Зейнетақы жарнасы қандай табыстан ұсталады?
Зейнетақы жүйесіне енгізіліп жатқан өзгерістер жұртшылық арасында қызу талқыға түсті. Әсіресе, әлеуметтік желіде заңдағы толықтыруларға қатысты түсініспеушіліктер кездесуде. Халық арасына тараған ақпаратта «жеке тұлға өз мүлкін алып-сатудан да Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 10 пайыз жарна аударады» дегенге саяды екен. Толғандырар тақырып туралы толығырақ түсіндірген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова барлық зейнетақы аударымдары азаматтардың тапқан табысынан ғана төленетінін атап айтты.
– Мәселен, кәсіпорын жұмысшылары үшін тапқан табысы оның жалақысы, жеке кәсіпкер үшін – бұл тікелей кәсіпкерлік қызметтен алынған кіріс, жеке нотариустар үшін – бұл олар көрсеткен қызметтен түскен табыс саналады. Ал, өтемақылы шарт негізінде заңды немесе жеке тұлға үшін жұмыстардың немесе қызметтердің белгілі бір түрін орындайтын азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарнасы аталған жұмыстарды немесе қызметтерді (жеке мүлкін сатудан емес) орындау нәтижесінде алынатын кірістер төленеді. Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, ағымдағы жылдың 14 шілдесінен бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойыша табыс алатын жеке тұлғалар, сонымен қатар адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлемге жататын табысынан өз пайдасына міндетті зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады, — деп жазды вице-министр «Фейсбуктегі» парақшасында.
Сондай-ақ, вице-министр азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт аясында алынған жеке тұлғалардың табысы ретінде азаматтардың орындаған жұмыстары немесе көрсеткен қызметі нәтижесінде алынған табысы айқындалғанын атап көрсеткен.
– Осыған орай, «Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы аясында қабылданған түзетулерді жүзеге асыру үшін министрлік «Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша Үкіметтің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасын әзірледі. Қаулы жобасы азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібі мен мерзімін де айқындауды қарастырады. Бүгінгі күні жоба мүдделі мемлекеттік органдармен, сарапшылық кеңестермен және аккредиттелген ұйымдармен келісу процедурасынан өтуде, — дейді Светлана Жақыпова.
Айта кетелік, «Зейнетақымен қамтамасыз ету» туралы заңға енген өзгеріске сәйкес, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар зейнетақы төлемін жасауға міндеттелген еді. Осыған орай, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры басқармасы төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева уақытында төлем жасамаған фрилансерлердің қандай жауапкершілікке тартылатыны туралы айтқан болатын.
– Дер кезінде жарна төлемеген агенттер үшін өсім қарастырылады. Агент дегеніміз – міндетті зейнетақы жарнасына ақша аударуға тиіс заңды, жеке тұлғалар. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заң тұрғысынан оларға бірінші кезде айыппұл салынып, қайталанған жағдайда жауапқа тартылады, — дейді басқарма төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, 2020 жылға қарай елімізде жалпы табысты декларациялау шаралары енгізіледі. Соған сәйкес, табысты анықтау басталады. Зейнетақы жарнасын дұрыс тәртіпте әрі уақытылы жасауды мемлекеттік кірістер органдары қадағалайтын болады.
«Жаңа тәртіпке сәйкес азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс тауып отырған жеке тұлғалар мен кәсіпкерлердің айлық кірісі есептеледі. Содан екінші деңгейлі банктер арқылы 10% өндіріледі», — деді С.Егеубаева.
Сіз не дейсіз?
Қарлығаш Жансариева, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары:
– Жалпы, елімізде зейнетақы қоры жүйесінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттың отыздан астам түрі бар. Ал, заңдағы бұл өзгеріс кәсіп иесінің тапқан табысынан төленетін жарнаға қатысты. Мәселен, тұрғын үй немесе кеңсеге жөндеу жұмыстарын жүргізетін сылақшы немесе құрылысшыға 300 мың теңге көлемінде еңбекақы беріледі делік. Жалдамалы жұмысшы, не қызмет көрсетуші тапқан табысының 10 пайызы көлемінде жарна аударуы тиіс.
Айбөпе САБЫРОВА