
Зауытта жастарға кәсіби бағдар берілді
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының бастамасымен Атырау мұнай өңдеу зауытында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері қатысты.

–Іс-шараның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орнын көтеру, жастарға адал еңбек пен кәсіби біліктің маңызын ұғындыру болды. Біз еңбектің қадірін түсінетін, кәсібіне адал, елімізге пайдасын тигізетін жастарды тәрбиелеуді көздейміз. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз еңбекқор, табанды, әрі шынайы білікті ұрпақтың қалыптасуына жол ашамыз. Бұл – ел болашағына салынған іргетас деп білеміз, — деді аталған партия филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Жалмұқанов.

Кездесу барысында қатысушылар қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау бойынша нұсқаулықпен танысып, кейін экскурсиялық автобуспен зауыт аумағын аралады. Студенттер негізгі өндірістік нысандар мен технологиялық процестерді көріп, мұнай өңдеу технологиясы, зауыт құрылымы және цехтар жұмысы туралы толыққанды мәлімет алып, мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген еңбек әулеттерімен кездесіп, олардың тәжірибесінен тағылым алды.
Шара соңында студенттер мен жас мамандарға арналған ашық пікір алмасу және сұрақ-жауап сессиясы өтті. Жалпы 84 адамды қамтыған бұл шара білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, кәсіби жолды енді ғана таңдаған жастарға нақты бағдар берді.
Тоғжан ЕРМЕК