Заңсыз еңбек мигранттары құрықталды
Atr.kz/22 шілде, 2019 жыл. Атырауда егістік басында және құрылыста заңсыз еңбек еткен Өзбекстан азаматтары ұсталды.
«15 ер азамат қала сыртындағы алып құрылыстардың бірінде заңсыз жұмыс істеген. Құрылысшылар 3 қатарлы жатақхана салып жатқан. Олардың барлығына ҚР ӘҚбтК 517-бабы 5 бөлігі бойынша хаттамалар толтырылып, сотқа жолданды», — деп хабарлады көші-қон қызметінің мамандары.
Сонымен қатар, шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тартқан Атырау тұрғынына қатысты әкімшілік шара қолданылып, 126 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Өзбек азаматтары егіс алқаптарында да жұмыс істеген. Сондай-ақ, өңірдегі ауылдардың біріндегі шаруа қожалығында заңсыз жұмыс істеген 10 азамат анықталды. Олар ел аумағына кіру заңдылығын бұзғанымен қоймай, рұқсат етілмеген қызметпен айналысып, нәпақа тапқан.
Жалпы 16-19 шілде аралығында өткен «Заңсыз келуші» жедел алдын алу шарасы барысында тиісінше құжаттарын көрсете алмаған 34 шетелдік қабылдап бөлу орталығына жеткізілсе, 14 өзге ел азаматы Қазақстаннан сот үкімімен шығарылған. Шетелдіктерді заңсыз қызметке тартудың жауапкершілігі барын біле тұра, арзан еңбек күшіне қызыққан 43 Қазақстан азаматы енді қомақты айыппұл төлейтін болады.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»