ЗАҢДЫ БІЛМЕГЕН ЖАЗА БАСАДЫ
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысына кеңес мүшелерімен қатар, қалалық әкімшілік, облыстық қаржылық бақылау инспекциясының, облыстық прокуратураның, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің, облыстық тексеру комиссиясының, облыстық құрылыс басқармасының өкілдері қатысты. Қоғамдық кеңестің отырысы алдында арнайы жұмысшы тобы құрылып, Атырау қаласындағы білім беру, сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары саласындағы мекемелерде болып, тұрғындардың және сала қызметкерлерінің арыз-шағымдарына талдау жасалды. Осы мәселелер бойынша жемқорлық деректеріне қатысты құзырлы мемлекеттік органдардан анықтамалар алынды.
«Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов 2014 жылдың тоғыз айы мен биылғы жылы мемлекеттік сатып алулар саласында бірқатар заңбұзушылықтар орын алғаны жөнінде деректер келтірді. Қалалық білім бөлімінің басшысы Бақберген Қарабаевтың пікірінше, мұндай жағдай көбінесе мектеп басшыларының қаржылық сауаттылығы төмендігінен және олардың айналысатын жұмысы ауқымды болғандықтан қолдары тие бермейтіндігінен болуы мүмкін. Осы жайды назарға алған қоғамдық кеңес мүшелері аталған жұмыспен айналысатын арнайы бөлім құру жөнінде ұсыныс білдірді.
«Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықбек Тінәлиев баяндағандай, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласындағы тексерулер нәтижесінде 6,7 млн. теңге сомасындағы қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. Облыстық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Төлеп Орынбасаров түсіндіргендей, қазіргі таңда 67 мың адам жер теліміне кезекте тұр. Ұзақ жылдардан бері тиесілі жер учаскесіне қол жеткізе алмай жүрген тұрғындар тарапынан арыз-шағымдардың көптеп түсуі заңды да. Оның үстіне, жер берілуі тиіс қала маңындағы аумақтарға коммуникация жүргізілмеген, бас жоспары да заңдастырылмаған.
Құралай ОРАЗ.