«ЖҰЛДЫЗДЫ ДОДА» ДУМАНҒА БӨЛЕДІ
Ойыншылар жасыл алаңға шықпас бұрын еліміздің Әнұраны ойналды. Командалар өзара сәлемдесіп болған соң, төрешінің пәрменімен ойын басталып кетті. Екі жақ та тамаша ойын өрнегін көрсетіп, намысты қолдан бермеуге тырысты. Бірінен бірі өткен қос командаға бірдей жанкүйер болған атыраулықтар стадионды дүбірге бөледі.
Ойын үстінде біз облыстық спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұхановты сөзге тартқанбыз.
— Белгілі өнер жұлдыздары мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы жолдастық кездесу Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отыр. Мақсат – осындай жолмен жергілікті жерде бұқаралық спортты дамыту. Осы ойынды өткізу туралы облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ұсыныс айтты. Енді өзі де атыраулық құраманың капитаны болып өнер көрсетуде. Аймақ әкімдігі қолдау білдіріп, атыраулықтар үшін қызу ойын мен қызықты кеш ұйымдастырылып отыр, — деді ол.
«Алатау» командасында көзге түскен «Музарт», «НұрМұқасан», «Ринго», «Mysterions», «Арай» топтары, Нұржан Керменбаев, Жұбаныш Жексенұлы және белгілі актер, тележүргізуші Тәуекел Мүсілім сынды әншілер нағыз кәсіби футболшылардай дерсің. Жұлдызды футболды тамашалай келген жанкүйерлердің қарасы да көп болды.
Жақында ғана өзінің 375 жылдығын атап өткен әсем қаламыздың тұрғындары мен қонақтары жүздерін теледидардан ғана көретін өнер майталмандарымен дидарласқандарына дән риза. Тартысты матч 3:3 есебімен тең аяқталды. Ал, ойын соңы гала-концертке ұласты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.