ЗӘУРЕШТІҢ САЛҒАН ӘНДЕРІ-АЙ…

Селодағы «Арман» мәдениет үйінің және «Ақ желең» ұлттық-фольклорлық ансамблінің, сонымен қатар «Еспай» ұлт аспаптар оркестрінің әншісі, қазақтың ұлттық әндерін нақышына келтіре орындаудан  талай рет республикалық, облыстық байқауларда жеңімпаз атанып жүрген өнерпаз қызымыз Зәуреш Жұмағалиеваның сахнада ән шырқағанына  жиырма жыл толды.

Зәуреш алғашқы еңбек жолын Тасшағыл кеңшарындағы «Жігер» комсомол-жастар бригадасында шопан болып бастаған. Бұдан кейін Атырау қаласындағы №3 кәсіптік-техникалық училищесінде білім алды.

«Менің өнер жолын таңдауыма аудандық мәдениет бөлімінің сол кездегі меңгерушісі болған, ақын, марқұм Аманқос Сабыров ағамыз себепші болды. 1990-1991 жылдары «Қоғам» селолық клубында меңгеруші қызметін атқардым. 1992 жылы Атырау облыстық мәдени-ағарту училищесінде «Клуб қызметкері» және «Қор ұжымы жетекшісі» мамандығы бойынша дәріс алдым. Оқуды тәмәмдаған соң Қызылқоға аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Тамаша-думан» тобының әншісі болдым. Бұл күнде өнердегі майталман аға-апаларымыз Жәкуля Нұрғалиевтің, Ғалия Ықыласованың, Жәния Ізбасқанованың, Сағидолла Якуповтың, Қалидолла Ізекеновтің ізбасары атанып отырмын. Мәдениет үйінің әншісі болғандықтан, халық әндерін, жергілікті сазгерлердің, халық композиторларының әндерін үнемі репертуарыма енгізіп отырамын»,-дейді әнші Зәуреш Бисенбайқызы әңгіме барысында.

Зәурештің бойындағы әншілік қасиеті әкесінен дарыған. Бисенбай ағамыз – кезінде домбырадан ән төгілдірген талантты жан.  Әсіресе, Мұхит бабамыздың әндерін жеріне жеткізе шебер орындайтын ғажайып әуезді үнімен Қызылқоға жұртшылығы арасында үлкен беделге ие болған дарын иесі. Ағасы  Әлібекті де қызылқоғалықтар әншілігімен, домбыраның құлағында шебер ойнайтын шеберлігімен де ерекше құрметтейді. Әлібек – суырып салма ақындығымен де танылған азамат.

Зәурештің шаңырағы селода «өнерпаздар отбасы» атағына ие болған. Өйткені, ері Бауыржан Жандосов та, ұлы  Әзілхан мен қызы  Әселхан да  өнерден құр алақан емес. Ал, Зәурештің енесі, он бала тәрбиелеп, өсіріп отырған алтын құрсақты Зоя анамыз – селодағы «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі. Зәуреш «Арман» мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ақ әжелер» және «Балдәурен» эстрадалық ән үйірмесімен жұмыс жасайды.

Мағрупа ҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз