ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ
Бүгінде зейнет жасы алдындағы адамдар үшін жұмысқа орналасу мәселесінің қиындық тудырып тұрғаны белгілі. Дәлірек айтқанда, жұмыс берушілер өз ұжымына 40 жастан асқан қызметкерлерді алуға құлықсыз. Бұл жағдайда зейнет жасы алдындағы адамдардың әлеуметтік жағдайы қалай қорғалады? Осы сауалдар төңірегінде партия филиалына шағымдардың аз түспейтінін алға тартқан Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық филиалының бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев «мұның шешілу жолдарын табу керек» дейді.
— Қолданыстағы «ҚР-ның Еңбек Кодексіне» сәйкес ешбір адам жынысына, нәсіліне, жасына байланысты кемсітушілік көрмеуі тиіс, барлығына бірдей жағдай жасалу керек. Жұмыс берушілер жұмысқа орналасу туралы вакансиялық жарнамалар берер кезде үміткердің жасына шектеу қоймауы керек. Тағы бір айта кетерлігі, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шарты жасалған кезде кемсітушілік орын алмауы тиіс. Сонымен қатар, зейнеткерлік жас алдындағы адамдармен бір жақтық тәртіппен еңбек шартын бұзуға қатаң тыйым салынса, — деген Ерболат Құсманұлы өз ұсыныстарын ортаға салды.
Аталған мәселе төңірегінде жасалып жатқан жұмыстар да бар көрінеді. Белгіленген қаулы негізінде 50 жастан асқан адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары жасақталған. Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат Аманғалиева мәлім етті. «Биыл зейнеткерлік жас алдындағы адамдар ішінен жұмыспен қамту мәселелері бойынша хабарласқан 82 адамның үшеуі тұрақты жұмыспен қамтылса, 65 адам тұрғылықты жерде ұйымдастырылатын қоғамдық жұмыстарға жібе-рілді. Алдағы уақытта осы санаттағы азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру үшін бөлінген қаржы негізінде 45 адам жұмыспен қамтылады. Жұмыспен қамту агенттіктерімен бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, облыс бойынша бес бірдей жеке жұмыспен қамту агенттігімен Меморандум қабылданып, бірлескен жұмыстар жүргізілуде» деген ол, сондай-ақ, «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары аясында төмен пайызда несие алып, кәсіпкерлікпен айналысу да мұндай тығырықтан шығудың бір жолы екенін атап өтті.
Облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Айнаш Есжанованың мәліметіне сүйенсек, өткен жылы ерлер арасында 50-54 жас аралығындағы жұмыссыздар саны 638-ді құраса, биыл бұл көрсеткіш азайып, 491 адам жұмыссыз ретінде тіркеуде екен. Мұндай көрсеткіш әйелдер арасында да байқалады. Осы жас аралығында өткен жылы 1648 әйел жұмыссыз болса, ағымдағы жылы 842 әйел жұмыссыз ретінде тіркеліпті.
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес Қосыбаев «Өз-өзімізді алдап, жалған есеп-қисап жасауға шектеу қою керек. Жұмыссыздықты жою – ол бір күннің шаруасы емес. Бұл мәселені шешуде атқарар жұмыс көп. Алдымызда қаншама зауыт, фабрикалар салып, жаңа отандық кәсіпорындар ашу міндеті тұр. Осы орайда күш біріктіріп, көп болып жұмылған жөн» деп, қағаз жүзінде жұмыс жасамай, нақты іске көшу керектігін қайталап айтты. Бұл пікірді «дөңгелек үстелге» қатысқан өзге партия өкілдері де қоштап, өз ойларын ортаға салды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.