Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚұқық

Заңсыз жүрген қызметтік көлік – басшылардың бақылау жасамағанының нәтижесі

Қызмет көлігін жеке шаруасына пайдаланатындарға қатаң ескерту жасалды. Алдағы уақытта мұндай олқылыққа жол берген басшылар тәртіптік жазаға тартылады, тіпті жұмысынан босатылуы да мүмкін. Талаптың күшейгендігі туралы дүйсенбі күні облыстық әкімдікте өткен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында айтылды.

%d0%b7%d0%b0__%d1%81%d1%8b%d0%b7-%d0%b6__%d1%80%d0%b3%d0%b5%d0%bd-__%d1%8b%d0%b7%d0%bc%d0%b5%d1%82%d1%82%c2%a6%d0%ba-%d0%ba__%d0%bb%c2%a6%d0%ba

…Жол сақшыларымен бірге рейдте жүрміз. Оның барысында тоқтатылған қызметтік көлік жүргізушілерінің көпшілігінде жол жүру парағы болмады. Түрлі сылтауды алға тартқан олардың заңсыз әрекеті дереу анықталған еді. Жағдай қазір де оңалмағанға ұқсайды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Мәлік Кариевтің баяндауынша, жергілікті ішкі істер департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп жасақталған мобильді топ көптеген келеңсіздіктің бетін ашып отыр. Әңгіме, көліктердің жұмыстан тыс уақытта және демалыс күндері жүруіне қатысты.

– Мобильді топқа нақты міндеттер жүктелді. Ол мемлекеттік қызметшілердің қоғамға жат мінез-құлық  көрсетуіне, қадір-қасиетіне нұқсан келтіруіне жол бермеу мақсатынан туған. Автокөлік құралдарын жұмыс уақытында ғана пайдалану талабы соның бірі, – деді басқарма басшысы.

Қызметтік көліктің жеке мақсатқа пайдалануы талаптың кемшіндігін көрсетеді. Басшылардың арасында мемлекеттің дүниесін өз мүлкіндей пайдаланатындар бар. Түнгі мезгілде техниканы тізгіндеп, жеке шаруасымен жүретін жүргізушілер де жиі ұшырасады. Бақылаусыз кеткені соншалық, оларды ескерту, айыппұлдар да тоқтата алмайды екен. Жол ережесін қайталап бұзып, заңсыздықтарға жол беретіндердің, олардың басшыларының атына Әдеп жөніндегі кеңес отырысында өткір сын айтылды. Мемлекеттік мекемелердің аттары аталды.

– Лауазымды тұлға өзі жетекшілік ететін құрылым қызметіне жауапты. Келеңсіздіктің алдын алу, болдырмау үшін бақылау күшейтілуі қажет. Техника арнайы көлікжайға қойылуы тиіс. Олай етпеген күнде мемлекеттік қызметшілер ескертуден бастап, қызметіне сәйкес еместігі жөніндегі тәртіптік жазаға тартылады. Бұл – біздің агенттік басшыларының қойып отырған талабы, — деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов.

Қызметтік көліктерге қатысты тағы бір мәселе белгілі болды. Бастығының бұйрығымен күні-түні жүретін жүргізушілердің еңбегі көп жағдайда өтелмейді екен. Адам құқығының сақталмайтындығы, жұмыстан тыс уақытқа қосымша ақы төленбейтіндігі – заңсыз әрекет. Сондықтан, департамент басшысы мұндай жағдайға жол бермеудің шұғыл шараларын алуды тапсырды.

Кеңес отырысында Махамбет ауданы әкімі Алимұхаммед Құттұмұрат-ұлы жергілікті жердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар, облыстық ішкі істер департаментіне қатысты сыртқы талдаудың нәтижесі айтылды. Байқағанымыз, қоғам дертіне жол бермеуге қатысты қарекет жасалғанымен, құзырлы құрылымда келеңсіздіктер аз кездеспейді. Қызметкерлерге өтемақы төлеуде, мигранттарды тіркеуде заңсыздықтарға жол беріледі. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі сақталмайтындығы да белгілі болып отыр. Осы мәселелерге байланысты шұғыл шаралар алу туралы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында нақты тапсырмалар берілді.

Азамат Базарбаев

Суретті түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button