Жарнама
Жаңалықтар

ЗАҢ ЗАҢҒАРЫ

Шара шымылдығын ашқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Алтынбек Нысанғалиев жерлес депутатымыз Сәрсенбай Құрманұлының келу сапарын қысқаша әңгімелеп, алғашқы сөзді құрметті қонаққа ұсынды.

Академик, Қызылқоға топырағының тумасы, ғалым, қоғам қайраткері Салық Зимановтың өмірі мен қызметіне қысқаша тоқталған Сенат депутаты оның ғылыммен айналысып, соған ғана сүбелі үлес қосқан жоқ, сонымен бірге Ұлы Отан соғысында туған елін жаудан азат етуге атсалысып, жанын шүберекке түйе жүріп ұрысқан офицер екенін айтты. Соғыстан елге оралған соң облыстық прокуратурада тергеуші, аға тергеуші қызметтерін атқарады. Одан кейінгі жылдары республикалық прокуратурада еселі еңбек етіп, ғылыми еңбегін Мәскеу қаласында қорғап шығады.

Салық Зиманов — қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, алғашқы академик. Бұларға қоса ол ҚР Ғылым академиясының мүшесі, еліміздегі алғашқы Заң институтының директоры, Әл-Фараби атындағы ұлттық университеті заң факультетінің алғашқы деканы болып қызмет етті. Көзі тірісінде «Ғасыр абызы» атанған азаматты атыраулықтар жақсы біледі. Барынша құрметтеп, студенттерге оның атындағы стипендия тағайындалды, арнайы сыныптар да ашылды.

С.Еңсегенов осылайша ғалым аға туралы кеңінен мағлұмат бере отырып, өзінің де ұстаз туралы кітаптардың жарыққа шығуына ықпалы болғаны жайлы әңгімеледі. Әсіресе, ол «Салык Зиманов, материалы и библиографии» деген кітаптың бар болғаны үш дана екенін айтып, оның екеуін осы облыстық кітапханаға, біреуін ғалым аға оқыған қаладағы Жамбыл атындағы №21 орта мектеп кітапханасына тарту етті. Ал, «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Ғылымдағы ғасыр абызы, академик Салық Зиманов» атты кітаптың 40 данасы да осы ктіапхана қорына табысталды. Екі кітаптың авторы да — тарих ғылымдарының докторы, профессор Ілияс Манашұлы Қозыбаев.

Сәрсенбай Құрманұлы айтқандай, екі кітап та ғалым аға жайындағы деректерге бай. Қалың оқырман қауым жерлес ағамыздың Елбасына арнап жазған хаттарымен, ұсыныс-пікірлерімен жақынырақ таныса алады. Сондай-ақ, «Салық Зиманов өмірінен бір күн» деген егеменді ел декларациясына қатысты әңгімелер, қазақ тілінің болашағы мен бүгіні жайындағы ойлары өз оқырманын бейжай қалдырмақ емес. «Өз басым Салық ағамыздың: «Елбасымыз менің сөзімді қуаттап, орнынан он бір рет көтерілді» деген сөзін үлкен тебіреніспен оқыдым», — дейді депутат С.Еңсегенов.

Бұдан әрі Сәрсенбай Құрманұлы жиналғандар алдында өзінің депутаттық қызметінен ақпар бере кетті. Айталық, жалпы әлемдегі экономикалық дағдарыс бола тұрса да,еліміздің әлеуметтік саласында — зейнетақы мен жәрдемақы төлеуде айтарлықтай өзгеріс болмайтынын, бәрі қалыпты жағдайда екенін, яғни қаржылық қысқартулар орын алмайтынын айтты. Ал, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана директоры Гүлжанай Қалиева мен Жамбыл атындағы №21 мектеп директоры Айгүл Шибалаева өздеріне баға жетпес қазына сыйлаған депутатқа көптен-көп алғысын білдірді.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев жиналған қауым алдында облыс көлеміндегі мәдени жаңалықтардан хабар берді. Басшының өз аузынан естігеніміздей, облыс өнерпаздары жақында Үндістан астанасы — Делиде, Катар елдерінде өнер көрсетіп қайтқан. Алдағы айларда Біріккен Араб Әмірліктері еліне, көрші Астрахан, Оңтүстік Қазақстан облыстарына сапар шекпекші. Одан әрі белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығынан халықаралық театр күні өтетінін хабарлады.

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button