Жұмысшының жалақысы өсті
Жақында өткен бір жиында облыс әкімі қала тазалығына қатысты сын айтқан болатын. Осыған орай «Арнаулы автобаза» ЖШС-інің жол тазалау қызметіндегі жұмысшыларының жалақысы екі есеге өсіп жатыр. Аталған құрылым басшысының орынбасары Самат Тұрниязов ұжыммен кездесуде осындай жағымды жаңалықты жеткізді.
«Арнаулы автобазаның» 1 санатты жұмысшысы бұрын айына 41 540 теңге алатын. Қайта есептеудің нәтижесінде оның көлемі 80 мың теңгеге дейін өсті.
— Облыс әкімі кәсіпорынның жұмысындағы кемшіліктерді жою жөнінде тапсырма берген еді, енді оны орындау шаралары жүзеге асуда. Проблеманың бірі – кадрлардың тапшылығы мен жалақының төмендігі. Ол жұмыс жүргізуде қиындықтар туғызған. Қыркүйек айынан бастап жол тазалау қызметіндегі жұмысшылардың еңбекақысын екі есеге көтерудеміз. Соның өзінде бізде 150 орын бос тұр, — деді Самат Тұрниязов.
«Арнаулы автобаза» басшысы орынбасарының пікірінше, 1 санаттағы жұмысшының айлық табысы 70 мың теңгені құрайды. Дегенмен, зияндылығы, мерзімнен тыс уақыттағы жұмыс және мереке күндердегі қызмет үшін ай сайын қосымша ақы төленеді.
— Осының нәтижесінде жұмысшы жалақысының жалпы көлемі 96 мың теңгені құрамақ. Мұның 17 пайызы кіріс табысы мен зейнетақылық төлемдерге аударылып, еңбеккер қолына 80 мың теңге ақша алады, — деді құрылым жетекшісінің орынбасары. – Осылайша, 1 қыркүйектен бастап жұмысшылар мен бригадирлерге жаңа есептеу бойынша еңбекақы төленеді. Ал, қазан айынан бастап арнайы техника жүргізушілерінің айлық табысы көтеріледі.
Тоқтала кетері, «Арнаулы автобаза» бүгінгі күні 10 арнайы техника сатып алуды жоспарлауда. Бұл қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытында тасымалдау мәселесін шешеді. Одан өзге, 290 орынға қосымша 4 және 6 метрлік контейнерлер қойылмақ.
Азамат сансызбайұлы