Жарнама
Жаңалықтар

ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

Жылы шырайлы қабылдау

Келер айдың соңында Атырауда өтпекші кезекті өңіраралық ынтымақтастық форумының, оған қоса Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммиті қарсаңында, Астрахан облысы губернаторының аппарат жетекшісі Қанат Шантеміров пен халықаралық және сыртқы-экономикалық байланыстар министрі Денис Афанасьев бастаған Астрахан облысының делегациясы ресми сапармен Атырау облысында болды. Қонақтарды алдымен Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдады.

Қонақтарды жылышыраймен қарсылаған аймақ басшысы оларды өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырды.

Атырау облысы елімізде өндірілетін мұнайдың 50 пайызын береді. Егер өткен жылы мұнда өндірілген «қара алтынның» көлемі 32 млн. тоннаны құраған болса, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 82 млн. тоннаға жеткізу көзделген. Мұның сыртында үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 1,6 трлн. теңгені құрайтын 44 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осылайша, тек соңғы екі жылда облыста өнеркәсіп өнімдерін өндірудің нақты көрсеткіштері 24 есеге артқан. Адамдарды еңбекке орналастыру, жұмыспен қамту деңгейі көтерілген. Басқа салалармен қоса, медициналық қамтуды жақсарту, халықтың дәрі-дәрмекке деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында Атырауда 500-ден аса түрлі дәрілік және емдік қасиеттері жоғары препараттарды дайындап шығаратын фармацевтика зауытының құрылысы жоспарланып, жүзеге асырылуда.

Ауыл шаруашылығын, тұтастай агроөнеркәсіп саласын кешенді дамыту, инновациялық жобаларды енгізу бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Кейінгі кездері егіншілікті заманауи үлгідегі, тиімділігі жоғары технологиялардың көмегімен дамытуға түбегейлі бетбұрыс жасалса, мұндай үрдісті мал шаруашылығы саласынан да айқын аңғаруға болады. Өзгесін айтпағанда, өткен жылдың өзінде Махамбет ауданындағы «Бірінші мамыр» ЖШС-нің базасында 500 бас аналық мүйізді ірі қара малына арналған кешен құрылысы салынып, пайдалануға берілсе, «Атырауагро-өнімдері» шаруа қожалығының бастамасымен Сарайшық селосында ешкі сүтін өндіру фермасы іске қосылды. Бұдан басқа да тілге тиек етерлік табысты қадамдарымыз бен тың бастама, өміршең жобаларымыз жетерлік.

Облыс әкімінің айтқандарын мұқият тыңдап, біраз жайларға қаныққан астрахандық меймандар да аймақ басшылығының арнайы шақыруы мен жарқын жүзді, қазақы қонақжайлық қабылдауына зор ризашылық сезімі мен алғысын білдірді. Әсерлі әңгімені одан әрі жалғастырған делегация басшысы Қанат Зенетуллаұлы да алдымен атыраулықтарға Астрахан облысы губернаторы А.А.Жилкин мырзаның ыстық сәлемін жеткізді. Екі жақты байланыстардың, барлық саладағы ынтымақтастық қарым-қатынастары мен қадамдарының ілгеріде де жалғаса беретіндігіне сендірді. Көршілердің әлі де болса бірінен бірі үйреніп, үлгі алар, қажет кезінде кәдеге жаратар жақсы нәрселерінің де аз еместігін алға тартты.

 Осы жерде айта кетуіміз керек, бұған дейін де, бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кедендік одаққа мүше болғаннан кейін де, енді міне, Еуразиялық Одақ құруға бастама көтерген кезде де Атырау облысының тұтастай Ресей елімен, соның ішінде шекаралас орналасқан Астрахан облысымен өзара байланысы, іскерлік қарым-қатынасы нығайып, күшеймесе, бәсеңдеп көрген емес.

Жалпы алғанда, өткен 2013 жылдың қорытындысы бойынша Атырау облысының Ресей Федерациясымен арадағы тауар айналымы 308,1 млн., экспорт 35,5 млн. және импорт 272,6 млн. АҚШ доллары көлемінде тұрақтаған. Ал, үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында тауар айналымының көлемі 138,1 млн. АҚШ долларын құрап, былтырғы жылдың сәйкесті кезеңіндегімен салыстырғанда 13,1 пайызға ұлғайған. Соған сай экспорт пен импорт бойынша да айтарлықтай өсімге қол жеткізілген.

Бүгінгі таңда Атырау облысында Ресей капиталының үлестік қатысымен 180-ге тарта кәсіпорын жұмыс жасайды. Олардың қатарында мұнай-газ секторында, өндіріске қажетті жабдықтар мен механизмдерді жеткізу, азық-түлік тауарларының көтерме саудасын жүзеге асыру, автокөліктерді бөлшек саудаға шығару, жолаушы және жүк тасымалы, т.б. қызмет түрлерімен шұғылданатын кәсіпорын-мекемелер де көптеп саналады. Бұл үрдісте Астрахан облысының да өзіндік үлес салмағы бар екендігі сөзсіз.

Қабылдау соңында тараптар «Орамал тон болмайды, жол болады» деген қазақы дәстүрмен естелік сыйлықтарымен алмасты.

Екі жақты іскерлік іздері

Ашық әңгімелесу, өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісу жағдайындағы дәл осындай диалог астрахандық делегация мүшелерінің атыраулық әріптестерімен «дөңгелек үстел» басындағы дидарласуына ұласты. Бұл жолғы басқосуды Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Өз кезегінде Ғұмар Ислямұлы да қазыналы аймақта атқарылу үстіндегі жұмыстардың, жүзеге асырылып жатқан жобалардың жайымен қысқаша таныстырып өтті. Осының алдында Астрахан облысына барған сапарларынан біраз нәрсені көріп, көңілдеріне түйіп қайтқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта қолға алынып, бір бөлігі орындалып та қалған, келешекте жалғастырылуы жоспарланған жобалардың толыққанды жүзеге асырылуына мұның өзіндік әсері болатынын, септігі тиетінін алға тартты. Сондықтан да, тамыры тереңге тартылған достық, іскерлік, қала берді, әріптестік байланыстардың барған сайын нығайып, сапалық, мазмұндық жағынан толыға түсетінін қаперледі.

Бұны Астрахан облысының делегациясын бастап келген Қанат Шантеміров те өз тарапынан құптайтындығын аңғартты. Жоғарыда баяндалып кеткендей, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында, сауда-саттықта ғана емес, әлеуметтік салаларда да өрісін тапқан өркенді істердің барлығын да әңгімесіне арқау қылды. Бұл тұрғыда игі дәстүрге айналған Астрахан мен Атырау облысының мәдениет күндерін, салалық құрылымдар өкілдерінің кездесулерін, бизнес форумдарды, т.с.с. сан алуан шараларды атады. Одан бөлек, білім мен ғылым саласындағы байланыстар мен бірлескен істердің де өз алдына бір төбе боларын байқадық. Мәселен, атыраулық жастардың арасынан 1500-дей адам бүгіндері Астрахан қаласындағы жоғары және арнаулы орта кәсіптік білім беру орындарында дәріс алса, ғылым жолына бет бұрып, бұл саладағы ізденістерін осында жалғастырып жатқандары да жоқ емес.

Сайып келгенде, бұның бәрі де бір теңіздің жағасын жайлаған, бірімен-бірі қанаттас, шекаралас қоныстанған өңірлердегі өнегелі істер болашақта да өркен жайып, өрісін табарына, ынтымақтастық көкжиегінің кеңейе түсеріне сенімімізді нықтағандай әсерде қалдырды.

Боздақтар рухына – тағзым

Алдағы жылы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 70 жыл толмақшы. Атаулы датаға орайластырылған шаралар бұдан бұрын басталып та кеткен-ді. Кешегі майдангер, бүгінгі ардагерлерге, тылда еңбек еткен аға буын өкілдеріне деген құрмет пен ізеттің майдан даласынан оралмаған боздақтар рухына тағзым етуден басталатындығы сөзсіз.

Осыны ескерген Астрахан облысынан келген қонақтар облыс әкімдігіндегі қабылдау мен кездесуден кейін Атырау қаласындағы Жеңіс саябағына бет алды. Осындағы соғыстан оралмағандарға орнатылған монументке барып, Мәңгілік алау басына гүл шоқтарын қойды.

Дәл осындай рәсім әкімдік үйі алдындағы Бейбарыс баба ескерткіші алаңында да жалғасты.

Ауылдағы шаруаны аралап көрді

Сапар барысында астрахандықтардың келесі тоқтаған аялдамасы Махамбет ауданының Бейбарыс селосында орналасқан мүйізді ірі қара кешені болды.

«Бірінші мамыр» ЖШС-нің қарамағындағы, сүттілігі жоғары, ерекше жағдайда бағып-күтілетін 500 бас аналық сиыр малына арналып салынған ауылдағы өндіріс орнының жұмысын бастап, іске кіріскеніне аса көп мезгіл өте қойған жоқ. Десек те, қолдағы барды ұтымды әрі тиімді пайдаланып, ұқсата білген фермерлік шаруашылықтың алғашқы қадамдары көңіл қуантарлықтай.

Осы уақытқа дейін күтімге қойылған 170-тей аналық мүйізді ірі қара малынан 120-дай бұзау алынып, торпақтар малдәрігерлік-санитарлық талаптарға сай бағылуда. Күтімі келістіріліп, қажетті жағдайы жасалынған «Зеңгі баба» түлігінен алынар өнім де, оның сапасы да ойдағыдай. Білгеніміздей, мұнда әрбір аналық сиырдан сауылатын сүттің мөлшері 20 литр болса, барлығын қосқанда алынатыны үш тоннаға жетіп-жығылады. Десек те, бұл мүмкіндіктің шегі, меженің ең жоғарысы емес. Тек оған белгілі бір мезгіл керек. Ауырып-сырқағандары, өнімділігі азайғандары басқаларынан бөлек бағылып, оларға айрықша күтім жасалады. Әр сиырдан қанша литр сүт сауылғандығы олардың аяқтарына орнатылған арнайы құрылғылар арқылы компьютердің көмегімен есептеліп шығарылады. Сүтті суытудан бастап барлық процестер (зертханалық тексеруден өткізу, қайнату, майлылығын анықтау, т.б.) автоматтандырылған қондырғы-жүйелердің көмегімен атқарылады. Мұның өзі уақыттың үнемделуіне, әрі өнімнің сапалы күйінде тұтынушыға жеткізілуіне мүмкіндік береді.

Бұл жайында «Бірінші мамыр» ЖШС директоры Аманжол Есқараев егжей-тегжейлі әңгімелеп, меймандарына өз қолдарынан шыққан сүт тағамдарының дәмін татып көруді ұсынды.

Көрші облыстан келген қонақтардың тағы бір көңіл бөлгені Сарайшық селолық округі аумағынан ашылған ешкі сүтін өндіру фермасы еді. Қазірде 450-дей бөрте жүнді түлік бағылып, тәулігіне 150 литр сүт сауылатын жаңадан құрылған шаруашылық кешенінің тыныс-тіршілігімен оларды «Атырауагроөнімдері» ШҚ-ның басшысы, ауылдағы шағын кәсіпорынның құрылтайшысы Владимир Розметов таныстырды.

Жалпы алғанда, мүмкіндігі көп, қуаттылығы жоғары шетелдік технологияларға негізделген бұл фермада да өндірістік процестердің бәрі автоматты жүйеге көшірілген. Сол себепті де сүт пен одан дайындалатын неше түрлі өнімнің сапасын бастапқы деңгейінде сақтап, тұтынушыға ұсынуға толық мүмкіндік бар. Көзімізбен көріп, қолымызбен ұстағанымыздай, «Сарайшық» белгісі соғылған отандық өнім арнайы шишаларға құйылып, қораптарға салынып, бәсекелестік талаптарына жауап беретіндей жағдайға келтіріледі. Сонсоң барып қана тиісті жеріне жөнелтіледі. Осының бәрін көрген қонақтар зор әсер алды.

Баламасы  жоқ  зауыт

Атырау құбырлар арматурасы зауытының қызметкерлері өз кәсіпорны туралы осылай мақтанышпен айтады. Расында да, аталмыш өндіріс ошағы еліміздің инвестициялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2007-2012 жылдары жүзеге асырылған жоба нәтижесінде өмірге келді. Жобаның құны 5,8 млрд. теңге еді. Құрылыс-құрастыру жұмыстарына 120 адам тартылды.

Махамбет ауданында ауыл шаруашылығы нысандарымен танысқан көршілес Ресейдің іргелес Астрахан облысы губернаторының аппарат жетекшісі Қанат Шантеміров бастаған делегация осында келді. Қонақтармен бірге Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев пен аппарат жетекшісі Ернар Баспаев болды.

Ресейлік меймандарды қарсы алған жоба бастаушысы «ШевронМұнайГаз Инк» компаниясының Атырау аймағы бойынша бас директоры Меңдіғали Саппаев цехтарды аралатып, зауыт жұмысымен және дайын бұйымдармен таныстырды. Жалпы, сәтті жүзеге асырылған жоба нәтижесінде мұнда 63 жергілікті маман тұрақты қызметпен қамтамасыз етілген. Зауыт қуаты жылына 30 мың дана түрлі өнім шығаруға жетеді.

Зауытта ауыз және сарқынды сулар мен табиғи газ желілеріне, коммуналдық шаруашылықтың сыртқы және тарату жүйелеріне қажетті диаметрі 80-400 мм аралығындағы ысырмалар дайындалады. Бұл өнім әдеттегі осындай бұйымдарды сәтті алмастырады, еш тоттанбайды, ауыз судың табиғи дәмін өзгертпейді, полиэтилен тұрбалармен де жақсы жалғанады. Ең бастысы – ұдайы бақылап, жиі жөндеуді қажет етпейтіні. Өйткені, зауыт беріп отырған кепілдік мерзімі — он жыл. Ол жарты ғасыр бойы мүлтіксіз қолданыста болады. Демек, оны сатып алуға жұмсалған қаражат өзін толығымен ақтайды. Міне, ресейлік меймандарды қазақстандық зауыттың осындай жетістіктері қызықтырды.

Кәсіпорынға 2013 жылдың маусымында Елбасы келіп, батасын берген. Ал, тура бір айдан соң, яғни шілдеде зауыт алғашқы бұйымын шығарған. Жалпы, отандық өндіріс ошағы өнімінің тағы бір ерекшелігі – оның салқынға төзімділігі. Яғни, екі-үш метр тереңдікте тоң болып қатқан мұзды жерде де бұзылмайды. Жақында жергілікті мамандар солтүстік өңірге барып, өздері жасаған жабдықты сынап көріпті.

Қонақтар іргелес тұрған полиэтилен құбырлары зауытының жұмысымен де танысты. Оның өнімдері де бүгінде үлкен сұранысқа ие болып, кеңінен танылған. Мұнда да 2002 жылы Елбасы болып, кәсіпорын қызметіне сәттілік тілеген еді.

Дәрігерлердің маңызды

мәмілесі

Атырау облысы көршілес Ресей Федерациясының Астрахан облысымен ұдайы байланыста болғандықтан, екі елдің экономикасы мен әлеуметтік дамуында оң өзгерістер аз емес.

Осы орайда Астрахан облысының ресми делегациясы құрамындағы Астрахан облысының Денсаулық сақтау министрі Игорь Евгеньевич Квятковский бастаған денсаулық саласының бір топ өкілдері облыстың медицина қызметкерлерімен кездесті.

Астрахандық дәрігерлер алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасында болып, өңір халқына медициналық қызмет көрсетудің жайымен танысты. Содан соң облыстық аурухана, облыстық кардиохирургия орталығы мен облыстық балалар ауруханасында болып, жергі-лікті дәрігерлермен семинар-кеңестер өткізіп, емделушілермен жүздесті. Ресейлік нейрохирург В.М.Ноздрин науқастарды қабылдап, ем көрсетті. Ал, кейбір емделушілерді Астрахандағы емдеу орындарына шақырып, емделулеріне кеңес берді. Бұдан кейін ресейлік дәрігерлер Атырау медицина колледжінде болып, онда болашақта екі оқу орнында студенттер алмасып оқытуға уағдаласты.

Бұдан әрі ресейлік дәрігерлер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті, Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшылары, қала, облыстық емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен болған кездесуде екі облыстағы халық денсаулығын сақтау ісінде атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.

Онда айтылғандай, Атырау облысының Құрманғазы ауданының Азғыр, Балқұдық, басқа да елді мекендердің тұрғындары 300 шақырым жердегі Атырау орталығына келгеннен гөрі, Астрахан қаласында немесе Қарабайлы ауданындағы емдеу орындарына барып емделгенді жөн көреді. Осы емдеу орындарына барған атыраулық емделушілерге ақысыз ем көрсетуге, яғни, ана мен бала өмірін сақтау, жедел жеткізілген науқасқа ота жасау тегін көрсетілуі тиістігі айтылды. Бұл бағытта астрахандық емдеу орындарына төленетін ақшалай қаржы облыстық денсаулық сақтау басқармасынан аударылатын болып келісілді. Басқосуда екі елдің денсаулық сақтау саласы медициналық жаңалықтан қалыс қалмай, әріптестік байланыста болуға уәделесті.

— Атырауда, – деді астрахандық Денсаулық сақтау министрі И.Е.Квятковский, — медицина саласының ерекше дамығанын көріп отырмыз. Емдеу орындары осы заманғы диагностикалық медициналық құрылғылармен жақсы жабдықталған. Білікті мамандар да жеткілікті. Біздің екі елдің медицинасынан үйренеріміз аз емес. Дәрігерлер арасында семинар-кеңестер, конференциялар, шеберлік оқулары, тәжірибе алмасу одан әрі жалғасуы тиіс. Мұнда шетелдік, ресейлік дәрі-дәрмектің көптеген түрі бар, бірақ, кейбір емдік сапасы күшті дәрілер тапшы, себебі, оның сертификаты жоқ. Алдағы уақытта бұл мәселе шешілуі керек. Екі жақтың дәрігерлері бір-бірімен тәжірибе алмасып, емдеу жүйесінде жаңа жетістікке қол жеткізулері тиіс. Сондықтан, атыраулық пен астрахандық дәрігерлерге халық денсаулығын сақтау ісінде бірлесіп жұмыс істеуге толық негіз бар.

Жиын соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиев астрахандық әріптестерімен ұдайы байланыста екендіктеріне тоқталды. Егер астрахандық дәрігерлер Атырауға келіп жұмыс істегісі келетін болса, оларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетілетінін айта келіп, келген меймандарға облыс медицинасы қызметкерлері атынан ризашылығын білдірді.

Ендігі жерде келешек келбеті ықпалдасу үдерістерінің қалай жүретініне байланысты қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, өңірлік интеграциялық ынтымақтастықты қамтамасыз ету – Еуразиялық экономикалық одақтың басты мақсаты. Жалпы, астрахандық қонақтар осы мақсаттағы Атырауға сапарынан зор әсер алып, оның шебер ұйымдастырылғаны үшін шын жүректен алғыс айтты.

Дәулетқали АРУЕВ,
Меңдібай СҮМЕСІНОВ, Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.
Суреттерді түсірген  Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button