«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!»
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Баязи ӘБДЕШЕВ БАҚ өкілдеріне Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының Атырау облысында орындалуы туралы кеңінен әңгімеледі.
Аталған бағдарламадан туындайтын міндеттерді орындау мақсатында Атырау облысында көптеген жұмыс жүргізіліп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілуде. Сонымен бірге, облыс әкімі қаулысымен тілдерді дамыту мен қолданудың 2014-2017 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары қабылданып, іске асырылуда. Осынау жұмыстарға облыстық бюджеттен үш жылға 33 млн. теңге қаражат қаралған.
Бұдан әрі басқарма басшысы жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың барлығы да іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп отырғанын, сонымен бірге, мұндай үдеріс ішкі құжат айналымына да тән екенін баса айтты. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысында мұнай-газ саласында қызмет ететін төрт ірі кәсіпорында – «ТШО», «Сазанқұрақ», «ҚазМұнайГаз — Бұрғылау» ЖШС-тері мен «Қожан» Акционерлік қоғамында ҚР «Тіл туралы» Заңының орындалуы зерттеліп, оларға әдістемелік көмек көрсетілген.
Басқармада бұларға қоса «Қазтест» жүйесін қолданысқа енгізу жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл – азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтап, бағалау жүйесі. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығымен бірге қызметшілердің қазақ тілін білу деңгейін «Қазтест» бойынша анықтау үшін 2013 жылдан бастап тест өткізіліп келеді. Қазір бұл тестімен республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, дәрігерлер, мұғалімдер қамтылуда. Нәтижесінде былтыр – 2419, ағымдағы жылдың бірінші жартысында 2181 адам осы жүйе бойынша диагностикалық тестіден өтті.
Тағы бір маңызды мәселе – ересек адамдарды тілдерге оқыту. Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге оқыту облыс әкімі аппараты жанындағы «Мемлекеттік қызметшілерді қайда даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығы» КМҚК арқылы жүзеге асырылуда. Бұл орталықтың қазақ тіліне оқыту әдістемесі «Қазтест» стандарттарына сәйкес жасақталған. Былтыр осы орталықта 260 адам – қазақ тілі, 14 адам – орыс тілі, 102 адам ағылшын тілі курстарында оқып шықты. Ал, биылғы бірінші жартыжылдықта тиісінше — 167, 37 және 52 адам оқыды.
Ересек адамдарды тілдерге оқытумен жекеменшік лингвистикалық орталықтар да айналысуда. Осы жылдың басында тілдерге оқытумен айналысатын 22 жекеменшік оқу орталығының бар екені белгілі болды. Сонымен қатар, «тілдердің үштұғырлығы» қағидатын жүзеге асыру мәселесі де назардан тыс қалмауда. Мәселен, қазақ жастары арасындағы орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті» байқауы тұрақты өткізілсе, қазақ, орыс, ағылшын тілін меңгерген жастардың арасындағы «Тілдарын» олимпиадасы мен «Тіл шебері» байқауы көптің қызығушылығын тудыруда. Облысымыздың тіл жанашырлары түрлі республикалық байқауларға белсенді қатысуда. Өткен жылы республикалық байқауға Атыраудан барған төрт сайыскер жүлделі орынға ие болса, биыл жеті адам республикалық конкурстарға қатыспақ.
Брифинг барысында басқарма басшысы Баязи Әбдешев облыста ономастика саласында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталып, жергілікті халықтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің жоғарылығын атап өтті. Жүргізілген әлеуметік зерттеу қорытындысымен ересек халықтың 96,9%-ы — қазақ тілін, 92%-ы — орыс тілін, 10,1%-ы ағылшын тілін түрлі деңгейде меңгерген. Соңынан сұрақ-жауапқа кезек берілді.
2015 жылы мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған 845 мәдени-бұқаралық, әдістемелік, танымдық шара өтті. Осы жылдың алғашқы жартысында осындай 206 шара жүзеге асқан. Басқарма ұсынысымен жоғары оқу орындарында, Ішкі істер департаментінде, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасында, облыстық Әділет, Төтенше жағдайлар департаменттерінде, отандық кәсіпорындар – «Қазақтелеком» АҚ Атырау филиалында, «АМӨЗ» ЖШС-де, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Атырау» магистралды газ құбырлары басқармасында, шетелдік және бірлескен кәсіпорындар — «ТШО» ЖШС, «Аджип Қазақстан Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (Аджип ҚКО) қазақ тілін дамыту бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып, орындалуда.
Лиза Шайхашқызы
Ата-анаңа хабарластың ба?!
Ежелден «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп келген қазақ үшін үлкендер паналайтын үкімет үйінің ашылуы тосындау жағдай болып еді. Ел тәуелсіздігін алған жылдары осындай үйлерді ашудың, шынымен де, қажеттілігі туды. Өйткені, заманнан ба, адамнан ба, әйтеуір жасы келген ата-аналарын артық санайтын бала-келін көбейді. Өз үйіне өзі симаған кемпір-шалдың осындай үкімет үйлерін жағаламасқа, соларды паналамасқа амалы қалмады…
Біздің газетіміздің тұрақты авторы, марқұм Кенже Әбілғазиев жастайынан аурушаң болған. Саулығы кем жігіт үйленбей, өмірінің ақырына дейін жалғыз өтті. Ауруы меңдеген кезде облыстағы қарттар мен мүгедектер интернат үйіне барды. Сонда жиырма жылдың үстінде тұрды. Ара-арасында редакцияға келіп, оны-мұны жазғанын әкеліп, шешіле әңгіме айтатын.
— Мені қойшы, отбасым, бала-шағам жоқ, соқайған қара басым. Ал, қарттар үйіне бірнеше баласы бар адамдар келуде. Соларды көріп, қатты ойға батамын. Туған балалары мен өмірлік қосақтарына қажет болмаған мына азаматтар кімнен кем еді?! Өмірлерінің көбі өтіп, азы қалғанда бір шаңырақ астында тату тұруға болмас па?Түсінбеймін. Сосын өзімді жұбатып, осындай жандар қасында менің мұнда келуім орынды болар деп қоямын… — деген болатын Кенже аға.
Рас, адам үлкейгенде бала болып, сәл нәрсеге ашуланады, мінез көрсетеді. Бұл, сөз жоқ, бала-келінге ұнамайды. Сосын алған жарының ығына жығылған ұл әкесін не анасын қарттар үйіне тапсырады. Өзін өмірге әкелген ең қымбат жандарды жылатып, үкімет бағымына беріп отырған бала-келін күндердің күнінде өздерінің де қартаятынын, осылайша өз балаларына қажет болмай қалатынын бір сәт болса да ойламайды. Өкінішті-ақ…
Біз көбіне «қай нәрсенің де киесі, обал-сауабы бар» деп жатамыз. Тіпті, көшеде ас-сусыз жүрген иттің күшіктерін аяп, алдына тамақ әкеп саламыз. Жол бойында құмырсқаның илеуін көріп қалсақ, «басып кетпейікші» деп, айналып өтеміз. Көше бойындағы тал-теректерге су құйылмаса, жауапты орындарға хабарлаймыз. Дабыл қағамыз. Сөйте отырып, неге екенін қайдам, үйіміздегі ата-анамызға титтей де болса көңіл бөлуге уақыт таппаймыз. Уақыт бөлу былай тұрсын, көз алдымызда жүрген адамдардан алшақтай береміз. Осының бәрі, отбасындағы тәрбиеде, бейқам өсіп жатқан ұрпақтың санасында сияқты.
«Сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» деген ата-ана, бала дегенде жаны қалмайды. Ал, бала әр күн сайын ата-анасы туралы ойлай ма, оған хабарласып тұра ма?!
Лиза Сейтімова
Алғашқы сабақ: «Мәңгілік ел» мұраты
Индер ауданындағы білім беру ошақтарында жаңа оқу жылының сабақтары әсерлі өтті. Оған облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мерей Жантөриев арнайы барып, қатысып қайтты.
М.Әуезов атындағы мектепте барлығы 1014 шәкірт білім алса, 111 оқушы бірінші сыныпқа қабылданып отыр. «Мәңгілік ел» мұраты әңгіме болған сабақ барысында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгерім Шүйінішқалиевалар ізгі тілектерін жеткізді. Осындай сабақ бұдан басқа тағы 12 білім беру ұйымында өтті.
Ал, «Көктем» қазақ орта мектебінде 462 оқушы білім алып келсе, биыл ол тағы 49 оқушымен толықты. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқарма басшысының орынбасары Салауат Өтеғұлов, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Шакимов және мектеп директоры Орынша Ділмұқашева жылы лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ, 801 шәкіртке білім беретін Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке бұл жолы 87 шәкірт қабылданды. Облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Ізғалиев, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Қалжан Ахметова және мектеп басшысы Айман Меңдігереева жиналғандарды басталған жаңа оқу жылымен құттықтады. Соңы «Мен – өз Отанымның патриотымын!» атты дәріске ұласты.
Амандық Сағынтайұлы
Индер ауданы.