Жарнама
Жаңалықтар

ЖҰМЫСШЫ ҚҰҚЫҒЫ ҚАЙТСЕ ҚОРҒАЛАДЫ?

 

Депутат Андрей Бегенеевтің айтуынша, еңбек дауларының туындауына көп жағдайда жалақының аздығы, жұмыстан қысқарту фактілері себеп болады екен. «Металлургиялық алпауыт саналатын «Арселор Миттал» компаниясындағы дау-дамай да жалақыны қысқарту фактісінен кейін шығып отыр. Рас, жекелеген компаниялар өз құрылымына, ішкі жағдайына өзгерістер енгізе алады. Оған құқылы да. Бірақ, еңбекшілер мәселесіне келгенде барлық ахуал заң аясында оңды шешілуі тиіс. Егер әлеуметтік жағдайға кері әсерін тигізетін тетіктер болса, ондай нәрселерді жаңадан қабылданатын «ҚР-ның Еңбек кодексі» аясында шешіп алуға мүдделі болуымыз қажет» деген депутат жаңа заң жобасының жетілдіретін, редакциялайтын тұстарының көп екендігін атап өтті.

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше ретінде қабылданды. Еліміздің сыртқы саясаты үшін бұл мемлекет имиджін көтере түсетін үлкен жетістік. Бірақ, ғаламдық қаржы дағдарысының әсері, тауарлардың қымбатсуы – жалақы мәселесін қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Осы орайда жиынға қатысушы кәсіподақ өкілдері жалақыны қайта қарау, көтеру мәселесін ұжымдық келісім-шарттың емес, мемлекеттің құзыретіне қалдыруды ұсынды.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «Атырау облысы Кәсіподақтар Орталығының» төрағасы Диас Сұлтанов еңбекшіні рекрутингті компаниялар арқылы жұмысқа алу жағдайындағы шикіліктерге тоқталды. Кәсіподақтың облыстағы бас өкілінің пікірінше, Аджип, ТШО сынды мұнай компаниялары жұмысшыларды негізінен рекрутингті орталықтар арқылы қабылдайды екен. Яғни, бұл мұнай алпауыттары жұмысшымен тікелей келісім-шарт жасаспайды деген сөз. «Сол себепті де, қолданыстағы заңнама көп жағдайда жұмысшыларды қорғай алмай жатады. Еңбек кодексінің жаңа жобасында компанияға жұмысшымен тікелей келісім жасауды міндеттеуді ұсынамын» деді ол.

Алпауыт компаниялар дегеннен шығады, әсіресе, мұнай және газ өндіретін кәсіпорындарға шетелдік мамандардың көптеп тартылатыны Атырау үшін таңсық емес жағдай. Тек, жергілікті мамандарға қарағанда олар бірнеше есеге артық жалақы алады. Ұзақ жылдардан бері өзгермей келе жатқан осы бір «формула» депутатпен арада өткен кездесу барысында да көтеріліп, кәсіподақ өкілдері қолданысқа енетін жаңа заңнамада отандық мамандарды әлеуметтік жағынан мейлінше қорғау тетіктерін қарастыруды ұсынды.

Жиын барысында көтерілген мәселелердің бірі, құрылысшылардың құқықтық, әлеуметтік, қауіпсіздік тұрғысында толық қорғалмау жайы болды. Кейде толық жұмыс күші, мүлде базасы жоқ компаниялардың тендерді ұтып алып, құрылысқа гастрабайтерлерді, яғни арзан жұмыс күшін тартатыны белгілі. Бір кездері Атырауда құлаған көпір оқиғасы, екі күннің бірінде Астананың құрылыс ошақтарында тіркеліп жататын тосын жайттар – олар жұмыс істеген жерде қауіпсіздік ережелерінің мүлде сақталмайтынын көрсетіп отыр. Соңы адам өліміне апарып соғатын мұндай бейберекет әрекеттер нақты тетіктерді шұғыл арада іске қосуды қажет етеді. Осы мәселеге орай пікір білдірген Парламент Мәжілісінің депутаты Андрей Бегенеев кәсіподақтарға құрылыс басында бақылаушы ретінде жұмыс істеуді ұсынды.

Зейнет жасындағы еңбекшілер жайы, жұмысшы жалақысына байланысты өзге де мәселелер көтерілген басқосуда Атырау облыстық кәсіподақтар орталығы тарапынан жаңа заң жобасына байланысты Парламентке бірнеше ұсыныстар жолданды. Мәселен, жаңа заң жобасына сәйкес, жұмыс берушілер кәсіподақтың баламасы болып табылатын кеңес құра алады. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «Атырау облысы Кәсіподақтар Орталығының» төрағасы Диас Сұлтановтың пікірінше, ішкі мәселелер талқыланатын кеңес жұмыс берушінің мүддесі үшін ғана қызмет етуі мүмкін. Өйткені, кеңестің кәсіподақ секілді құзыреті болмайды. Соның салдарынан жұмысшыны жан-жақты қорғау мүмкіндігі де төмендейді. Жаңа жобада, сондай-ақ, қызметкерге демалыс күндеріндегі, түнгі уақыттағы жұмысы үшін компенсация төлеу көлемін төмендету мәселесі қарастырылған екен. Жергілікті кәсіподақ жолдаған ұсыныстар пакетінде бұл мәселе де тереңінен зерделеніпті. «Әлеуметтік тұрақтылықтан асқан басты мәселе жоқ. Жалақының, компенсациялық төлемдердің қысқартылуы қоғамда толқу тудыруы ықтимал. Сондықтан, бұл мәселеде жұмысшылар құқығы бірінші қорғалуы керек» дейді жергілікті кәсіподақ өкілдері.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суреттерді түсірген  Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button