Жарнама
ЖаңалықтарСаясатЭкономикаҚоғам

Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір

Кәсіподақ – еңбек  ұжымдарындағы сан қырлы қызметті  ұйымдастырушы, қарапайым жұмысшылардың жанашыры, әрі мүддесін қорғаушы қоғамдық ұйым. Еңбек адамдарының арасында болып, олардың мұң-мұқтаждарын жедел шешуге атсалысатын да кәсіподақ болуға тиісті. Аталмыш ұйым осынау ауқымды міндеттерді қалай шешіп отыр? Кәсіподақтың  қоғамдағы  орны мен рөлі қандай? Біздің тілшіміз осы және  оқырманды мазалайтын басқа да сауалдарға  жауап алу  үшін облыстың  аумақтық   кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған БАЙМҰХАНОВҚА жолығып, сұхбаттасқан болатын.

ДКБ

Ізтұрған Ұзақбайұлы, кез келген ұжымдағы қарапайым еңбек адамының мүддесін қорғауда, еңбек қатынастарын реттеуде және еңбеккерлер мен жұмыс берушілер арасында сындарлы диалог орнатуда  кәсіподақтың маңызы ерекше. Қоғамдық ұйым ретінде бүгінгі кәсіподақтың қоғамдағы орны туралы қандай пікір білдірер едіңіз?

– Елбасы атап көрсеткендей, кәсіподақ – әлеуметтік мемлекет құруды, атқарушы билік органдарымен және жұмыс берушілермен әріптестік қарым-қатынас орнатуды жақтайтын азаматтық қоғамның бір бөлігі. Бүгінде еліміздің Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің ұйымдастыруымен аталмыш ұйым жұмыскерлердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғайтын беделді қоғамдық институт екендігін көрсете білді. Мәселен, еңбек қатынастарын реттеу кезінде кәсіподақтардың рөлі мен қызметі айрықша көрініс табады. Жалпы, біз бүгін қоғамдық сананы өзгерту деген мәселеге ерекше көңіл бөліп отырмыз.

Кәсіподақ ұйымының негізгі міндеті – жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқығын қорғауға, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына жұмыс жасайды. Ұжымда еңбек заңдылығы бұзылып жатса, мәселені ушықтырмай, оны жұмыс берушімен реттеуге, жазатайым оқиға болған жағдайда еңбек адамына қолұшын беріп, көмектесуге кәсіподақ келеді. Сындарлы диалог еңбек нарығында жұмыс беруші мен жұмысшының арасында еңбек қатынастарын реттейтін екіжақты келісім-шарт немесе еңбек ұжымы мен жұмыс берушінің арасында ұжымдық шарт болған жағдайда орнайтыны мәлім.

Қазір еліміздегі кәсіподақ ұйымдарына деген көзқарас та, пікір де өзгере бастады. Өйткені, ұйым жұмысына енгізіліп жатқан жаңалық көп.

Жасыратыны жоқ, бұрынғы кеңес заманында кәсіподақты адамдар отбасы мүшелері үшін шипажайлар мен демалыс үйлеріне, лагерьлерге жолдама беретін ұйым ретінде қабылдайтын еді. Сол түсінік өзгерді ме? Кәсіпорындардағы қандай ма бір даулы немесе әлеуметтік мәселелерді шешудегі кәсіподақ ұйымының  белсенділігі туралы не айтар едіңіз?

– Кәсіподақ азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және заңды еңбек құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің сақталуын қадағалайтыны белгілі.

«Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас-тамасымен 80 мыңнан астам мүшесі бар бір салалық, он облыстық филиал және үш жергілікті кәсіподақтар қызмет етеді. Бірлестіктің негізгі қызметі – өңір жұмысшыларының еңбек, әлеуметтік-экономикалық және кәсіби құқықтарын қорғау, жұмыс берушілермен өзара тиімді әлеуметтік ынтымақтастықты ұйымдастыру, өңірдегі барлық кәсіподақ ұйымдарын біріктіру және қызметін үйлестіру, кәсіподақтармен ынтымақтастық пен тәртіпті нығайту, мемлекеттік органдарда, жұмыс берушілер және олардың бірлестіктерінде, соттарда өкілдік етіп,  жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау.

Кәсіподақтар орталығы облыс әкімдігімен, мемлекеттік еңбек инспекциясы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, басқа да мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» партия-сы филиалымен әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша ынтымақтаса жұмыс істейді.

Өркениет көшінен қалмай кәсіподақтардың қызметін жаңарту және жаңғыртуға бағытталған жаңа даму векторлары анықталып, жаңғырудың Жол картасы жасақталды. Осы құжатта әлеуметтік әділдік және әріптестік қағидаларын дамыту, әлеуметтік-еңбек қатынастарын арттыру, кәсіподақты нығайту үшін нақты міндеттер айқындалған. Негізінен елімізде кәсіптік одақтардың жаңа жүйесі құрылды, жұмыс беруші мен жұмысшының өзара қатынастарына көзқарас жаңарды деп айтуға болады.

Былтыр қазан айында өткен кезектен тыс XXV съезінде Кәсіподақтар Федерациясының жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жаңа редакциядағы Жарғы бекітілді.  Кәсіподақтар қозғалысын жетілдіру бойынша алдағы міндеттер айқындалды.

Еңбек ұжымдарында жұмысшы-қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге, еңбек дауларын реттеу-ге кәсіподақ қаншалықты қауқарлы?

– Ел игілігі жолында еңбек етіп жатқан жұмысшының құқығын қорғауда қорғансыздық танытуға кәсіподақтың құқығы жоқ. Себебі, еңбек дауларының алдын алу мен болдырмау үшін жұмыс берушімен тиімді шешім қабылдауға ұйытқы болу – кәсіподақ қызметінің негізгі көрсеткіші. Еңбек дауларын шешу мақсатында облыстық сотпен бірлесе отырып, Кәсіподақ үйінде татуластыру орталығы ашылды.

Еңбек дауларының алдын алуды көздеген 21 өндірістік, құрылыс компаниялары еңбек ұжымдарымен кездесулер, «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Мәселен, «Алтиес Петролеум Интернешнл» компаниясының 100 жұмысшысы өз шағымдарымен кәсіподақтың көмегіне жүгінді. Шағымның мазмұны – айлық еңбекақыны көтеру, зиянды жұмыс үшін қосымша ақы төлеу және тағы да басқа мәселелер. Жедел түрде жұмыс берушімен кәсіподақтық алаңында кездесіп, кәсіби келіссөздер жүргізу нәтижесінде ұжымдық еңбек дауы өз шешімін тапты.

«ЮСС Супорт Сервисез» компаниясының 700-дей жұмысшысы жалақы мөлшерін көтеру мәселесімен Еңбек инс-пекциясы басқармасына және облыстық кәсіподақ  бірлестігіне жүгінді, ұжымдық еңбек дауы әлі күнге дейін жалғасуда. Қазір компания басшылығына еңбек дауының алдын алу мақсатында тиісті Меморандум жобасы ұсынылып, жұмыс берушінің  қатысымен талқылануда. Бүгінгі таңда 200-ге жуық жұмыскердің мүддесін қорғау үшін кәсіподақ тарапынан сотқа тиісті талап арыз дайындалуда.

2017 жылдың қараша айында «Вест Моторс Сервис» ЖШС басшылығы төрт қызметкерді жұмыстан босатқан. Негізгі себеп – қызметкерлер санының қысқаруы. Облыстық сот аталған компанияның қызметкерлерді жұмыстан босатуын заңсыз деп танып, былтыр шілдеде оларды жұмысқа қайтадан орналастырды.

Кәсіподақтар орталығының үйлестіру кеңесіне кіретін кәсіподақ ұйымдары бар 500 мекеме-кәсіпорында келісу комиссиясы құрылған. Оның өкілдері Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының негіздеріне, келіссөздер жүргізу машығын дамытуға және еңбек дауларында консенсусқа жетуге жыл сайын оқытылуда. Мысалы, өткен жылы «ALC Attorneys» халықаралық заңгерлік компаниясы арқылы  келісу комиссиясының  52 мүшесі оқытылды.

Өндіріс пен құрылыста жұмысшы-қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін сақтап, қорғау мәселесіне қаншалықты маңыз берілген?

– Еңбек қауіпсіздігі бағытында кәсіподақтардың бастамасы бойынша үшжақты облыстық комиссиясымен 2018-2020 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» өңірлік бағдарламасы мақұлданды. Аталмыш мәселе бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы және кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, 22 кәсіпорынның өндірістік кеңестерінің жұмысы туралы комиссия отырысы өткізіліп, олардың жұмысын алға қарай жандандыру жөнінде бағыт-бағдар берілді.

Жалпы өңірде 96 кәсіпорында өндірістік кеңестер құрылған. Олар жұмыс берушінің, жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі бойынша талаптарды қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіби аурулардың алдын алу, жұмыс орындарындағы жағдайларды және еңбекті қорғауды ұйымдастырады, еңбек қауіпсіздігі бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда. Қазіргі таңдағы Төртінші өнеркәсіптік революция аясында қолданыстағы бар мамандықтың 90 пайызы сақталғанымен, олардың міндеттері түбегейлі өзгереді. Бәсекеге қабілетті еңбек ресурс-тарын қалыптастырудың басты шартының бірі – еңбек және білім беру нарығының өзара іс-қимылы.

Елбасының жастар мен отбасы институтын кешенді қолдауды мемлекеттік саясаттың басымдығына айналдыру мақсатында 2019 жылды

«Жастар жылы» жариялағанын ескере отырып, кәсіподақтар алдағы қаңтар айында республикалық жастар форумын өткізбекші.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, кәсіподақтардың басты міндеті, негізгі мақсат-мүддесі – еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы алтын көпір ретінде өз функциясын орындау болмақ.

Сұхбаттасқан:

Бақытжан ЖҰМАТ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button