Жұмекен өлеңдерін жатқа оқыды
Қазақ әдебиетінің классигі, жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі, Қазақстанның халық жазушысы Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында Мақат ауданындағы Х.Санбаев атындағы орта мектепте «Жұмекен оқулары» сайысы болып өтті. Мектеп мұғалімдері арасында тұңғыш ұйымдастырылған аудандық сайысқа жеті педагог қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.
Сайыс ақын өлеңдері мен прозасынан үзіндіні жатқа оқу, ақынға арнап арнау өлең, эссе жазу, ақын өмірі мен шығармашылығынан тест орындау сияқты төрт бөлімнен тұрды. Байқауда өзінің өлең оқу шеберлігімен, образға ену ерекшелігімен, ақындық қабілетімен, өз білімімен көзге түскен Әлия Хамидуллина бас жүлдені иеленсе, бірінші орынды Ұлмерек Елубаева, екінші орынды Қуандық Таңғалиев, үшінші орынды Әсел Қуанышева қанжығасына байлады. Ақынның кіндік қаны тамған туған жері Құрманғазы ауданы, Қошалақ ауылында болатын облыстық кезеңге Ә.Хамидуллина мен Ұ.Елубаева жолдама алды.
Сандуғаш РЗАҚАНОВА,
Х.Санбаев атындағы орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Мақат ауданы.