Қызылқоғада малға 140 мың тонна азық дайындалды
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметтеріне қарағанда, биылғы мал қыстату науқанына 29100 бас мүйізді ірі қара, 99447 қой-ешкі, 10500 жылқы, 1500 түйе түскен. Оларға қажетті қыстық мал азығының қоры 141500 тоннаны құрап, жоспардағыдан 112 пайызға артығымен орындалған.
Аса маңызды да жауапты маусымға тыңғылықты даярлық жасап, ойдағыдай өткізілуіне өңірдегі шаруашылық құрылымдарының бәрі дерлік атсалысып, өзіндік үлестерін қосуда. Солардың арасынан «Жаңақұдық» қыстағынан қоныс тепкен «Нұрлы дала» агрофирмасын айрықшалап атауға болар еді. Осы топырақтан шыққан белгілі кәсіпкер Мұрат Сармановтың жетекшілігіндегі бұл шаруа қожалығының бағымында бүгіндері төрт түліктің бәрі бар. Еңбектері табысты, жағдайлары да жақсы. 2009 жылы құрылған шаруашылықта қазіргі уақытта қой-ешкінің басы мыңнан асса, 300-ге жуық жылқы мен жүздің үстінде сиыр бар. Жыл санап кәсіптерін дөңгелентіп, нәсібін тапқан шаруагерлер «Алтын асық» және «Құлан» мемлекеттік бағдарламаларына қатысып, мал тұқымын асылдандыруға бет бұрып, 450 бас қой мен қошқар, 30 бие мен үш айғырды сатып алған. Жүріп-тұратын көліктері мен науқандық жұмыстарға пайдаланатын техникалары да жеткілікті.
«Мал баққанға бітеді» демекші, күтіміндегі түліктердің бабын тауып, бағымын келістіріп, шаруасын үйлестіріп жүрген үлгілі шаруашылық құрылымдарының санатында «ЖКО» (жетекшісі Ерболат Байгелдин), «Тоқмырза» (Кәдір Қарин), «Жандос» (Теміржан Құбанов) шаруа қожалықтарын атаған ләзім.
Дәулетқали Латифұлы
Қызылқоға ауданы.