Жарнама
ЖаңалықтарИнфрақұрылым

Заңсыз құрылыстың зардабы көп

Биыл Атырау облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары  жеке және заңды тұлғалардың арызы негізінде «NB Towers», «Quattro», «Мальтийский дворик», «Асыл тас», «Green park», «Lagoon park» ЖШС, «Сункар Девелопмент» ЖШС, Индер ауданы Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп, Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы «Барыс» дене шынықтыру нысаны «Береке» ықшамауданындағы 240 пәтерлі тұрғын үйлерге жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген. Бұл жөнінде облыстық қоғамдық кеңес отырысында белгілі болды.

Құрылыс құжатсыз салынбауы тиіс

Мәселен, «NB Towers» тұрғын үй кешеніне тоқталған аталған басқарма басшысы Нариман Биғали тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз, хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асырғаны үшін хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құрылысқа рұқсат құжаттарын толық жасақтағанға дейін басқарма тарапынан құрылысты тоқтату туралы нұсқама берілгенін айтты. Нұсқама талаптарын орындамағаны үшін жауаптылар жауапкершілікке де тартылған. Қазіргі уақытта құрылысқа рұқсат құжаттар жасақтамағандықтан облыстық экономикалық сотқа Азаматтық кодекстің тиісті бабына сәйкес, заңсыз құрылысты бұзу жөнінде талап арыз жолданыпты.  

img 4262

– Дәл осы негізде «Quattro», «Асыл тас», «Мальтийский дворик», «Lagoon park», «Green park» тұрғын үй кешендерінде жеке тұлғаның арызы негізінде тексеріс тағайындалып, жұмыстар жүргізілді. «Quattro», «Мальтийский дворик» тұрғын үй кешендерінде өрескел түрде жобадан ауытқушылық анықталып, заң бойынша хаттама толтырылды және рұқсат құжаттарын жасақтағанша құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату жөнінде нұсқама берілді. Ал, «Асыл тас» тұрғын үйге жалғама, «Lagoon park», «Green park» бойынша құрылыс жұмыстарына сараптама мекемелерінің оң қорытындысынсыз және техникалық, авторлық қадағалауынсыз жұмыстар жүргізіліп жатқандығы анықталып, мұнда да құжаттар дайын болғанша құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтатуға тиісті, -деді ол.

Сонымен қатар, «Алмагүл» ықшамауданындағы 10-11 үйдің цокольді қабатында жүргізілген қайта жоспарлау және қайта жабдықтау жұмыстарының заңдылығына тұрғындардың, Қаныш Сәтбаев көшесі 43 «а» мекен-жайында салынып жатқан «жерүсті жүргінші өтпе жолы және автокөлік кірме жолы» құрылысының тапсырыс берушісі «Сункар Девелопмент» ЖШС-не қатысты жеке тұлғаның арызы негізінде  жоспардан тыс тексеру жасалған екен.  Біріншісіне  заңға сәйкес рұқсат құжаттарын жасақтау қажеттігі туралы және нысанды пайдалануды уақытша тоқтатуға нұсқама берілсе, екінші жағдайда хаттама толтырылып, сотқа жолданған және заңға сәйкес рұқсат құжаттарын жасақтағанша құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтату жөнінде нұсқама беріліпті.

img 4263

Сол секілді Индер ауданы Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп пен Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы «Барыс» дене шынықтыру нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарының тапсырыс берушінің арызы негізінде басқарма мамандары тексеру жүргізгенде мердігерлер жіберген кемшіліктер анықталған. Осы себепті кінәлілер жауапкершілікке тартылып отыр.

Көрмес, түйені де көрмес

Аталған жоспардан тыс тексерістерден бөлек облыс орталығынан құрылыстары басталған «Жібек жолы», «Ақмаржан», «Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat» секілді тұрғындарды алдап, сан соқтырған тұрғын үй кооперативтері туралы айтып өтті.

Бүгінде «Жібек жолы» және «Ақмаржан» тұрғын үй кешені бойынша сот процесі аяқталса, «Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat» тұрғын үй кешендері бойынша пайшылардың арызы негізінде тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Көктем» тұрғын үй кешені бойынша заңсыз құрылыс жөнінде сот шешімі қабылданыпты. Қазіргі таңда заңсыз құрылысты бұзу келесі жылдың наурыз айына қалдырылғанға ұқсайды.

Расында салымшыларды сендіріп, қалталарына қол салған кооперативтер басшыларының мұртын балта шаппай тұр. Оның үстіне алақандай Атырауда мұрындарының астында салынып жатқан құрылыстарды көрмейтін жауапты басқармаларға көптің көңілі қалғандай. Жылдап сауда-саттық орталықтарында таныстырылымы тұрғанын да алға тартатын салымшылардың әбден сергелдеңге түскені жасырын емес. «Көрмес, түйені де көрмес» деген заңсыз құрылыстарды көретін көз қайда? Жауаптылар жұмыстарына жауапкершілікпен қараса, мораторийді дәлел етіп, сыныққа сылтау табудың қажеті болмайтын еді. Алаяқтарды қолдайтын мораторийларды аяқтан шалатын заң баптары да табылар бәлкім.

Жауапты ведомство баяғыша кәсіпкерлерді тергеп-тексеруге мораторий барын алға тартып, судан таза, сүттен ақ болып шыға келеді. Кеңес мүшесі Салтанат Рахимова мораторийді алға тартқанымен, алдын ала кәсіпкерлермен сөйлесіп, келісімге келу керектігін айтады. Жауапты басқарма құрылысы біткен кезде «ұйқыларынан» оянып, жеке тұлғаның арызы түскен кезде тексеріс жүргізеді-міс, ақыр соңында құрылысты бұзуға шешім шығарады. Осылайша, кәсіпкер де, алданған тұрғындар да сорлап қалады.

Нысандардың берілмеуіне не себеп?

Кеңес кезінде облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов осы жылы жасалған жұмыстарға тоқталып өтті. «Әп, бәрекелді» дейтін де, «әттеген-айлап» бас шайқайтын да жағдайлар барын жасырмады. Білгеніміздей, Водников ауылынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1200 орындық мектеп салу үшін қалалық әкімдіктен жер телімі берілген. Бірақ, бұл жерде бұрын орналасқан инженерлік желілер құрылыс жүргізуге кедергі келтіргендіктен, құжаттарды рәсімдеу мүмкін болмай отырған көрінеді. Аталған мәселе шешілмесе, жақын арада мектеп құрылысы басталмайды.

 – «Жайлы мектептерге» инфрақұрылым жүргізу жобасы бекітілген кестеге сәйкес жасалуда. Жоба  жыл аяғында толық аяқталып, қала, аудан әкімдіктеріне беріледі. Сонымен қатар келесі жылы 2000 орындық мектеп салу үшін таңдап алынған «Самал» ықшамауданындағы орын Ы.Алтынсарин атындағы №11 мектептің орнына ауыстырылды. Мектеп құрылысын жүргізу үшін белгіленген орынға қосымша жеті жер телімін мемлекет мұқтаждығына алу арқылы рәсімдеу керек. Оған қоса мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салынатын «Бином» мектептеріне де жер телімі толық мемлекет мұқтаждығына алу жұмысы баяу жүріп жатыр, — деді басқарма басшысы.

  Дамбы ауылында салынып жатқан 300 орындық орта мектептің құрылысы 2021 жылы сот процесі жүруіне байланысты тоқтатылған болатын. Бүгінде сот шешімі әлі алынбапты. Айтпақшы, Атырау ықшамауданы Исатай даңғылы бойына қосалқы стансасы бар жедел жәрдем бекетін салу үшін берілген жер телімі заңсыз деп танылып, шешімнің күші жойылған. Осыған байланысты нысанның құрылысын жалғастыру мүмкін болмай отыр. Қазір қалалық әкімдік жер телімін қарастыруда. Бұл ретте жоба қайта жасалады.

  Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, Көкарна және Қара депо ауылдарында 25 келушіге арналған жанұялық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы  2021 жылы көтерілген қылмыстық іске байланысты әлі күнге дейін тоқтап тұр.

 – Жұмыстың 90 пайызы аяқталғанымен де, пайдалануға бере алмай отырмыз. Үш жылда істелген жұмыстың сапасы төмендеп, жарақталған жабдықтар мен құрылыс материалдары жарамсыз болу қаупі бар. Дәл осындай жағдай жоғарыда баяндалған Дамбы мектебіне және қаладағы 3 спортзал құрылысына да қатысты екендігін қаперге беремін, — деген баяндамашы спорт саласындағы жұмыстардың жүру барысында да бірқатар мәселе барын жайып салды.

Мәселен, Құрманғазы ауданындағы орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары бекітілген кестеден қалыс қалып келеді екен. Сонымен қатар, Қызылқоға ауданы Сағыз ауылындағы және Индер ауданы Көктоғай ауылындағы спорт кешендері де алдыңғысының күйін кешіп отырғанға ұқсайды. Мұнда да  мердігердің салғырттығынан жұмыстар едәуір кешігіп, жосықсыз деп тануға сотқа талап-арыз жолданған. Қазіргі уақытта мердігерді анықтау үшін қайтадан конкурс жарияланған екен.

Ескерер жағдай, бүгінде көптеген әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаның сметалық құжаттамалары түзетіліп жатыр. Сол себептен нысандарды пайдалануға берілу мерзімі қайта қаралып, осы жылға бөлінген бюджеттік қаражаттың толықтай игерілмеу қаупі де жоқ емес секілді.

Техникасыз тереңдету мүмкін емес

Басқарма басшысы облыс шегіндегі Жайық және Қиғаш өзендерінің су көлемін ұлғайту және гидрологиялық режимін жақсарту мәселелеріне де тоқталды. Кеңес мүшелері түп тереңдету жұмыстары жасалғанымен, оны әрі қарай да жалғастырмаса, бәрі бекер екенін айтады. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Жайық  кеме жүретін канал болғандықтан  Көлік министрлігінің құзырына қарайтынын, сол себепті су жолдарына бөлінетін қаражат көлемін көтеру, Жайықтың түбін тереңдету мәселелерін жауапты министрдің алдында көтергенін жеткізді.

– Ал, Қиғаш бойынша айтуларыңыз орынды. Бір жыл тазартып, әрі қарай да күтім жасалмаса олар бұрынғы қалпына кері келеді. Алдымызда тұрған мәселе түп тереңдету техникаларын сатып алу болып тұр. Ол өте қымбат. Бүгінде бұл мәселе қаралуда. Көп жұмыстардың жүргізілмеу себебі – мемлекеттік сатып алуға байланысты. Қазір мемлекеттік сатып алу басқармасына қосымша 17 штат беріліп отыр. Облыстағы мемлекеттік сатып алу тек бір жерден өткізілетін болады. Сонымен қатар, техникалық шартта мекеме он күн ішінде мобилизация жасап жұмысын бастамайтын болса, біз біржақты келісімді бұзатын болып өзгерттік, — деген Қайрат Нұртаев бірқатар мәселені шешу жолдары қарастырылып жатқанын, елді алдаған кооперативтердің жайына да тоқталып, кәсіпкерлердің жағдайына қарасып тұрған мораторийге қатысты пікірін де айтты.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button