Қызылқоға ауданында мал ұрлады деп күдіктелген жігіт қамауға алынды
Қызылқоға ауданында мал ұрлады деп күдіктелген жігіт қамауға алынды. Ол бір емес, бірнеше мәрте қылмыстық әрекет жасады деп айыпталып отыр.
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлайды. Іс құжаттарына сәйкес, 21 жасар жігіт биылғы жылдың 13 қазанында құрықталып, оның үстінен 7 факт бойынша іс көтерілген. Алайда олардың барлығы сараланып, Қылмыстық Кодекстің 188-інші бабы, 2-інші бөлігі, 3-інші тармағымен бір өндіріске біріктіріліпті.
Тергеу кезінде күдік келтіруге кейбір эпизодтар бойынша айғақ заттардың болуы, айыпталушының тұрақты тұрғылықты жері болмауына байланысты қудалау органынан немесе соттан жасырыну мүмкін екені ескеріліп, оны қамаққа алу бойынша прокурор мен тергеушінің өтінішхаты түскен.
Сөйтіп, тергеу судьясының қаулысымен күдікті жас жігітке қатысты 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді.
Айдос Қарабала