мысшы ы ын к¦м ор айды

Жұмысшы құқығын кім қорғайды?

Жаңалықтар

Атыраулық жұмыс берушілер еңбек адамының мүддесін қорғайтын ұйымнан неге қашады? Өңірдегі кәсіпорындар мен мекемелерде өндірістік кеңес құру мәселесі әлі күнге дейін неге шешімін таппай келеді? Оған не кедергі? Түйткілді тақырыптың түйінін тарқату үшін  Атырау облысының кәіподақтар орталығы еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бағытында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Мақсат – кәсіпорындардағы еңбек жарақатын болдырмау мен оның алдын алу жолдарын табу. 

Ж__мысшы ______ы__ын к¦м __ор__айды

Еркін форматтағы басқосуға салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары, республикалық еңбекті қорғау ғылыми-зерттеу институтының, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының, прокуратура органдарының, «Теңізшевройл», НКОК, «Ембімұнайгаз» және басқа да мекемелердің өкілдері қатысты. Олар бүгінгі еңбек адамын мазалаған өткір мәселелерді қозғады.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргені мәлім. Осылайша, елімізде саяси және экономикалық реформалармен қатар, идеологиялық бағытта да жаңғыру жұмыстары басталып кетті. Соңғы кезде көбейіп отырған еңбек дауларын шешу үшін де қалыптасқан жүйені өзгерту  жұмыстарын жүргізу қажет. Осындай басқосулар өтіп тұруы керек. Оның мақсаты – еңбек қауіпсіздігі ережелерінің дұрыс қолдануы мен бұзылмауына Үкіметтің, жұмыс берушілер мен  қоғам назарын аудару.

Қолымыздағы мәлімет бойынша, дүние жүзінде еңбек қауіпсіздігі шараларын тиісті дәрежеде сақтамауынан күн сайын 5-6 мың адам жұмыс орындарында қаза табады екен. Бұл – халықаралық еңбек ұйымының ресми ақпараты және ол көрсеткіш әр жылы орташа есеппен он пайызға өсіп отыр.

Облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасы Саламат Еламанов:

– Еліміз бойынша жұмыс орындарында құрылған өндірістік кеңестер өте аз. Оларды құру жұмыстары баяу жүруде. Осындай ұйымдар Германияда табысты жұмыс атқаруда. Онда кеңес мүшелері еңбек адамына ешқандай қысым жасалмауын қатаң қадағалап отырады. Оларды жұмыстан шығаруға ешкімге құқық берілмеген. Ал, бізде бұл бастама енді ғана көтеріліп жатыр. Біздің жұмыс берушілер мұндай кеңестер кәсіпорынның дамуына кедергі келтіреді деп санайды. Егер оларға жаңа жүйенің тиімділігін қазірден түсіндіре алмасақ, басталған іс аяқталмай, тек қағаз жүзінде ғана қалуы мүмкін.

Тағы бір жайт, сырттан келіп ақыл айтқанды ешкім ұнатпайды ғой, сондықтан, кеңес мүшелері іштен сайлануы керек.  Еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия жұмысын да жандандыру қажет. «Теңізшевройл» мен НКОК компанияларынан басқа ірілі-ұсақты қаншама мекеме бар, соның бәрі бір жүйеге бағынғаны жөн. Өйтпеген жағдайда еңбек адамының мүддесін ешкім де қорғамайды, – деді ол.

Бұл орайда облыстық еңбек инспекциясының бөлім басшысы Сырым Жабасов та өз ойын білдірді.

– Үстіміздегі 1 сәуірдегі жағдай бойынша «Модерн Электро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жергілікті 66 жұмысшыға екі жылдан бері 6,5 миллион теңге қарыз. Биылдың алғашқы тоқсанында аймақта 12 жазатайым оқиға тіркеліп, 12 адам зардап шеккен, үшеуі қаза тапқан. Бұл нені көрсетеді? Демек, халықтың біраз бөлігі әлі де болса еңбек заңдылығын білмейді. Соны жұмыс берушілер өз пайдасы үшін қолданып отыр, – деді ол.

Соңында қатысушылар өздерін мазалаған сауалдарды жолдады. Ауысыммен еңбек ететін атыраулық бір тұрғын өзінің демалыс уақытында біліктілікті арттыру курсына баруға мәжбүр екенін айтып шағымданды. Заңдылығында, демалыс уақытындағы қызметкерді мазалауға ешкімнің құқы жоқ. Ал, жұмыс берушілердің бірі қызметке жаңадан алынған 20-25 жастағылардың кәсіби ауруға шалдығуы мүмкін еместігін айтып, өтемақы төленбеу керектігін алға тартты. Тағы бір тұрғын 15 жыл бойы ауыр жұмыс жасап,   бел омыртқасына зақым тигенін айтты. Жұмысқа жарамсыз деп танылған. оған «денсаулығының бұзылуына кәсібінің қатысы жоқ»  деген желеумен 30 мың теңгеден басқа өтемақы төленбеген. Мұндай мысалдар жетіп артылады.

Р.S. Қалай десек те, еңбек адамының мүддесі мен еңбек қауіпсіздігі мемлекеттің ұдайы назарында тұрғанын ұмытпаған жөн.  Ендігі кезекте әр жұмыс орны өз ішінен өндірістік кеңестер құруды жеделдетуі керек.  Егер бұл жүйе тиімсіз болған жағдайда, жұмысшы құқығын қорғаудың басқа бір әдісі жолға қойылмақ. Бұл – «дөңгелек үстелге» қатысқан мамандардың түйінді пікірі.

Амандық Сағынтайұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған