«Қыз Жібекке» – 45 жыл
Атырауда кино мерейтойы аталып өтті
Даңқты махаббат дастанының желісімен дүниеге келген «Қыз Жібек» кинофильмінің мерейтойы тұңғыш рет Жібектің тарихи Отаны – Ақ Жайықта өтті. Әйгілі фильмде басты кейіпкерлерді сомдаған КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Құман Тастанбеков пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешева Атырау өңіріне келіп, жұртшылықпен кездесу өткізді.
Жылы шырайлы жүздесуге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, мәртебелі меймандарға қазақы дәстүрге сай иықтарына шапан жапты.
— Жуырда Атырауда өткен ақындар айтысында Асанәлі ағама ұлы даланың дастанынан негіз алған «Қыз Жібек» фильмінің экранға шыққанына 45 жыл толатындығын айтып, мерейтойды өткізуге ұсыныс жасаған едім. Асанәлі ағам бастап, Құман аға мен Меруерт апа қабыл алды.
Қазақ халқын әлемге танытуға үлес қосқан «Қыз Жібек» фильмінің желісінде тарихымыз көрініс табады. Сол дәуірдегі батагөй ата-бабаларымыз, хас батырлар, өткір тілді шешендер мен билерді дәріптейді. Үлкен мен кішінің құрметі, жастардың арасындағы сезім де көрініс табады. Оның ішінде адалдық та, тәртіп те бар. Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық рухты көтеруге осы «Қыз Жібек» дастаны және оның желісі бойынша түсірілген кинофильм үлес қосады. Өйткені, кинода қазақтың дарқан даласын, халқының көрегендігін, сәні мен салтанаты келіскен тұрмыс кешкендігін көрсетеді. Сондықтан, жылдар өткен сайын фильмнің маңызы биіктей береді. Елдің ел болуына, халықтың сақталуына, ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына зор септігін тигізеді, — деген Нұрлан Асқарұлы туындыны шығаруда еселі еңбек сіңірген шығармашыл ұжымға ризашылығын білдірді.
Кеш қонақтары шара барысында «Қыз Жібек» фильмінің шығу тарихы туралы сыр шертті. Кеңес дәуірінде мұндай туындының жарық көруіне кедергілер аз болған жоқ. Қазақ елінің сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров, композитор Нұрғиса Тілендиевтей белгілі тұлғалардың ұсынысымен қолға алынған фильмнің ойдағыдай шығуы үшін режиссері Сұлтан Қожықов, суретшісі Гүлфайруз Ысмайловамен бірге барлық әртістер табанды еңбек етті. Меруерт Өтекешеваның еске алғанындай, сол кезде оныншы сыныпты жаңа ғана бітірген жас актриса Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуарбек Молдабеков, Асанәлі Әшімов сынды әріптестерінен көп нәрсе үйренген.
Сондай-ақ, ол өнеріне құрмет көрсетіп, үлкен той жасаған Атырау облысы әкімдігіне, ұйымдастыру жұмысын жоғары кәсіби деңгейде алып шыққан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшылығына алғыс айтты. «Мен ең бақытты жанмын. Өйткені, еңбек жолымды он жеті жасымда үлкен форматтағы кинодан бастадым. Енді ғана өнердің даңғыл жолына түскен жас қыздарға айтарым, еш қиындыққа мойымай, бәрін жеңуге тырысыңдар. Өздері-ңізге деген сенім ғана жетістікке жетелейді», — дейді Меруерт апай.
Кездесу барысында өзін Атырау жұртына күйеу бала ретінде таныстырған Құман Тастанбеков басын иіп, сәлемін жолдады. Сахнада мәңгілік махаббат айғағындай Мұхтар Шахановтың «Махаббат жыры» әнін тамылжыта орындап берді.
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, аңызға айналған тұлға Асанәлі Әшімов толғанысын әсерлі әңгімемен жалғады.
— Бүгін жерлестерімнің алдында қобалжып тұрмын. Адам жоғары дәрежеге жеткенде де қуаныштан қобалжиды екен. Сіздердің бізге деген ықыластарыңыз мерейімізді одан әрі үстем етті. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Осыдан қырық бес жыл бұрын фильмге түсетін бес жүзге жуық қыз өз бағын сынап көрген еді. Солардың ішінен алдарыңызда тұрған Меруерт қыз лайық деп танылды. Оның теңі Төлеген, Бекежанның да сол ғасырға лайық түрі мен бет-пішініне қарай әртістер шықты. Әсіресе, фильмдегі қыздар алғашында атқа отыруды білмейтін еді. Оларды ипподромға апарып үйреттік. Кейін кинода Меруерт атқа емін-еркін отыратындай болды. Тіпті, екі қолын жіберіп шабатындай жағдайға жетті. Кино үш жыл бойына түсірілді. Сол шығармашыл топтың ішінен бүгінгі күнге жеткен үшеуміз ғана қалдық. Фильмнің түсірілуіне еңбек сіңірген ұлы тұлғалар бүгінде арамызда жоқ. Бірақ, есімдері мәңгіге жазылып қалды. Күні ертең оларды ұрпақ таниды, — деп сол кезді еске алды.
Асанәлі Әшімов бұл фильммен Францияда болғанын әңгімеледі. Айтуынша, француздардың салты солай, киноға кіріп-шығып жүріп қарай береді екен. Оларда біздегідей бай халық ауыз әдебиеті жоқ, түсінбей, салғыласа бастады. Содан кейін, дәстүрімізден хабары бар, біреуі шығып, қазақ әртістерімен сөйлесіпті. «Сонда қалай, өзінің сүйгені Төлеген болды ма? Оған қарағанда Бекежан жақсы еді» деген пікірлер айтыла бастаған. Соңында, француздар қазақтың мәдениетіне, адамгершілігіне таңданыспен қараған еді. Міне, кино халықпен халықты жақындастырады. Бұл оқиғаның болғанына да қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Қызығы сол, фильмдегі Төлеген мен Қыз Жібек шынайы өмірде де қосылды.
Расында, кино мерекесі бұрынғы тойлардан ерекше өтті деуге негіз бар. Жергілікті әртістер мен өнерпаздар киноның экрандағы нұсқасын сол күйі баяндай отырып, тұлғалардың да бейнесін сомдады. Сонау Асан қайғы мен Қазтуған, Махамбет, Шалкиіз бабамыздың рухты жырлары кеште күмбірледі. Одан кейінгі тұтас композицияда Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббатын, бақытты өмір көріністерін айшықтады. Он бір көштің ішіндегі қырық қыздың арасынан Жібегін іздеген Төлеген, оның құрбылары, бәрі-бәрі сахнада үйлесім тапты. Қыз Жібектің аққулар қонған көлде алтын қайығымен серуендеуі Сарайшықта аңызға айналған Сүйімбикені де көз алдымызға әкелді. Режиссерлердің ұйғарымы бойынша, қайық әп-сәтте күймеге айналды. Бұл кезде сәні жарасқан көшке ерген қыз-жігіттер күлкісі мен ойыны, әні берілді.
«Қыз Жібек» жырының әуелгі бастауында шынайылық жатыр. Аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері – өмірде, осы біздің Жайық өңірінде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Төлеген мен Жібек, бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ, әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің қазасы мен Жібектің қайғылы тағдыры талай жанарларға жас үйірді. Бұл – махаббатқа соғылған еңселі рухани ескерткіш.
Қойылымның соңында қос ғашық тұғырға енеді. Бұл тұғырды көпшілік Қыз Жібек пен Төлегеннің ескерткіші ретінде қабылдады. Расында, қос ғашыққа арналып естелік қойылғаны дұрыс. Жастар жиі баратын мұндай қастерлі орын Жайықта болса, артық етпейді.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА
Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.