Қызылқоғада қара шегірткелер қаптап жүр?
Қызылқоғалықтарды қатты алаңдатқан жайттың тағы бірі – жасыл желектің жауы атанған қара шегірткенің қаптауы.
Аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Жауғаштыұлының мәлімдеуінше, мамыр айының соңы мен маусымның ортасына дейінгі аралықта (бас-аяғы 20 күнде) Ойыл ауылдық округіне қарасты Жасқайрат елді мекенінің аумағын «итальяндық прус» деп аталатын үйірлі шегірткелер қаптап, біраз әбігерге салған. Сөйтіп, осындағы мал азығы дайындалатын шабындықтар мен көкөніс-бақша өнімдері өсірілетін егіндік алқаптарды отап, айтарлықтай кеселін тигізді. Құмда жұмыртқалаған зиянкестердің тез жетіліп, өсіп-өнуіне құрғақшылық пен ыстық «оң әсерін» тигізген сыңайлы.
Тайсойған мен Бүйрек құмдары аралығын жайлаған ауданда бұл жыл сайын қайталанатын жағдай екен. Дегенмен, оған қарсы «Фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РМК Қызылқоға аудандық филиалы мамандарының нұсқауымен биыл жалпы ауданы 11000 гектар жерге химиялық өңдеу (шегірткеге қарсы улау) жұмыстары жүргізілген. Оның 1500 гектары «Қазавиа» ЖШС-нің тікұшағы (дельтаплан) арқылы әуеден бүрку жолымен атқарылса, қалған 500 гектары арнаулы көліктердің көмегімен қамтылған.
Сала мамандарының түсіндіруінше, алынған шаралар тиімділігін көрсеткенімен, ауа температурасының күрт жоғарылап, топырақ қабатының шамадан тыс қызып кетуі зиянкестердің қайтадан «тіріліп, бас көтеруіне» әсер етуде. Сол себепті де, «қанатты жаулардың» алғашқы легіне тойтарыс берілгенімен, ауа райы ыссы болғандықтан, құмды өңірді мекендейтін үйірлі жәндіктердің кейін шегінер түрі көрінбейді.
Дәулетқали АРУЕВ