Замана талабы – заңға сүйену
Ғалымдар қазақстандық сот жүйесінің дамуын белгілі бір кезеңдерге бөліп қарастырады. Яғни, алғашқы уақытта көбінесе бұрынғы кеңестік дәуірдегі сот ісін жүргізудің практикалық элементтері кездесіп қалатын. Ол кезеңдегі үстемдік етушілер – Конституциялық сот, жалпы юрисдикция соттар, (шаруашылық юрисдикциясы бойынша) төрелік соттар болып табылды. Соңғы қабылданған Конституциямызда сот құрылымын қайта құру кезінде сот жүйесіндегі «бытыраңқылық» жойылып, соттар біртұтас бола бастады.
Тәуелсіздік жылдарындағы сот жүйесі
Еліміздің егемендік алған алғашқы жылдарында судьяларды қызметке тағайындау мәселесі түйткілді сұрақ туындатқан. Кейін оның да түйіні шешіліп, тәртіп бойынша төменгі саты судьялары Президент Жарлығы бойынша, ал Жоғарғы сот судья-лары Парламент Сенатының сайлауынан өтіп барып қызметке тағайындалатын болды.
2000 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты басшылығына Қайрат Мәми келгеннен кейін, соттың даму үрдісі жаңаша сипат алды десем артық айтқаным емес. Алғаш рет соттардың қызметтік және құзыреттік беделін айқындайтын «Сот және судьялардың мәртебесі туралы» жаңа Конституциялық заң қабылданды. Ол бұрынғы заңмен салыстырғанда мүлдем өзгеше болды. Заңда республика соттарының жұмысының жаңа бағытын бекіткен жаңа нормалар тізбектелді.
Заңнаманы қабылдау қандай қиын жұмыс болса, оны тәжірибелік тұрғыда жүзеге асыру одан да күрделі құбылысқа айналатыны айдан анық белгілі болатын.
Даму кезеңінің шарықтау шегінде сот ісін жүргізуді жеңілдету мәселесі қолға алынып, модернизациялану науқаны басталды. Бұл уақытта жаңа мамандандырылған соттар құру қолға алынды. Елбасы Жарлықтарымен мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттар, мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар, мамандандырылған әкімшілік соттар еліміздің барлық облыстарында қаз-қатар ашыла бастады. Сөйтіп, заңмен бөлектетілген істер осы соттарда қаралатын болып, қазіргі уақытқа дейін мамандандырылған соттардың жұмысы жалғасын тауып келеді.
Соттардың рөлі күшейді
2005 жылы тағы бір өзгеріс орын алып, соттылықты ажырату мәселесі күн тәртібіне қойылды. Осы арқылы жергілікті соттардың рөлі күшейіп, апелляциялық инстанция соттары мен Жоғарғы соттың қызметі жеңілдетілді. Себебі, бұл соттарда қаралатын істер бірінші саты соттарының қарауына берілді.
Бұдан кейін «Сот жюриі» деп аталатын жаңа орган құрылды, бұл қара қылды қақ жарған судьялардың тәртібі мен біліктілігін сарапқа салып, қызметтік тағдырын шешетін бірден-бір жүйеге айналып үлгерді. Сот жюриі құрылмас бұрын судьяларды тәртіпке шақырып, оларға қатысты қандай да болмасын тәртіптік өндіріс ашу — бұл Жоғарғы сот төрағасы мен облыстық сот төрағаларының өкілеттіліктерінде болатын. Кейін бұл процедураны сот жюриі алқалық құраммен жүзеге асырып отыруға көшті.
Тәуелсіз сот құру барысында ең басты мәселе – соттың басқа билік тармақтарынан тәуелсіздігін қамтамасыз ету еді. Дегенмен, бастапқы уақытта соттардың кейбір қызметі Әділет министрлігіне тәуелді болатын. Заңнамалық актілерді өзгерту арқылы жаңаша сот тарихында минис-трліктен бөлек соттардың қызметін қамтамасыз ету үшін Жоғарғы сот жанындағы Соттар әкімшілігі комитеті (қазіргі уақытта Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті), сондай-ақ Жоғарғы сот Кеңесі секілді органдар құрылды. Олардың әрқайсының күрделі міндеттерді атқарып келетінін айтып өткен жөн. Мысалы, Жоғарғы сот Кеңесі судьялық үміткерлерді сынақтардан өткізіп, тек білгір қызметкерлерді іріктеп-ұсынушы функцияларды атқарады.
Сот ісін жүргізуді оңтайландыру жұмыс-тарының жалғасы ретінде заңнамаларда орын алған өзгерістер, сот жүйесін бірінші саты, апелляциялық және кассациялық, сондай-ақ Жоғарғы соттағы қадағалау сатысы ретінде орнықтырды.
Үлкен істің бастауына айналған құрылтай
Сот жүйесінің тарихында соңғы судьялар құрылтайының алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Бұл жиын республика соттарының қызметін мүлдем жаңа бағытта жалғастыруды көздеді. Атап айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот төрелігін сабақтастыра отырып жаңғыртуға кірісу, сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды қолдануды күшейту және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас жасау сынды тапсырмалар берді. Сонымен бірге, судьялардың санын көбейту есебінен жүктемені азайтуға тапсырмалар межеленді. Дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізуге және жанжалдарды соттан тыс реттеу институттарын дамытуға баса назар аударылды. Осы орайда медиация туралы отандық заңнаманың халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп қабылданғанын атап кеткен жөн.
Көп ұзамай мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформа бойынша заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселесін алға тартты. Бұл тұрғыда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары көпшіліктен қолдау тауып, жарқын істерге жол аша түскендей. Ұлт жоспарына сәйкес, кәсіби білікті әрі тәуелсіз сот жүйесін дамыту өзекті міндет ретінде қарастырылды.
Бес институционалдық реформаның екіншісі бөлімі тұтастай заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталды. Бүгінгі күні бұл бағытта қыруар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, әділ сот жүйесіне азаматтардың қолжетімділігін арттыра түсу үшін сот жүйесі инстанциялары оңтайландырылды. Бүгінде Атырау облыстық сотындағы бұрынғы кассациялық алқаның құзыреті Жоғарғы сотқа өтіп, облыстық сотта тек қылмыстық және азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқалары қызмет ететін болды.
Апелляциялық сатыда істер алқалық құрамның қатысуымен қаралатын болды, ал судьялардың жалғыз құрамының қарауына жеңілдетілген өндірістегі тәртіппен қаралатын істер берілді. Жоғарғы соттың қадағалаушы алқа ретінде құзыреті таратылды. Бұл оңтайландыру әдісі Жоғарғы сот судьяларының саны екі есе көбеюіне әкелді.
Реформа аясындағы екінші бір басты мәселе – кәсіби сот корпусының дәрежесін арттыру. Азаматтардың сот жүйесіне сенімділігін арттыру көп жағдайда судьялардың кәсіби деңгейіне байланысты болып табылады. Сондықтан да, Елбасы судьяларға қатысты қойылатын біліктілік талаптарын күшейтіп, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетігін қатайтуды жүктеді. Бұл ретте оның айтуынша, судьяларға кандидаттарға талап мүлдем қатаң бағытқа өзгерді.
Бұдан бөлек, Әділсот институты ҚР Жоғарғы сотының қол астына өтті. Ендігіде институт тұрақты түрде судьялардың біліктілік талаптарын арттыруды қамтамасыз етеді. Жоғарғы Сот жанынан екі комиссия құрылды. Оның біріншісі судьялардың тәртіптік әрекеттерін, жауапкершіліктерін қарап, қадағалайтын болса, екіншісі — біліктілік талаптарына назар аударады. Оның аясына судьялардың кәсібіне жарамсыздығын тану, соттардың әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарау мәселелері жатқызылады.
Съезд алдындағы толғам
Жуырда судьялардың VII кезектен тыс съезі өтеді. Жүзеге асып жатқан реформалар аясында соттардың есептілігін күшейту мәселесі де тыс қалған жоқ. Сол себепті, кезекті съезде судья этикасына арналған жаңа кодекс қабылданады.
Заманның ақпараттық көші дамып кеткен уақытында соттар да жаңа техноло-гиялар енгізуден тыс қалған жоқ. Межеленген жоспарлар аясында бүгінгі күні сот отырысы хатшыларының қызметі жеңілдетілді. Яғни, барлық сот үрдістері дыбыс-бейне жазбалар арқылы жүргізіледі. Атырау облысы бойынша бүгінгі таңда соттардың сот мәжілісі залдары 100 пайыз көрсеткіште заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген.
Бірнеше жыл турасында еліміздің қылмыстық және қылмыстық процесстік заңнамалары, азаматтық процесстік заңнамалары түбейгейлі өзгерді. Жаңа құқықтық институттар пайда болып, құқықтық қатынастарды реттеудің бірқатар жолдары іске қосылды, басқа да жаңалықтар бар. Айта кетерлік жайт, азаматтық сот про-цесстеріне прокурорлардың қатысуы шектелді. Бұл бағыттағы нормалар жаңа Азаматтық процестік кодекске енгізілді.
Бүгінде сот саласында айтарлықтай жаңалықтар болып жатыр. Қазір адамдар заң арқылы қорғануды үйренді. Егер статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, ағымдағы жылдың он айында облыс соттарына 14884 арыз түсіп, 14309 азаматтық іс өндірісі қозғалған. Оның ішінде 830 іс медиация тәртібі бойынша, 23 іс парситипативтік әдіспен және 357 азаматтық іс тараптардың бітімгершілік келісімге келуіне байланысты өндірістен қысқартылған.
Жалпы есепті мерзімде облыс соттарында қаралған азаматтық істер саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайды. Сондай-ақ, он айда 1139 тұлғаға қатысты 1014 қылмыстық іс қаралған. Соның ішінде 10 тұлғаға қатысты ақтау үкімдері шығарылды. Осы жылы апелляциялық сот ал-қасының қызметі жандана түсті. Он айда алқалармен қылмыстық істер бойынша 141 шағым, азаматтық істер бойынша 1315 шағым мен наразылық түскен. Сонымен қатар, 15015 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып аяқталған.
Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ,
Атырау облыстық сотының төрағасы