ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҮРДІСТЕРІ
Кездесу барысында Велла Антонио Қашаған мұнай-газ кенішін игеруге байланысты жоба аясында қызметтерінің аяқталғанын айтып, осынау уақыт аралығында үнемі қолдау білдіріп келген облыс басшысына алғысын білдірді.
— ЭНИ компаниясы Қазақстанда бірнеше жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Тоқсаныншы жылдардан бері компания қызметімен жақсы таныспын. Жобаның алғашқы кезеңінен-ақ кез келген мәселе бойынша қолдауымызды аяған жоқпыз. Туындаған қиындықтарға қарамастан, біз қойылған міндетті бірге шешуге тырыстық, — деді аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Сондай-ақ, облыс басшысы Каспий Құбыр консорциумының Бас директоры Н.Г.Бруничті қабылдап, компанияның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде кеңінен әңгімелесті. Бас директор мұнайлы өлке басшысымен кездесу барысында алдағы жоспарларымен бөлісіп, Қара теңіз жағалауындағы Новороссийск қаласына мұнай шығаруға мүмкіндік бар екендігін айтты.
Облыс басшысы компанияның өңірдегі әлеуметтік саланың дамуына көрсетіп отырған қолдауларын жоғары бағалады.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.