АТЫРАУЛЫҚ АЗАМАТТЫҢ КӘСІБІ КӨПШІЛІКТІ СҮЙСІНДІРДІ

rpproporpropopop Жаңалықтар

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БОЛСА ДА, МҮМКІН ЕМЕСТІ ЖАСАП ОТЫРҒАНДАР БАР. ТАҒДЫРДЫҢ СЫНЫНА ШЫДАМДЫЛЫҚ КӨРСЕТІП, АЛҒА ҚАДАМ БАСУ ЕКІНІҢ-БІРІНІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕ БЕРМЕЙДІ. ОСЫНДАЙ ЖАҒДАЙДЫ БАСЫНАН ӨТКЕРІП, ЕҢСЕСІН ТҮСІРМЕГЕН ЖАННЫҢ БІРІ – НАУРЫЗБЕК ШАКИЕВ.

Осыдан бес жыл бұрын Наурызбек жол апатына ұшыраған екен. Дәрігерлер бірнеше ота жасап, оны аман алып қалыпты. Бірақ, қос аяғынан айырылған.

– Тағдырдың тәлкегіне түсемін деп ешқашан ойламаппын. Осылайша тән жарасынан гөрі, жан жарасы мені жегідей жеді. Алайда, «Жүректен жүрекке» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әйкерім Досқалиеваның қоңырауы өмірімді түбегейлі өзгертті. Оның бастамасымен балаларға ойыншық жасап, көңілім бөліне бастады. Ізденіп, жұмысымды жетілдіре түстім, – дейді Наурызбек.

Арада бір жыл уақыт өткеннен кейін өзінің еңбегімен және халықтың қолдауымен операцияға қажетті қаражатты жинап, Грузия елінен ем алып қайтады. Бүгінгі күні Наурызбек – жеке кәсіпкер. Өзінің жеке қолөнерлік шеберханасы бар. Табиғи таза өнім – гипс материалынан түрлі мультфильм кейіпкерлерінің пішінінде балаларға тиын салғыш жасайды. Өрендер оны қалаған түсіне бояп, ой және қол еңбектерін жетілдіреді. Мұндағы тағы бір мақсат – балалардың ұсақ қол моторикасын дамыту. Наурызбектің арманы асқақ, мақсаты биік. Алдағы уақытта ойыншық жасайтын үлкен цех ашып, өзімен тағдырлас жандарды жұмыспен қамтығысы келеді. Кәсібінен бөлек Наурызбек спортпен де айналысады. Паракаратэден Қазақстан Республикасының мүгедек спортшыларының VI спартакиадасында бас жүлдені жеңіп алды.

«Бас екеу болмай, мал түгел болмайды» дегендей, өткен жылы Наурызбек өзінің екінші жартысын тауып, отау құрыпты. Жұбайыда өзі секілді халыққа қызмет етіп, қазіргі кезде балабақшада тәрбиеші болып қызмет жасайды. «Өсемін, өнемін» деген адамға еш кедергі жоқ. Жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға көмектесетін «Біз адамбыз, біз біргеміз!» атты қоғамдық қор ашып, қоғамға қалтқысыз қызмет етуде. Жуырда үкілеген үміті «Мейірім» атты жобасы да мемлекеттен қолдау тапса, өз жұмысын бастамақ.

Әңгіме кейіпкері мектепті, колледжді үздік тәмамдаған. Отан алдындағы борышын өтеп келіп, полиция бөлімінде қызмет еткен болатын. Мүмкін жұмысы жемісті болып, жарқын мансап жолын қалыптастырар ма еді, бірақ тағдырдың жазғанына амал бар ма? Қоғамға талмай қызмет етіп, өз жұмысын сүйіп жасаған адам ғана алға қарай ұмтылады, жасаған жұмысынан болашақ көреді. Еңбек бәрін де жеңбек.

– Адам қандай жағдай болмасын, ешқашан мойымауы керек. Ең бастысы – ниеті болса, ерінбей еңбек етсе, алынбайтын қамал болмайды, – деп сөзін аяқтады Наурызбек Шакиев.

Нұрсұлтан НҰРСЕЙТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз