Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Қыз тәрбиесі – құндылық кілті» атты облыстық әйелдер форумы өтті (ФОТО)

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы басшылығы «Қыз тәрбиесі — құндылық кілті» деген тақырыпта облыстық әйелдер форумын өткізді.

ЕАС 195

Форум жұмысына қадірменді қонақтармен қатар, облысымыздағы орта білім беру ошақтары директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психолог-мамандар, ақылшы әпкелер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Олардың алдында облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Қанша айтсаң да, қанша жазсаң да жауыр болмайтын тақырыптың бірі әрі бірегейі қыз бала тәрбиесі екеніне толығырақ тоқталған Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің директоры, өнертану ғылымының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, облыстық мәслихат депутаты Гүлнара Сәдуахасова форумға арнайы шақырылған қадірменді меймандарға сөз берді.

ЕАС 117

«КІММЕН КЕТІП БАРАСЫҢ, ҚЫЗЫМ?!»

Ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева: «Тегінде қыз, әйел, ана болу оңай емес, ана болу — ең қиын мамандық, ал ең қиын тағдыр — ұлттың қызы болу. Бауырындағы баласы үшін түн ұйқысын төрт бөлетін ананың есейген ұл-қызы үйге жеткенше жарғақ құлағы жастыққа тимей алаңдайтыны да рас. «Қыздың жолы — жіңішке» демекші, қыз болып туу бір бақыт болса, ата-анаңның көңілінен шығып, оларды қуантып отыру екі есе бақыт.

ЕАС 253

Әлі есімде, біздің бала күнімізде бір көрші апай болды. Сол кісі кете-кеткенше қу басы соқайып өмір сүрді. Сөйтсек, ол тұрмысқа шығып, тойы өткеннен кейін соғысқа кеткен жарын өмір бойы күткен екен. Білесіз бе, ол күйеуімен бар болғаны он бес-ақ күн бірге тұрған! Осының өзінен біз қазақ қыздарының ерік-жігерінің мықтылығын, жарына деген адалдығын көреміз. Мен үш том кітап жазудан үш қыз өсіргенді, оларға үлгілі тәрбие бергенді артық көрген адаммын. Жас келе қырық жыл тұрған Алматыны тастап, елге келдім, туған Оралыма оралдым. Неге? Себебі, артымыздан желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарымызға ақыл айтар апа керек. Өкінішке қарай, қыздарымыздың бәрі бірдей емес. Олардың арасында өз өміріне жеңіл-желпі қарайтындар, аз күндік қызық үшін түрлі келеңсіз әрекеттер мен қылықтарға барып жүргендер кездеседі. «Ренессанс» қонақ үйіне кірсем, алдымнан итальяндық шалдың жанында жүрген көрерге көз керек сұлу қаракөзімді көрдім. Көрдім де, өзімді қоярға жер таппадым… Қайда кетіп барасың, қазақ қызы, әке-шеше арманы мен аманаты осы ма еді…

ЕАС 047

«ҚЫЗЫ ҚАНДАЙ БОЛСА, ҰЛТЫ СОНДАЙ БОЛАДЫ»

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры, ақын, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы: «Ауруын жасырған өледі» дейді аталарымыз. Жасырмайық. Қазіргі қыздар ұрпағына ажал себуші тажалға айналды! Өзінің бейкүнә сәбиін қоқысқа лақтыра салатын «мода» шықты! Айтыңыздаршы: ол қыздар қайдан шықты, аспаннан түсті ме?! Жоқ, әрине. Қыздар арасындағы жезөкшелік те «күн тәртібінен» бір түспеуде. Ал, оларды «пайдаланушылар» кімдер? Өкінішке қарай, олар да сырттан келіп жатқан жоқ: бірі ағамыз, бірі әріптесіміз, бірі қолында билігі бар кісі…

Қазіргі қазақ қыздарының мінез-құлқы, болмыс-бітімі — бәрі ала-құла. Көпке топырақ шашпайық десек те, қыз тәрбиесі әбден осалсыды. Еліміздің бір өңірінің мектеп жасындағы (жоғары сынып) қыз балаларын медициналық тексеруден өткізгенде, 300 (!) қыздың жүкті екендігі анықталған! Бұдан шығатын қорытынды қандай? Ол — «қызым — үйде, қылығы — түзде» деп, кейбір ата-ананың қызының тәрбиесіне мән бермеуінде, қыздың ұлт мақтанышы, ұлт абыройын сақтаушы екенін естен шығарып алуында. «Қызы қандай болса, ұлты сондай» деген тұжырымды әрбір қазақ, әрбір ата-ана естерінен шығармаса екен.

ЕАС 033

«ЕРКЕК ТҮЛКІ ТҮЗ САҚТАЙДЫ, ҰРҒАШЫ ТҮЛКІ ІН САҚТАЙДЫ»

ҚР Білім беру ісінің үздігі, этнограф, ақын, қаламгер-журналист, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының» академигі, «Киелі кимешек» қоғамдық қорының төрайымы Ғалия Аюпкеліні: «Рас, «ұлтты қыз сақтайды, қызды жұрт сақтайды». Қыздарына төрден орын беріп, үкілеп өсірген халқымыздың бүгінде көңілі алаң. Себебі, оң босағада отырып, жүкті болған қыз көбейді.Осыдан келіп көпшілік қызды сөкті. Тереңірек ойланып көрсек, бұған тек қыздар ғана кінәлі ме? Неге бұл істен жігіттер жағы сырт, үнемі тасада қалады. Меніңше, қазір көкек-аналармен бірге әтеш-әкелер де көбейген. Тастандылар тағдырына осындай ерлер де бірдей кінәлі.

…Азамат — балалар үйінде тәрбиеленген жас жігіт. Шарқ ұрып, анасын табады. Бірақ, анасы ұлынан бас тартады. Араға кейбір адамдардың араласуымен анасының оны мойындауына тура келеді. Сонда Азамат: «Сізден маған ештеңе де қажет емес. Тек тегімнің (әкемнің) кім екенін айтыңызшы?» — деп жалынады. Бұдан шығатын қорытынды: бала үшін тегін білудің маңызы зор. Қазір қаншама жалғызілікті ана бала тәрбиесімен бір өзі айналысып жүр. Соның өзінде оның ұлы не қызы туған әкесін аңсайды, іздейді, көрсем деп армандайды. Сондықтан да, айналайын ұлдар, әйелге —  ес, елге сес болатын азамат болыңдаршы!

ЕАС 010

«ЖІБЕКТІҢ СІҢЛІЛЕРІ» КӨП БОЛСЫНШЫ»

Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің «Қыз Жібек» клубының мүшесі Маржан Ахтаева: «Біздің оқу орнында «Қыз Жібек» клубы бес жылдан бері жұмыс жасап келеді. Клубтың мақсаты айқын, ол — еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас қыздарға өнегелі де өрісті тәрбие беру, қазақтың әже, апа, ана, енелерінің бойындағы ең ізгі қасиеттерін қыздардың бойына дарыту. Сол үшін тәлімі мол мәдени-көпшілік іс-шараны қыздарды қатыстыру арқылы жүзеге асыру, бүгінгінің Қыз Жібектерін өсіру. Қуаныштысы сол, осындай клубтар қазір Атырау жоғары және орта оқу орындарында да жұмыс жасауда. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, жер-жердегі «Қыз Жібек» клубы жетекшілері атына заты сай ибалы да инабатты нағыз қазақ қыздарын тәрбиелесе, еңбектерінің жанғаны болар дейміз.

ҚОРЫТЫНДЫ: Екі күндік әйелдер форумында түрлі семинар-тренингтер өтіп, ол Жылыой және Исатай аудандарында жалғасты. Оған қатысушыларға арнайы сертификаттар мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Атыраулық қыз-келіншектер мен әйел-аналар осы форум жұмысына арнайы келіп, өздерінің білім-біліктерімен, іс-тәжірибелерімен, ақыл-кеңесімен бөліскен аса құрметті меймандарға өздерінің жүрекжарды алғысын білдірді.

ЕАС 087

ЕАС 103

Лиза СЕЙТІМОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button