Жөндеу мен өңдеу отандық кәсіпорындардың басты проблемасына айналып отыр
Таң қаларлық жай, қазақстандық үш мұнай өңдеу зауыты толық қайта жарақтандырылған соң шикізат ретінде «қара алтынға» зәру болғалы тұр. Соның ішінде атыраулық байырғы кәсіпорында мұнайды тереңдете өңдеу жобасы биылғы үшінші-төртінші тоқсанда мәреге жетуі жоспарланған. Сол кезде байырғы өндіріс ошағында К5 халықаралық экологиялық талаптарға сай жанармай шығарылмақ.
Сайып келгенде, кәсіпорын қуаты жылына 14,2 млн. тоннадан 16,5 миллионға жеткізілмек. Қазақстандықтар жоғары октанды бензинді тыстан тасымалдау тауқыметінен құтылады. Тіпті өзіміз экспорттау мүмкіндігіне ие болатын тәріздіміз. Ал, енді осы зауыттарды шикізатпен қалай қамтамасыз етеміз? Қазірдің өзінде мұнай өндіруші компания-лар өнімдерін сыртқа шығаруға тырысып, ішкі нарықты толық қамтып жүрген жоқ. Ертеңгі күні қыруар қаражат жұмсалып жүзеге асырылған жобалар толық қуатында жұмыс жасамаса, қайтарым қалай болмақ?
Осы орайда Қазақстан «қара алтын» өндіру көлемін өсіргелі отыр. Халықаралық мұнайды көп экспорттайтын мемлекеттердің басын біріктіретін ОПЕК ұйымына мүше болмаса да, бұған дейін еліміз оның өнімді азайту жөніндегі келісімін қостаған. Ал, мұндай шешім көмірсутегі шикізаты бағасын көтеру үшін алын-ған-ды. Енді Қазақстан бұл шарт-тан шығатынын мәлімдеді. Энергетика министрі Қанат Бозым-баевтың айтуынша, өнім көлемі біртіндеп көбеймек. Әрине, бұл – күрт өсім деген сөз емес. Әйтсе де, биылға белгіленген 81 млн. тоннаны асыра орындауға қадам жасалмақ. Оның үстіне, жыл соңында мұнайдың әр баррелінің бағасы 50 долларға тұрақтауы болжанып отыр. Міне, осы ахуал да республикадағы отандық және шетелдік мұнай өндіруші компаниялардың ішкі нарыққа бет бұруына септігін тигізбек.
Оның үстіне, Энергетика тете-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, шикі мұнайды отандық өңдеуші кәсіпорын-дарға көбірек тарту үшін біраз жеңілдіктер көзделіп отыр. Әсіресе, мұнай өнімдерінің бағасын еркіндікке жіберу саясаты жалғасын таппақ. Осы орайда бастапқы қадам ретінде АИ-92 бензині мен дизель отынына мемлекеттік бақылау жойыл-ған-ды. Енді АИ-80 жанармайының құны да реттелмейді. Бұл, мамандардың пікірінше, «қара алтын» өндіруші компаниялардың өнімдерін мұнай өңдеуші зауыттарға көбірек тапсыруына септігін тигізеді.
Рас, мұнай өнімдерінің бағасын реттеу біртіндеп жүргізілмек. Жер қойнауын пайдаланушы-ларға салынатын салықты азайту да – «қара алтынды» ішкі нарыққа бұрудың бір тетігі. Көптен бері айтылып жүрген жайдың ақыры түйіні тарқатылатыны көмірсутегі шикізатын өндіру-шілердің иығынан ауыр жүк түсіргендей болмақ.
Жалпы, «Индустрияландыру картасы-2020» кешенді бағдарламасына еніп отырған осы жоба мәреге жеткенде шикі мұнайды өңдеу 80 пайыздан асып, зауытта Еуро-5 талабына сәйкес аса сапалы жанармай шығарылмақ. Қытайлық инвесторлармен бірлесіп атқарылып жатқан шара биылғы жылдың соңына қарай мәреге жетпекші. Тек отандық өнеркәсіпті қазақстандық «қара алтынмен» қамтамасыз ете аламыз ба? Міне, мәселе қайда! Осы орайда сонау жылдары республикада тағы бір мұнай өңдеу зауытын тұрғызу қажеттігі туралы мәселе көтеріліп, алайда, мамандар оның керексіздігін дәлелдеген. Сонда сөздің түйіні – қолдағы үш кәсіпорынды толық қайта жарақтандырып, шикізатпен қамтамасыз ете алсақ, өзімізде бензинді де, дизель отынын да жеткілікті шығаруға болатындығы.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ