«ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР КӨМЕКСІЗ ҚАЛМАЙДЫ»

Облыс әкімі облыстағы табиғи жағдайға байланысты арнайы брифинг өткізді 

Атырауға нөсерлетіп жауған жауынның жергілікті атқарушы билікке де үлкен сын болғаны шын. Дегенмен, жедел әрекет етіп, ұтымды ұйымдастырудың арқасында қиындық өз уақытында шешімін тауып отыр. Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов журналистерге табиғи құбылысқа байланысты қазіргі жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. 

 

Табиғаттың тосын мінезінің зардабы мына деректерден анық көрінеді: Соңғы мәлімет бойынша Атырау қаласында 119 тұрғын үй, 252 аула телімін су басқан. Азаттық даңғылының бойындағы ескі екі қабатты үйлер де зардап шегіпті. Олардың ішінде қатты зардап шеккені–16 пәтерлік №128 үй. Сонымен қатар, қала іргесіндегі Геолог, Жұмыскер елді мекендеріндегі тұрғындар да қиындыққа душар болды. Нөсер жауынның кеселін жою мақсатында облыс әкімінің өкімімен арнайы штаб құрылды. Суға кеткен тұрғын үйлер мен ғимараттарды тексеру жөнінде облыстық комиссия іске кірісті. Осындай жұмысшы орындар Атырау қаласы әкімінің өкімімен де құрылып отыр.

– Нөсерлетіп жауған жауынның зардабын азайту, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру мақсатында жергілікті жерде шұғыл шаралар жүзеге асуда. Бүгінде барлығы 482 адам (оның 98-і бала) қаланың төрт мектебіне орналастырылды. Атап айтқанда, №27 мектепке 117, №30 және №2 мектептерге тиісінше 24, 102 адам және Балықшы поселкесіндегі Абай атындағы орта мектепке 45 адам көшірілді, – деді облыс әкімі.

Қаладағы кейбір аралық стансалардың (подстанса) істен шығуы тораптық-сорғы стансасының жұмысына тікелей әсер етті. Дегенмен, жедел әрекет етудің нәтижесінде бүгінгі жағдай реттеліп келеді. Аймақ басшысының баяндауынша, нөсер жаңбырдың зардабын жоюға 143 техника тартылып отыр. Төтенше жағдайлар  және ішкі істер департаменттерінің жеке құрамы, Ұлттық гвардияның жауынгерлері ортақ мақсат жолында уақытпен санаспастан еңбектенуде. Атап көрсетерлігі, республикалық маңызы бар жолдардағы жағдай бірқалыпты. Теміржол қатынасында да іркіліс жоқ. Су өткізуші және жасанды имараттар, сонымен қатар, өмірлік қажетті нысандар ерекше бақылауға алынған.

– Облыстық комиссия өз жұмысына кірісті. Тексеру қорытындысы бойынша осы аптаның аяғына дейін мәліметтер нақтыланады. Барлық зардап шеккендерге қажетті көмек пен қолдау көрсетілетін болады, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Брифингте төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жанынан алты телефон желісі жұмыс жасап тұрғандығы айтылды. Көмек қажет ететін адамдар оған хабарласуына мүмкіндігі бар.

Облыс әкімі осындай сәтте халықтың қиналысына түсіністік білдіріп, көмек қолын созып жатқан кәсіпорындар аз еместігін айтты. Олардың қатарында Атырау мұнай құбырлары (Казтрансойл), «Вест дала»,  «Ембімұнайгаз», «Атырау су арнасы», «Атырау арнаулы базасы», Атырау мұнай өңдеу зауыты, тағы басқалары бар. Алайда, жергілікті жерде жұмыс жасағанымен өзін ортақ проблемадан тысқары ұстайтын құрылымдар да кездесіп жатыр. Атырау жылу желілері (Атырауэнерго), «Іскер» консорциумы, «Казтелеком», «Қазтрансгазаймақ» және басқа ұжымдар соған мысал бола алады. «Жұртшылықтың қиналысымен ортақтаспаған, көмек қолын созбаған кәсіпорын-мекемелердің тізімін болашақта облыстық газеттердің бетінде, жергілікті телеарналарда атап көрсету ойымызда бар» деді осы тұста аймақ жетекшісі.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұдан соң журналистер қойған біраз сұраққа жауап берді.

Түйіндей айтқанда, аймақ басшысы нөсерлетіп жауған жауыннан зардап шеккендердің ешқайсысы да көмек, қолдаусыз қалмайтындығына сендірді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз