Үйшіктен Атырауға дейін
Қала тарихы 1640 жылдан бастау алады. Ол кездегі тұңғыш тұрақты қоныс — қазіргі «Орбита» стансасы қасындағы Алтын Орда кезеңінде болған Ақтөбе Лаэти қалашығы.
Ноғай Ордасы кезеңінде балықшылардың үйшігі Жайық өзені сағасында орналасқан. Тарихи деректерге сүйенсек, Жайық-Каспий жағалауына ХVІ ғасырдың бірінші ширегінен бастап, Ресей патшасы үкіметінің саясатына шыдамаған және патша үкіметін мойындағысы келмеген қашқын орыс еріктілері, күнкөріс іздеген крепостной шаруалар, Волга бойы казактары келіп қоныс тебе бастаған. Олар келе сала өз кәсіпшіліктерін ашып, балық аулау, балық тұздау қосындарын ұйымдастырып, жатар тұрақ орындарын тұрғызады. Сол уақыттан бастап тұрақтар «Үйшік» атанып кеткен.
Қаланың Азияға жол ашатынын түсінген патша үкіметі 1640 жылы Көпес Гурий Назаров пен оның балаларына қалашық салуға рұқсат етеді. Қала үлкен қиындықтармен 1662 жылы салынып бітіп, патша жарлығымен «Гурьев» аталды.
Гурьевті большевиктер 1920 жылы қысқа уақытқа Чапаев деп қайта атаған. Шаһар 1865 жылы уездік қала болды. 1917 жылға дейін және одан кейінгі 15 жыл бойы Орал әскери облысының, 1925 жылдан Бөкей губерниясындағы Гурьев уезінің, 1929 жылы Гурьев округінің, 1930 жылы аудан, 1938 жылғы қаңтар айының 15-інен облыс орталығы.
1992 жылдан бері қаланың атауы – Атырау. Ғасырлар белесінде талай тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерген өңір тәуелсіздік таңы атқан ширек ғасырда адам танымастай көркейді. Атырау архитектуралық құрылысы жағынан үшке бөлінеді. Жайықтың оң жағасындағы ескі қалада негізінен XX ғасырдың басында салынған бір қабатты ағаш және кірпіш үйлер кездеседі. Орталық бөлігінде көп қабатты тұрғын үйлер мен мекеме жайлары бар. Өзеннің сол жағалауында Кеңес үкіметі жылдары «Ембімұнай» кенті мен мұнай айыру зауытының қалашығы пайда болды. Жайыққа салынған көпір (1965) Еуропа мен Азия құрлықтарында жатқан қаланың екі бөлігін байланыстырады.
Тәуелсіздікпен бірге түлеген…
Мен қаланы қиын кезеңдерде басқардым. Ол кезде қала балшықтың бел ортасында тұрған еді. Азаттық, Махамбет көшелері саман тастан салынған ескі үйлерден көрінбейтін. Орталық көпір де болмады.
Осындай қиын кезеңде Химзауытты салдырдық. Атырау жылу электр орталығын іске қостық. Көшіп келушілер саны едәуір ұлғайып, қала өсе бастады. Бірақ, Атыраудың ең басты байлығы – мұнай мен балық Мәскеуге бағынышты болды. Республиканың қолында билік бола қоймады. Ірі құрылыс салу үшін, өзге де мәселелерді шешу үшін міндетті түрде Мәскеудің алдынан өтіп, рұқсат сұрайтынбыз.
Қазір қаламызда әлеуметтік маңызы бар нысандар салу мәселесі толықтай шешіле келді. Тұрмыстық қалдық өндіретін зауыт салып, кәріз жүйелерін реттесек, ауаны тазарту, экологиялық жағдайды жақсартуды қолға алсақ, Атырау жайнай түседі.
Есен ТАСҚЫНБАЕВ,
Атырау облысының Құрметті азаматы.
Айырмашылық жер мен көктей
Ата-анам 1912 жылы Атырау қаласының шетіндегі Тасқалаға көшіп келді. Ол кезде Гурьев қаладан гөрі, үлкен поселкеге көбірек ұқсайтын. Қаланың шеті «Дом быта» үйімен аяқталатын. Бір шетінде тікұшақ қонатын айлақ болды. Ол жердің өзі – қазір үлкен ықшамаудан. Қазіргідей көп қабатты үйлер жоқ. Жайықтың оң жақ бетінде Батыратский, сол жағында Колхозный деген көшелер ғана бар еді. Кейін келе-келе көбейді.
Гурьев қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенімде халық саны 160 мыңдай болатын. Қазір халық саны үш-төрт есеге өсті.
Сол 1956-1957 жылдары қазіргі орталық көпір салынды, оның өзі паромның үстінде орналасқан. Әсіресе, жаңбырлы күндері балшық әбігерге түсіретін. Балықшыдан шыға бергенде теміржолдың рельстері жатыр. Соның шетінде күніне бір тонна асфальт өндіретін зауыт болды. Қалада ең алғашқы асфальт қазіргі Ш.Уәлиханов көшесіне төселді. Сол зауыттың басшысына шығып, осы істі қолға алғаным бар еді.
Айдын АЙБАРОВ,
Атырау облысының және Атырау қаласының
Құрметті азаматы.