
Зауыттың мердігер компаниясына тексеріс жүргізілуде
Ақпарат көздерінде жарияланып жатқан Антикордың тексерісі зауыттың мердігер компаниясына қатысты жүргізіліп жатыр. Бұған дейін АМӨЗ-дің Қауіпсіздік қызметі баяу кокстеу қондырғысына (УЗК) жөндеу жүргізген мердігер компанияға қатысты заң бұзушылықтарды анықтап, сот органдарына 13.12.2024 ж. жүгінді. Сонымен қатар АМӨЗ материалдарды экономикалық тергеу департаментіне де жолдады.
Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы кейбір құжат тексерілгенімен, бұл тек мердігер компанияға қатысты тергеу аясында ғана жүзеге асырылды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатқандықтан, өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
–Осы ретте дәлелденбеген ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз. Атырау мұнай өңдеу зауыты өз қызметін ашықтық пен заң талаптарына сәйкес жалғастырып жатыр. Қазір кәсіпорын штатты режимде жұмыс істеп тұр. Өндірістік процесте кідіріс жоқ, — делінген баспасөз хабарламасында.