ЫРЫС ПЕН БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Табалдырығымыздан аттап, төрімізге қадам басқан әр жыл сайын әлеуеті мен қуаты артып келе жатқан еліміздің ажары мен айбыны да осындай игі дәстүрлерімізбен ас-қақтай бермек.
Өткен жылы өңірімізде атқарылған жұмыс нәтижелерін саралай келгенде, тұрмыс-тіршілігіміздің түзеліп, игі қадамдарға аяқ басқанымызды айқын аңғарамыз. Бұл ретте Елбасы Жолдауынан туындаған сан салалы, ауқымды жұмыстарды атқаруда Атырау рөлінің ерекше екендігін айта кеткеніміз жөн болар. Ал, Жылқы жылының басты жаңалығы ретінде Қазақстан мен Ресей арасындағы аймақаралық форумның біздің облыс орталығында өтетіндігі алдымызда әлі де алуан іргелі істерді атқару жоспарының бар екенін білдіртеді.
Ел бірлігі мен халықтар достығы – бүгінгі саясатымыздың өзекті саласы, өркениетке жетудің басты кепілі. Ендеше, осынау құндылықтарымызды ту еткен ұлық күн әр шаңыраққа бақ-береке, қуаныш пен болашаққа деген сенімділік әкелсін! Тәуелсіздігімізбен тұғырлы еліміздің ертеңі – жарқын, жетістігі зор болғай!