінің басы «Қазақтың Қабдоловы» атты кітапта қосылып, оқырмандарынан лайықты бағасын алды. Жазушы, ғалымның бес томдығын баспаға әзірледі. Демек, Зейнолла Қабдоловтың мұраларын бір кісідей білетін ғалым. Университеттің сол кездегі ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев әріптесі Қадыр Жүсіпті қолдап, орталыққа әдейі орын бөлді. Құптарлық қуаныш.

Қадырдың «Шың мен шыңырау» атты кітабы ғұлама хакім Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын талдауға, ғылыми зердеден өткізуге арналған еді. Енді, міне, университетте «Әбіш Кекілбаевтың ғылыми-зерттеу орталығы» ашылғанда, оның басқару тізгінін ұстау тағы Қадыр Жүсіптің еншісіне тиді. Мұндай абзал жанның республика қаламгерлерінің сапынан орын тебуі, әрине, таңсық емес.

Бір басына Құдай ғалымдықты, ұстаздықты, ақындықты, журналистікті, дикторлықты, ұйымдастырушылық қабілетті, тіпті, әншілікті де қатар сыйлаған Қадыр күнде ертемен қарлығаштың қанатындай әдемі біткен қасын керіп қойып, ойлы жанарын алға қадап, еңсесін кере ұстап Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Жайық жағасындағы бас ғимаратына қарай қоңыр қаздай маң-маң басып кетіп бара жатады. Ғылыми-зерттеу орталығындағы шаруаларын бірыңғайлауға асығады. Жасы сексеннің сеңгіріне жетсе де әлі тың, қимылы ширақ. 

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның

Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз