Қытайлық азаматтар Атырау әуежайында дөрекілік көрсетті
Қытайдың екі азаматы Атырау – Астана рейсінен түсірілді. Жолаушылар өздерін дөрекі ұстап, тіркеу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған.
Шу шығарғандар туралы Air Astana әуекомпаниясының өкілдері Атырау әуежайындағы желілік полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне хабарлаған. Қызметкерлердің айтуынша, жолаушылар мас әрі дөрекі болған, ескертуге құлақ аспай, әуежай жұмысшыларына тіл тигізіпті. Тексеру барысында анықталғандай, 40 және 50 жастағы екі қытай азаматы тәртіп бұзған екен. Көліктік полиция қызметкерлері оларды рейстен түсіріп алды. Екеуі де орташа деңгейде мас болыпты. Полицейлер олардың әрқайсысына 5 АЕК (12 625 теңге) көлемінде айыппұл салды. Атырау қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты да тәртіп бұзушыларды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді.