Қыз Жібек пен Төлеген Ақ Жайығына оралды
Салтанатты кеш «Қыз Жібек» киносының шығу тарихы туралы деректі фильмінің көрсетілуімен басталды.Бұдан кейін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов сөз алды: «Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәдениет саласына үнемі оң көзқарас, ықылас танытып келеді. Ол «Қыз Жібек» киносы арқылы танымал болып, өмірде де, өнерде де қол ұстасып қатар келе жатқан Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешеваны Атырауға шақыруды көптен жоспарлап жүрген болатын. Еліміздегі жұлдызды жұптардың ішіндегі бірегейі Құман ағамыз бен Меруерт апамызға аймақ басшысының шақыртуын қабыл алғандары үшін алғыс білдіремін. Ақ Жайыққа қош келдіңіздер!» — деп, сахна төріне шақырды.
Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева десек, ойымызға бірден қазақтың махаббат пен шынайы сезімінің символына айналған Төлеген мен Қыз Жібектің бейнесі оралатыны рас. 1970 жылы «Қыз Жібек» фильмі экранға шыққан соң, тағдырларын да бірге тоғыстырған жандар кеш барысында киноның шығу тарихы, отбасылық өмірлері туралы қызықты етіп айтып берді.
— Мен сіздерге күйеу бала боламын. Меруерт — Жайықтың қызы. Сондықтан, Ассалаумағалейкум, қайын жұртым менің! — деп, басын иіп, сәлем еткен ҚР Халық әртісі Құман Тастанбеков облыстық филармонияға Нұрмұхан Жантөриннің есімін берген Атырау жұртына алғыс білдірді.
— Бұл киелі ордаға Нұрмұхан ағамның есімі беріліпті. Бұл — ең алдымен, халықтың ниеті. Сондықтан, қатты қуанып отырмын. Нұрмұхан ағамен талай спектакльдерде бірге ойнадық. Атырауға да талай рет шақырып, теңіздің балығынан да дәм татқан едік, — деді ол тебіреніп.
Биыл түсірілгеніне 46 жыл толған «Қыз Жібек» фильмінің шығу тарихы туралы Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Меруерт Өтекешева айтып берді. Сол кезде халықтың жүрегіне жол тапқан фильмнің ойдағыдай шығуы үшін режиссер Сұлтан Қожықов, суретші Гүлфайруз Ысмайыловамен бірге барлық әртістер елеулі үлестерін қосқан.
— Оныншы сыныпты жаңа ғана бітірген мен үшін сол кездегі қазақ киносы мен театр өнерінің жарық жұлдыздары Сұлтан Қожықов, Фарида Шәріпова, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуарбек Молдабеков, Асанәлі Әшімов сынды әріптестерімен бірге өнер көрсетуім – менің ғажап бақытым болды, — деді актриса.
Кездесу барысында Құман Тастанбековке залдан «Меруерт апамызды алғаш рет көргенде қандай сезімде болдыңыз?» деген сұрақ қойылды.
— Көргеннен кейін сезімімді жасырып, біраз жүрдім. Көктем мезгілі болатын. Ғашықтық сезіміне бөлейтін кез ғой бұл. Кино түсіріліп жатты. Күнде ертесімен түсірілім алаңына келеміз, Меруерт – бір бұрышта. Ешкімге қарамайды. Тек қолындағы қағазына назар аударады. Өз жұмысына ерекше ыждағатты. «Осы мен қашанғы үндемей отыра беремін, үйіне бір шығарып салайыншы» деп ойладым. Жаңбыр жауып тұрған күн еді. Меруерт алда кетіп барады, мен қалай өзіме қарататынымды білмей еріп келемін. Қыз бұрылмайды. «Ай, бір аяғы тайып құлап қалса екен осы қыз» деп тіледім іштен. Бір мезетте шынымен де жерге оқыс құлап түсті. Жүгіріп барып, орнынан тұрғыздым. Тұңғыш рет қолын ұстап, ой бір қуанғаным-ай. Қалтамда бір рубль жүрген еді, таксимен үйіне апарып салып, тұратын жерін де көріп алдым, — деп, еске алды Құман Тастанбеков.
Өнер майталмандарының облысқа сапары осымен аяқталмайды. Кеше қонақтар өңірлік коммуникациялар қызметінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сұхбаттасты. Сонымен қатар, өлкеміздегі тарихи орындарды аралап, Махамбет ауданының жұртшылығымен кездеспекші. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауы жоспарланған. Бұл шаралар туралы материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Айгүл Ертілеу
Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Алғашқы кездесу кітапханадан басталды
Тұтас бір дәуірді сұлулық пен жан тазалығына тәрбиелеген, қазақ кино өнерінің шедеврі «Қыз Жібек» фильмінің жарық көргеніне де жарты ғасырға жуық уақыт болды. Осыншама жылдар керуенінде ару Жібек пен батыр Төлегеннің айнымас махаббатын сомдаған Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешеваның образдары қалың көрерменнің жүрегінде, жанарында мәңгілікке сомдалып қалды. Өйткені, олардың өздері де ХХ ғасырдың Төлегені мен Жібегі еді.
Алты Алашқа аңыз болған жұлдызды жұп қыркүйектің 9-да айдынды Атырауға сапарлап келді. Алғашқы қадамдарын адамзат тарихының құтханасы саналатын кітапханадан бастауы да заңды құбылыс іспетті. Облыстық Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында «Жұлдызды жұп – қазақ киносының мақтанышы» атты кітап көрмесінің тұсаукесері қадірменді меймандарға арнап өткізілді. Шараға облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Ә.Жоламанов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры А.Берғалиев, басқа да зиялы қауым өкілдері қатынасты.
Қазақ кино өнері және оның жарық жұлдыздарының өмірінен сыр шертетін көрмемен танысқан қонақтарға өлке мәдениетінің басшысы Әбіл Тауфиқұлы, кітапхана директорының орынбасары М.Сұлтанғалиевалар құттықтау лебізін білдірді. Қазақтың Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешева кітапхана ұжымына алғыс айтып, ескерткіш сый ұсынды.
Атырау жұртшылығы бұл шараны оның басты идеясын ұсынған облыс әкімі Н.А.Ноғаевтың руханиятқа жасаған зор сыйы деп қабылдады.
Әлия
Дәулетбаева